«Эрсад-2021» – бірегей кәсіпорын
Үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс», деген еді. Президент тапсырмасын орындау бағытында Жамбыл өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Жамбыл өңірінің өнеркәсіп саласы туралы сөз болса, ойымызға бірден «Қазфосфат» ЖШС мен «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты келетіні рас. Сол «Super Pharm» ЖШС-на қарасты зауыттың қасынан бой көтерген «Эрсад-2021» кәсіпорны да бірнеше жыл бойы медицина саласына қажетті бұйымдарды үздіксіз шығарып жатыр. Пандемия кезінде құрылысы басталған өндіріс ошағының басшылары 2022 жылы жұмысты нақты бір жолға қойып, жылма-жыл өнім көлемін арттыруға басымдық берді.
– 2022 жылы жұмысын бастаған бұл кәсіпорын мұнай өнімдері қалдықтарынан медицина, құрылыс, ауылшаруашылығы және автожол саласына қолданылатын экологиялық таза тоқыма емес мата материалын өндіретін бірден-бір зауыт саналады. Кәсіпорын басшылары жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып жатыр.
Зауыт ұжымы былтыр 308,2 тонна яғни, 278,3 миллион теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс ошағы ашылғалы бері мемлекеттік бюджетке 99 миллион теңгеден астам салық төледі. Бұл кәсіпорын басшылығы мен жұмысшылардың еселі еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр, – дейді Жамбыл ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай.
Бірнеше жыл бұрын жаңа зауыттың ашылу салтанатында сөз алған «Super Pharm» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаев кәсіпорын жұмысын жүйелеуге сол кездегі пандемияның айтарлықтай әсер еткенін айтқан еді. Қысылтаяң шақта жаңа істі қолға алған серіктестік басшысы бірінші кезекте шикізатқа деген тәуелділікті жоюды мақсат тұтқан.
– Енді біз өндіріске қажетті шикізат үшін көршілес мемлекеттерге тәуелді болмаймыз. Уақытында айтарлықтай қиындықтармен бетпе-бет келгеніміз рас. Оның несін жасырамыз? Шикізат жетеді дегенше уақыттан ұтылдық. Жолымызды бөгеген мәселелер болды. Сол уақытта қажетті құрылғыларды сатып алып, жедел іске кірістік. Мәселен, жол құрылысында бетонның астына салынатын матаны өндіруді ойластырдық. Сондай-ақ жиһазды қаптайтын маталарды өндіру жағын да қарастырдық. Ал, медицинаға қажетті бұйымдар ілгеріден бері өндіріледі ғой, – дейді Қ. Қаймолдаев.
Қуат Ошақбай келтірген мәліметке сүйенсек, «Эрсад-2021» кәсіпорны медицина саласында бір рет қолданылатын (спанбод) тоқыма емес мата өндіреді. Өнім жұқа полимерлі жіптен жасалатын көрінеді. Сонысымен сапалы деседі.
– Жоғарыда айтылған материалдан медицина саласына қажетті арнайы бірреттік киім тігіледі. Бұдан бөлек, аяқкиім, медицина қызметкерлеріне арналған қалпақтар мен халаттар, бетперде, төсеме өндірілетінін айта кеткен жөн шығар.
Жалпы алғанда, зауыт қызметкерлері шығаратын өнімдерді сала мамандары сапа тұрғысынан жоғары бағалаған. Түрлі тәсілдер арқылы жасалатын бұйымдардың залалсыздандыру қабілеті жоғары деседі. Суды дер кезінде қайтарады екен. Сонымен қатар, ауаның өтуіне мүмкіндік тудырады, – дейді Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Ошақбай.
Ресми дерекке жүгінсек, «Эрсад-2021» зауытында қазіргі кезде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақысы – 300 мың теңге. Сондай-ақ кәсіпорын басшылары жұмысшыларды ыстық тамақпен қамту, оларды арнайы қоғамдық көлікпен тасу жұмысын жолға қойған. Бір сөзбен айтқанда, зауыт қызметкерлерінің алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай қарастырылған.
Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорын өндіретін өнім көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Зауыт басшылығы бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Олар келтірген дерекке сенсек, өндірілген өнімді негізінен Шымкент, Алматы, Тараз секілді өзге де бірнеше қаладағы мекемелер тұтынады.