Жұлдыз жорамал: 25 ақпан мен 3 наурыз аралығы

0 30

Тоқты (20.03 — 19.04)

Көңіл күйіңіз жоқ болса, сүйікті ісіңізбен шұғылданыңыз. Отбасыңызға көңіл бөлуді де ұмытпаңыз. Қолыңыз тигенде көзге оғаш көрініп жүрген артық ескі заттардан құтылған дұрыс. Кез келген жұмысқа жауапкершілікпен кірісіп, мақсатшылдығыңыз арқылы ғана қол жеткізе аласыз. Ұжымдағы басшылармен жақсы қарым-қатынас табысқа жетуіңізге ықпал етеді. Бірақ, асыра сілтеудің қажеті жоқ.

Торпақ (20.04 — 20.05)

Өміріңізде күтпеген жайттар болуы мүмкін. Өсек-аяң айтылып жатқан жерден құлағыңызды жауып өткен жөн: таяқтың бір ұшы тиіп кетпесін. Әлдебіреу сізді жамандап жатса, немқұрайлы кейіп танытқаныңыз жөн. Дос-жарандарыңыздан түрлі ұсыныстар түсуі мүмкін. Іскерлік мақсатта болса талқылаудан еш тартынбаңыз. Тек есіңізде ұстауға тиіс жайт, бірыңғай жұмыс бабымен жүріп, сүйіктіңізді ұмытып кетпеңіз.

Егіздер (21.05 — 20.06)

Өзіңізге сенімді болсаңыз, болашаққа жоспар құруға қолайлы кез. Бәлкім, ұзақ жолға іссапарға барып қайтасыз. Апта соңында бітпейтін үй шаруасын былай қойып, жақсылап тынығып алыңыз. Қарызға, несиеге немесе сақтандыруға қатысты мәселелерді шешудің оңтайлы уақыты. Аптаның екінші жартысында аяқ асты жол жүріп, жоқ жерден шығындалып қалуыңыз мүмкін.

Шаян (21.06 — 22.07)

Мазасыздық пен асығыстық жұмысыңызға кедергі келтіруі мүмкін. Бос уақытыңызды балаларға арнаған ләзім. Көпшілік бастаған ісіңізге күмәнмен қараса да өз бағытыңыздан таймаңыз. Қазір рухани және интеллектуалдық ізденістерге бет бұрғаныңыз жөн. Көркем әдеби кітаптар оқысаңыз тіптен ғанибет. Апта ортасында ескі танысыңыз қоңырау шалып, әлдеқандай ұсыныс айтады.

Арыстан (23.07 — 22.08)

Алдағы апталарда жаңа таныстықтар күтіп тұр. Іскерлік сипатта болса, кездесу күнін сәрсенбіге бекітіңіз. Үй шаруасына да уақтылы көңіл бөліңіз, әйтпесе кейін аяқтаймын деп үлгермеуіңіз ғажап емес. Материалдық жағдайыңыз қазір басқа адамдарға тәуелді. Бәлкім басшылық жалақыңызды жоғарылатады, яки болмаса ықпалды серіктестер табасыз. Мұрагерлік, алимент, сақтандыру, салық, несие сұрақтары бойынша мәселерді біржақты етуге болады.

Бикеш (23.08 -22.09)

Апта басында қаржылық қиындықтарға ұшырайсыз. Дегенмен, отбасы мүшелері мен достарыңыз көмекке келеді. Денсаулығыңызға немкетті қарамаңыз, қазір жер-жерде тұмау өршіп тұр. Аптаның екінші жартысы ұзақ сапарларды жоспарлауға қолайлы. Жоқ жерден шығын әкелетін істерден мейлінше аулақ жүруге тырысыңыз. Демалыс күндері дүкен аралап, таза ауада серуендеп қайтуға болады.

Таразы (23.09 — 22.10)

Махаббат алауына күйгіңіз келмесе, өмірлік серігіңізді таңдауда нақты шешім қабылдаңыз. Таразыларға бұл кезең жағымды жаңалықтар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Күтпеген жерден айлығыңыз көтерілуі мүмкін. Тосынсыйларға дайын болыңыз. Көпшілігіне жағымды жаңалық болса, дәл сіз үшін керісінше болуы мүмкін. Қиындықтарға тап болсаңыз, отбасыңыздан көмек сұрауға еш қысылмаңыз.

Сарышаян (23.10 — 21.11)

Ақпан айының 25-і күні болатын оқиғалардың бірі өміріңізді сәл де болсын өзгерте түседі. Жұлдыздар қазір дүкен аралап, сауда жасауға қолайлы сәт екендігін ескертеді. Достармен кездесуді кейінге қалдырып, отбасыңызға көңіл бөлгеніңіз абзал. Апта басында жұмыстан кешікпеуге тырысыңыз,  басшылық қалт еткен қимылыңызды бақылап отыр. Кәсіби шеберлігіңіз мәнсап баспалдағымен өрлеуге себепші. Біреу-міреу қарыз сұраса, бас тартқаныңыз жөн.

Мерген (22.11 — 21.12)

Жалқаулық жарға жығып жүрмесін. Бастаған ісіңізді сол күні-ақ тындыруға дағдыланыңыз. Алайда, жұмыс-жұмыс деп достарыңызды естен шығармаңыз, таяу күндері олардың көмегі ауадай қажет болуы мүмкін. Қандай істі қолға алсаңыз да тек оң нәтиже күтесіз. Сондықтан әр уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз. Арақ-шарапқа әуестенбеген жөн, әйтпегенде ескі сырқатыңыз сыр беруі ғажап емес.

Тауешкі (22.12 — 20.01)

Жұлдыздар 26-28 ақпан аралығында жақын адамдарыңыздың қолдауына жүгінуге кеңес береді. Қаражат қиындығы сәл қыспаққа алуы кәдік. Десе де, апта соңында жағдай тұрақтанады. Кез келген істі бастарда жақындарыңызбен кеңесіп алсаңыз әбестік болмас. Жалпы, қазір жаңа жоспар бекітудің еш реті жоқ, әлі талай өзгерістер болуы мүмкін. Ақша жағына келгенде сәл үнемдеп, орынсыз жұмсаудан аулақ болыңыз.

Суқұйғыш (21.01 — 18.02)

Әріптестер мен басшыларды таңқалдыратын талай мүмкіндігіңіз болады. Кейде өз әлеуетіңіздің әріде жатқанын байқатып қойған абзал. Демалыс күндері табиғат аясында серуендеп қайтыңыз. Айналаңыздан ешқандай өзгеріс күтпеген жөн. Одан да бос уақытыңызды отбасыңызбен өткізіп, жарқын естеліктеріңізді көбейтіңіз. Барлығын қатырамын деп ешкімге уәде бермеңіз, әлдене дұрыс болмай қалуы мүмкін.

Балықтар (19.02 — 19.03)

Жақын адамдарыңыздың кей сөзі көңіліңізге келуі мүмкін. Не болса да жүрегіңізге жақын алмаңыз. Бос уақытыңызды барынша тиімді өткізіңіз: көбірек кітап оқып, қызықты үйірмелерге қатысыңыз. Жеткен жетістіктеріңізбен шектеліп қалмауға тырысыңыз. Сәттілік те әркез серік болмақ. Қомақты қаржылық шығындарға тап болмауды ойласаңыз, осы бастан бизнес-жоспарыңызды тағы бір шолып шығыңыз.