Қариясы бар ел азбас

0 8

«Қазыналы қария – тұнып тұрған дария» деген сөзді қазақ текке айтпаса керек. Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Қариясы бар ел азбас» тақырыбында келелі жиын өтті. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен бұл жиында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері бас қосты. Кездесудің өтуіне аталған орталықтың ішінен жаңадан ашылған «Дәстүр мен өнер бөлімі» ұйытқы болып отыр.

Жиында облысымыздағы ұлттық құндылықтарға байланысты дүниелер, жастарға өнеге болатын тәлім-тәрбие төңірегіндегі мәселелер талқыланып, ұйымдастырушылар мен ақсақалдар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.

– Облыс әкімінің тапсырмасымен аталған орталықта «Дәстүр және өнер бөлімі» ашылып отыр. Бөлімге көптеген тапсырмалар жүктелген. Бөлімнің басты мақсаты яғни, бірінші кезекте ақсақалдар институтын дамыту, қарияларға көмектесу, жәрдемші болу. Екінші, ана-әжелермен бірлесе жұмыс жүргізу, үшіншісі, той мәдениетін қалыптастыру. Бөлімнің атқарар жұмыстары осы негізгі үш бағыт бойынша жалғаспақ. Сондықтан да ардагерлер кеңесімен әрі қарай бірлесе жұмыс істеу мәселесін ақылдасуды жөн көріп отырмыз. Әрине, сіздердің әрқайсыларыңыз қоғамдық әр саланың майталманы, кәнігі тәжірибелі маманы болғандықтан, өздеріңіздей аға буынды арнайы шақырып кеңесуді жөн көрдік. Бұдан әрі сіздермен бірлесіп қоғамға пайдалы іс-шараларды өткізсек, сіздерге әрқашан да көмекші болып игі бастамалардың басы-қасында табылсақ деген пікірдеміз. Қазір әлеуметтік желінің кеңге құлаштап қанат жайған дәуірі. Барлық дүниелер қоғамға осы әлеуметтік желілер арқылы таралып жатыр. Сондықтан да ардагерлер кеңесінің қоғамдық іс-шараларын дүйім жұртшылыққа әлеуметтік желі парақшалары арқылы таратып, насихаттауды руханият орталығы өз міндетіне алса дейміз. Сондай-ақ Шераға орталығы облыстық ардагерлер кеңесімен меморандумға отырып, өңіріміздегі қоғамдық мәдени іс-шаралар мен жұмыстарды бірлесе атқарсақ деген ниеттеміз, – деді орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық.

Жиында облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев сөз алып, қазіргі жастар мәселесіне тоқталып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді насихаттау қажет екенін атап өтіп, пікірі мен ұсынысын ортаға салды.

– Шераға орталығынан ашылып отырған жаңа бөлім бізді қуантып отыр. Қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтар мен салт- дәстүріміздің нәрімен тәрбиелеу үрдісі құрдымға кетіп бара жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Осыны ескере отырып ашылған жаңа бөлімге сәттілік тілейміз. Біз орталықтың ұсынысымен әрқашанда келісімге келіп, жас ұрпақ тәрбиесі болсын, басқа да қоғамдық іс-шараларды бірге атқаруға дайынбыз, – деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қонысбай Ілиясов.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері Оңласын Есіркепов, Сәрсенбай Күзербаев, Дүйсенәлі Бықыбаев, Жұмабек Талғат, Тұрсынхан Толқынбайұлы сияқты ардагерлер өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.