Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі

0 34

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» тақырыбында жастар форумы өтті. Облыс әкімдігі, полиция департаменті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, құзырлы орган өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.

Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялаған. Осы орайда ұйымдастырылған тағылымды іс-шара қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер суреттелген сахналық қойылыммен бастау алды. Бұдан әрі есімі елге белгілі өнер майталмандары ұлт зиялыларының рөлін сомдап, жастардың санасына сәуле түсірді. Залды ерекше әсерге бөлеген әртістердің шеберлігі мен таланты көрермендерді тәнті етті.

Жастардың тәрбиесі, қоғамдағы орны мен болашағы талқыланған жиында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы жастарды шынайылыққа тәрбиелеп, туған жеріне қызмет етуге баулу басты назарда екенін айта келе, жалынды жастарға ізгі лебізін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы жастардың қолында дей отырып, өз сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал, оқушылар мектеп бітіргенде ең алдымен адал азамат болып шығуы керек деген болатын. Бүгінгі таңда еліміздің жастары заман талабына сай жасампаз әрі рухты. Әсіресе, жастарды шындыққа тәрбиелеп, туған жеріне мейлінше қызмет етуге баулу басты назарда болуы тиіс. Тәрбиелі жастардың қоғам алдындағы маңызы орасан зор.

Себебі, жастар бір-біріне қарап бой түзеп, қоғамға өздерін бейімдеуі қажет. Бүгінде облыста 355 мыңнан астам жас бар. Олар облыс халқының 29 пайызын құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысымен 25400 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, жыл басынан бері 1670 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 224 жас маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 4,8 миллиард теңге бюджеттік несие берілсе, 487 жас маманға 180 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. «Ауыл аманаты» жобасына 582 жас қатысып, олардың жеке кәсіпкерлігін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 3,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Ал, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасымен 140 жас баспанамен қамтылды. Бұлардың барлығы мемлекеттің жастарға деген қолдауы болып табылады. Адал еңбек етіп, табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында болса, тәрбие орнайтыны сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан, тәрбиеден бастау алады. Ендеше, әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір жас адал азамат болуға ұмтылуы қажет, – деді облыс әкімі.

Форумда сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев орамды ойларын ортаға салып, жастарға құқықбұзушылықтың зардабы ауыр болатын ескертіп, жаман әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Сондай-ақ арнайы шақырылған спикерлер – белгілі спортшы, Парламент Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты, ережесіз жекпе-жектен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ардақ Назаров, танымал журналист-блогер Өркен Кенжебек, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абай Қалшабек және белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы сөз сөйлеп, жастар тәрбиесін күшейту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын нығайтып, жалпы отбасы құндылықтарын арттыру, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу жайында кеңінен әңгімеледі.

Форум соңында ұлттық дәстүрге негізделген патриоттық әндер шырқалды.