«WhatsАpp» мессенджерінде ортақ топ құрылды

0 6

Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Аталған жыл аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын-үй шаруашылық коммуналдық бөлімінің қызметшілерімен тығыз жұмыс жасайтын болады.

Осы орайда Тараз қаласындағы Мәдениет үйінде қала тұрғындарының, учаскелік полиция инспекторларының, округтердің бас инспекторларының, коммуналдық қызмет бақылаушыларының қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті.

Онда облыс Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков, Тараз қаласы полиция басқарамасының бастығы Ардақ Мадимаров жаңа жүйе туралы жан-жақты айтып берді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында полиция қызметкерлері экологиялық заңнаманы бұзу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шараларды күшейткенін, бұдан былай коммуналдық бақылаушылар (контролер) үйлерді аралау кезінде учаскелік инспекторларға рұқсат етілмеген қоқыс орындары, өз қоқыстарын дұрыс емес жерлерде қалдырған тұрғындар туралы бірден хабарлайтынын жеткізді.

Бауыржан Жанаев Департамент бастығының тапсырмасымен «WhatsАpp» мессенджерінде қала тазалығына жауапты тұлғалармен тиімді байланыс орнату мақсатында ортақ топ құрылғанын атап көрсетті.

— Департамент бастығының тапсырмасы бойынша мен осы чатта жеке өзім боламын. Біздің қызметкерлер барлық сигналдарға жауап береді. Бірлескен күш-жігерімізбен ортақ қаламызды таза әрі қауіпсіз етейік, — деп жиынды қорытындылады Бауыржан Жанаев.