Таразда жаңа автобус бағыттары ашылды

0 12

Тараз қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес шаһар аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылғаны белгілі. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков осы елді мекендердің тұрғындарымен кездесу барысында қоғамдық көлік мәселесіне айрықша назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген еді.

Соның нәтижесінде қала құрамына енген Талас стансасы мен Талас ауылына тұрғындар сұранысына байланысты жаңа автобус бағыты ашылды. Іске қосылған №62 бағыт Талас стансасы мен Талас ауылынан әрі қарай «Қарасай» алқабы, Автовокзал және Автопарк аумағын қамти отырып, «Ауыл береке» базары аралығында қатынайды. Аталған бағытқа жүру жиілігі 15 минуттан. Төрт жаңа автобус таңғы сағат жетіден кешкі сағат сегіз  жарымға дейін қызмет көрсететін болады.

Жалпы алдағы уақытта осы екі ауданнан қосылған елді мекендер бойынша қызмет көрсететін бағыттардағы кесте санын арттыру арқылы жүру жиілігін қысқарту және қосымша бағыттар ашу кезең-кезеңімен өз жалғасын табатын болады. Бүгінде осы мақсатта «Ақбұлым» ауылына баратын №42 бағытты 6 кестеге дейін арттыру (10 қаңтарда қосымша 2 кесте қосылған болатын), ал 22 қаңтардан бастап Шайқорық, Танты, Бесжылдық ауылдарына қатынайтын №6 бағыттағы 5 кестені 8-ге дейін көбейту көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Солнечный» алқабы мен Нұрлы жол көшесін қамту арқылы жаңа бағыт ашу да қолға алынуда.