Абыройлы белес
Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан бері барлық аудандар мен облыс орталығында есімі елге белгі жерлестеріміздің қатысуымен мерейтойлық іс-шаралар өтіп жатыр. Салтанатты іс-шаралардың қорытынды кезеңінде облыс орталығында «Талас – Ұлы өркениеттер тоғысында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде салтанатты жиналыс өтті.
Тараз – мәдениет пен өркениеттің ордасы
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ шетелдік және елімізге танымал ғалымдар, профессорлар, тарихшылар және өңір жұртшылығы қатысты.
Алдымен Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа сөз берілді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізіп, жамбылдықтарды тарихи датамен құттықтады.
– Талайғы тарихтың куәсі болған Жамбыл облысы ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы саналады. Мұнда елдігіміздің тірегі болған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз, мәдениет пен өркениетіміз қалыптасты.
Жамбыл облысының жағдайы Президенттің жеке бақылауында. Өңірдің ауылшаруашылығы саласында көш бастап тұрғанын жақсы білесіздер. Соңғы жылдары химия, тамақ өндірісі бойынша көрсеткіштер қуантарлық жағдайда. Құрылыс саласы қарқынды дамып, тұрғын үйлер бой көтеруде. Спорт саласындағы жетістіктер өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп. Білім мен ғылым саласындағы жетістіктер республикалық деңгеймен шектелмей, халықаралық және әлемдік деңгейге шығып отыр, – деп ел ағаларының қажырлы еңбегін атап өтті.
Аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, құрметті қонақтарға ризашылығын жеткізді.
– Жамбыл – тарихқа бай аймақ. Қасиетті өлкеде Түркі қағанаты мен ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығының алтын қазығы қағылды. Тарихымызды айшықтаған Мұхаммед Хайдар Дулати, «Манас» жырының кейіпкері Манас батыр өмірінің көп бөлігі осы өңірде өткені тарих парағынан белгілі.
Облыс орталығы Тараз қаласының да шежіресі тереңнен сыр шертеді. Тасын түртсең тарихы көрінетін шаһарға сонау заманнан бері құт-береке дарып, әлем елдері көз тігіп келеді. Тараз – мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «саудагерлер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды. Бүгінде Жамбыл облысы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайту үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес деп есептейміз. Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің халықаралық аренада одан әрі танылуына ықпал ететіні сөзсіз, – деген облыс әкімі конференция арқылы тарих жаңа деректермен толығатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып, тапсырса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов көне өркениеттің өзегі Әулиеата өңірінен бастау алғанын, оған елеулі оқиғалар мен археологиялық қазба байлықтар арқылы көз жеткізуге болатынын айтты.
Қырғыз Республикасының Жамбыл облысындағы құрметті консулына кандидат Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жасұлан Ханалиев айыр қалпақты ағайынның ыстық сәлемін жолдады.
Мадияр Елеуов, Дария Қожамжарова, Берекет Кәрібаев, Досбол Байқонақов, Жәкен Таймағамбетов, Төрәлі Қыдыр сынды белді тарихшылар тереңде жатқан тың деректерді сөйлетті. Спикерлер бұл өлкеде сыры ашылмаған құнды тарихи орындардың өте көп екенін алға тартып, зерттеу жұмыстарын жүргізу, объектілерді музейлендіру бойынша ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының PhD докторы Садакатцу Кунитакен жапон-қазақ археологиялық экспедициясының қорытындыларын баяндаса, Түркия елінен келген профессор Абдуллах Гүндоғдуды орта ғасырлардағы Талас пен Анадолы арасындағы өркениет қатынастары туралы ойларын ортаға салды.
Конференция соңында ақын Маралтай Райымбекұлы көне Тараз туралы өлеңін оқып, көпшілікті маржан сөзбен сусындатты.
Келешегі – кемел, болашағы – баянды
Бұдан ары мерейтой «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде жалғасын тапты. Мерекелік шараға еліміздің әр түкпірінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өңірден шыққан мәдениет майталмандары қатысты.
Алдымен құрметті қонақтар мерейтойға орай тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, қолөнер бұйымдары мен ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын және керамикалық бұйымдарды, ежелгі руна жазуының көшірмелерін көпшілік назарына ұсынды. Бұдан соң көрме залында өңірдегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түрлі саладағы толайым жетістіктер топтастырылған бейнефильм жиналған қауымға ұсынылды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұрасына негізделген кітаптардың тұсау кесер рәсімі өтті.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев барша жамбылдықты айшықты оқиғамен құттықтай отырып, облыс осы уақыт бедерінде түрлі қиындықтарды еңсеріп, елеулі белестерді бағындырғанын атап өтті.
– Жамбыл жері құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы іргесін көтеріп, туын тіккен киелі жер. Бұл өлке айыр көмей ақындарымен, орақ тілді шешендерімен, саз балшықтан сәулет өрген шеберлерімен, ғұлама ойшылдарымен, шежірелі қарттарымен, адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен мақтана алады. Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы бұдан да баянды болатынына сенімім зор. Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің 85 жылдық тойы құтты болсын! — деді облыс әкімі.
Президент Жарлығына сәйкес түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар, атап айтқанда «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.
Бұдан бөлек, кәсібилігімен көзге түсіп, еңбекте зор жауапкершілік танытқан тұрғындарға «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаты берілді.
Сондай-ақ Ербол Шырақбайұлы облыстың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар табыс етті.
Сонымен қатар, «Мәдениет – асыл қазынам» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Талас ауданы бірінші орынды қанжығасына байласа, Жамбыл ауданы 2 орынды еншіледі. Қос ауданның шығармашылық ұжымына шағын автобус сыйға тартылды. Ал үшінші орынның тұғырынан көрінген Байзақ және Сарысу аудандары арнайы техникаға ие болды.
Аймақ мерейтойы өлкеміздің өнерпаздарының концертіне ұласты. Концерт Қордайлық «Махаббат» би ансамблінің орындауындағы «Көңілашар» биімен ашылды. Сонымен қатар облыс, аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, театрландырылған қойылым қойды. Мерейтойлық іс-шара Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филормония әншілерінің орындауындағы Ғани Мәтебаевтың «Жайна, Жамбылым!» әнімен түйінделді.