Мерейлі белес
Биыл еліміздегі мәслихаттардың құрылғанына отыз жыл толып отыр. Халық мүддесін қорғауда алдыңғы шепте тұрған, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан халық қалаулыларының мерейлі мерекесі обылысымызда кең көлемде аталып өтті.
Салтанатты жиын Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өтті. Іс-шараға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, атқарушы органдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері, сала ардагерлері қатысты.
Жиында облыс әкімі сөз алып, барлық шақырылымдағы депутаттардың еңбегін жоғары бағалап, жауапты жергілікті өкілді орган халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін жемісті атқарып келе жатқанын атап көрсетті. Бұдан әрі бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижелеріне қысқаша тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асырылып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басып келеміз. Мәслихат – Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамаларына сәйкес, халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие негізгі институт. Осы уақыт аралығында мәслихат құрылымы халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді.
Қазіргі уақытта облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат назарында. Сондықтан, мәслихаттың өңір өміріндегі орны мен халық көкейіндегі сауалдардың шешімін табудағы рөлі орасан. Аймағымызда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс, өзара құрмет, ортақ мүдде жолында бірге жұмыс істеу жергілікті мәслихат қызметінің басым бағытына айналды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мерейтойлық іс-шарада мемлекеттің дамуына үлесін қосқан халық қалаулылары мен мәслихат ардагерлеріне «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаттары табысталды.
Салтанатты іс-шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бағлан Жүнісбеков әріптестерін құттықтап, мерейтойға орай ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекелік кеш К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік бағарламасына ұласты.