Мәдениет – асыл қазынам

0 13

Облысымыздың 85 жылдығына орай аудандарда мәдениет күндері жалғасын табуда. Жуырда Қордай ауданында «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданның мәдениет күні аталып өтті.

Аталмыш іс-шараға аудан басшылығымен қатар облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, республикалық «Салық тәртібі» газетінің редакторы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Ғалым Қасабай, атақты «Досмұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі Мұрат Құсайынов қатысты.

Думанды іс-шара биыл туылғанына 190 жыл толып отырған Ноғайбай би Дәулетбақұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды.

Бұдан әрі мерекелік іс-шара орталық стадионда жалғасын тапты. Ақшаңқан үйлер тігіліп, үлкен сахна орнатылған стадион аумағында «Көне қалашықтар – мәдениет бастауы» тақырыбында аудан тарихынан сыр шертетін музей көрмесін жайса, «Сауда жолы – киелі Қордайдағы өркениет тоғысы», «Әдет-ғұрып – қазақ мәдениетінің  негізгі қайнар көзі», «Ат әбзелдері – ел қорғаны», «Спорт саңлақтарының жетістігі – ұлттық мақтанышымыз», «Ата салтым – асыл қазынам», «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы», «Бірлік пен ынтымақ – Ұлы көш» және тағы да басқа көркі көз тартатын көрмелер қонақтар назарына ұсынылып, лайықты бағасын алып жатты.

Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және Кенен ақын ауылдары дәстүрімізден сыр шертетін көріністерді ұсынып, ақ сақалды қариялар мен ақ кимешекті әжелер, ақ жаулықты аналар, бозбалалар мен бойжеткендер тоғысқан этноауыл жанындағы мерекелік іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары мереке көрігін қыздырып, белді де білекті жігіттер аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрестен сынға түсіп, ойшылдар ойыны саналатын тоғызқұмалақтан жастар кім мықтыны анықтады.

Мәдениет күнінің ашылу салтанатында сөз алған Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аталған іс-шараның маңыздылығына, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамудың даңғыл жолына түскен ауданның бүгініне тоқталды.

«Қордайым – құт мекенім» атты концерттік бағдарламада қордайлық өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, өңірден шыққан эстрада жұлдыздары өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.