Жамбыл облысында жылына 130 мың тоннаға жуық қант өндіретін зауыт салынады

0 14

Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен қант зауытын салу бойынша инвестициялық ұсыныс таныстырылды. Жобаны «К-Агро Холдинг» және «Бәйтерек» холдингі жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Болашақ зауыттың орны Жамбыл облысында деп белгіленді.

Жобаға сәйкес, өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тонна болатын зауытта жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңделіп, 130 мың тоннаға жуық қант өндіру мүмкін болады.

Сонымен қатар өңдеу қуатын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қант зауыттарына жаңғырту жүргізілуде. Бұл — Қазақстандағы қант бойынша импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге және қант қызылшасынан тереңдете қайта өңделген өнімдерді шығаруға жол ашады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдейтін  4 қант зауыты жұмыс істейді. Олардың жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна және 2,4 мың тонна.

2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құрады. Ел қажеттілігінің негізгі көлемі ЕАЭО елдерінен дайын қантты импорттау және қамыс құрағын өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі.