Тәжікстанда көріпкелге барғандар да жазаланады

0 20

Тәжікстанда бақсылық және көріпкелдікпен күресудің жаңа тәсілі қолға алынды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі  хабарлады.

Енді Ішкі істер министрлігі бақсылар мен көріпкелдердің өздерін жауапқа тартумен қатар, оларға жүгінген азаматтарға да шара қолданатыны атап өтілді.

«Жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде көріпкелдер мен бақсыларға жүгінген азаматтар олардың қызметтеріне ақы төлеп, сол арқылы көріпкелдер ісін жандандырып отырған. Қызметіне жүгінген барлық тұлғалар ІІМ-нің аймақтық органдарына шақырылып, оларға қатысты тиісті хаттамалар жасалып, олардың мәліметтері мен фотосуреттері министрліктің мәліметтер базасына енгізіледі», делінген ведомство мәліметінде.

Соңғы бір айда министрлікте 150-ден астам көріпкел тіркеліп, оларға заң аясында шара қолданылып жатқаны хабарланды. Сондай-ақ соңғы кездері құқық қорғау органдары көріпкелдерді анықтап, тұрақты рейдтер өткізумен белсенді айналысуда. Осы әрекеттерге қарамастан, олардың қызметін пайдаланатындар саны әлі де көп. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Душанбеде бақсылықпен айналысқан 141 адам ұсталған.

Ағымдағы жылдың 21 маусымында Тәжікстан Республикасының «Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің» 482-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес, көріпкелдік және бақсылықпен айналысқаны үшін ең төменгі айлық жалақының 80-нен 100-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе 10-нан 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалады.