Атқарылған жұмыс аз емес, жоба-жоспарлар одан да ауқымды

0 15

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Тараз қаласының  2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді.

– Баршаңызға белгілі, көне шаһар – Тараздың тізгінін ұстағаныма тура екі жыл уақыт болыпты. Жаңадан тағайындалғанда қаланың  2023-2025 жылдарға арналған Даму картасын әзірлеп, өздеріңізге таныстырған болатынмын. Жалпы, үш жылдық Даму картасында қаланы жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылғанын білесіздер.

Бүгін дәстүрге сай Сіздермен тағы жүздесіп, биыл қолға алған жоба-жоспарларымызды, облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарымызды, түйіні тарқатылған түйткілдерді баяндауға рұқсат етіңіздер, – деп бастаған Бақытжан Әмірбекұлы бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 433 мыңнан аса халық тұратынын, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде, аудандар құрылатынын, ағымдағы жылы қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілгенін, осы Бас жоспарда шаһар аумағында екі аудан құру қарастырылғанын атап көрсетті.

Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Шаһарбасының айтуынша, қазір облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. Үкіметтен келісім алынғаннан кейін, Тараз қаласында екі аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданатын болады. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз ететін болады.

ӨНДІРІС

Негізі әлеуметтің әлеуеті артуы үшін өндіріс өркендеуі қажет.  Сондай-ақ экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз қажет. Осы бағытта, ағымдағы жылы «Alina Group» ЖШС-ның құны 6,9 млрд. теңге болатын құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды, 35 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда екен. Жобалар іске асырылғанда 944 жаңа жұмыс орны ашылады.

Тараз қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен 1150 гектар  жер индустриалдық аймаққа беріледі. Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 млрд. теңгені құрайтын
3 инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ының «Тараз» индустриялық аймағында қатысушылар 74,1 млрд. теңгенің 7 жобасын жүзеге асыруға ниетті.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 млрд. теңгеге 386 жоба қаржыландырылды.

Жол жөндеу жұмыстары

Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, жалпы қалада 1445 көше жолдары болса, оның ішінде 902-сі (62,4 %) – асфальт көшелер, 543-і (37,6 %) – шағал тас жолдар.  

– Былтыр 3,6 млрд. теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61%-дан 65%-ға дейін артты, – деді қала әкімі.

Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтуде екен. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орташа жөнделуде. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65%-дан 70%-ға дейін артады.

Көптен бері өзекті мәселе болып келген  «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл сегіз көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда.

Сондай-ақ биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге қарастырылыпты. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

– Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Абай даңғылының  темір жол үсті арқылы өтетін жол  өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу жобасының құны 16,9 млрд. теңге. Қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу жобасының құны 24 млрд. теңге, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылды, – деді спикер.

Кәріз суларын тазарту

Тараз қаласында кәріз сулары кешенін салу уақыт күттірмейтін үлкен мәселе екені белгіліДәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен  жер асты суларының ластану қаупі бар.

– Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Оған сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономмикалық негіздеме жасалды. Бүгінде негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде. Келесі кезекте, салалық  және экономикалық сараптама жүргізіліп, ЕРС мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Болжамды құны 46,8 млрд. теңге, қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп болжануда, – деді қала әкімі.

Тұрғын үй құрылысы

Қалада 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, аталған мәселені шешу үшін, өткен жылы көпқабатты 12 үй пайдалануға беріліп, 754 отбасы баспаналы болған.

Қазіргі таңда салынып жатқан 2522 пәтерлі көпқабатты 50 тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 млрд. теңгеге 669 пәтер сатып алынады. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде.

Бұған қоса, 14-мөлтек ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 5,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілсе, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алу кезегіне 2005-2024 жылдар аралығында 127554 азамат тіркелген. Былтыр Құмшағал-Қарасу алқаптарынан 1497 жер учаскелері беріліпті.

Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның 1103-інің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді екен.

– Биыл 5,1 млрд. теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде, бүгінгі күні 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, – деді спикер.

Жылу желілерін жаңғырту

Өткен жылы «Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, ағымдағы жылы аталған жобаға қазынадан 7,1 млрд. теңге қарастырылыпты. Сәуірде басталған құрылыс-монтаждау жұмыстарын алдағы бірінші қазанға дейін аяқтау жоспарлануда екен.

Ал Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылыпты. Құны — 2,1 млрд. теңге.

«Жалпы тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Жобалардың құны 18,8 млрд. теңге, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Ауызсумен қамтамасыз ету

Тараз қаласында ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Былтыр 6,6 млрд. теңгеге «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және 28 саяжай тұрғын  алқаптарында 7256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Ал биыл 1,2 млрд. теңгеге «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7» алқабы, 859 млн. теңгеге «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамту 100 пайызды құрамақ.

Сондай-ақ қала  тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су — Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алыныпты. Қазіргі таңда жаңғыртуға жоба әзірленуде.

Көшелердi жарықтандыру

– Жалпы, қала тұрғындары тарапынан көп қойылатын сауалдарының бірі — көше жарығы. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыруды қолға алып отырмыз.

Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық бюджеттен 368 млн. теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыруды көздеп отырмыз, – деді спикер.

Сонымен қатар, Сейфулин көшесінің бойында және Жамбыл даңғылында жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орнатылған, «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарында электр желісінің құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталыпты.

Қала әкімі ағымдағы жылы қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталғанын құны 8,7 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025 жылы аяқталатынын жеткізді.

Қаланы көгалдандыру және ирригация

2024 жылы қаланы абаттандыру және санитарлық-тазарту жұмыстарына бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаражат бөлініпті.

Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, көктем мезгілінде 10 мың түп ағаш көшеті отырғызылған. Қалғаны күз мезгілінде отырғызылмақ. Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқада аллеялармен скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаштар отырғызылыпты.

Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтушы – арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделіп отыр. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен  1 млрд. теңге қаражат қарастырылып, шағын аудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізіліпті. Ал биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 400 млн. теңге бөлінген. Қазір тиісті мөлтек ауданда  құрылыс жұмыстары жүруде.

Қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде каналдарды абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады.

Бүгінгі күні облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Түйте» каналының («Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабының ортасы) бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде.

Бақытжан Әмірбекұлы облыс орталығында атқарылған жұмыстар аз еместігін, алдағы уақытта қолға алатын жұмыстар, жоба-жоспарлар одан да ауқымды екенін атап көрсете келіп: «Дегенмен, бюджет мүмкіндігіне байланысты қаладағы барлық мәселені бір-екі жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Сондықтан, баршаңызды облыс орталығы – Тараз қаласының дамуы үшін бірге жұмыс істеуге шақырамын», деп түйіндеді. Тілшілер қауымының қала тынысына қатысты сан-салалы сұрақтарына жан-жақты жауап берді.