Жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскелері қалай игерілуде?

0 28

Бүгінде облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімі кезегінде 250700 азамат тұр. Оның ішінде Тараз қаласында – 133211; Байзақта – 16520; Жамбылда – 20460; Жуалыда – 7449; Қордайда – 27516; Меркіде – 15504; Мойынқұмда – 675, Сарысуда – 1959, Таласта – 965, Т.Рысқұловта – 11421; Шу ауданында – 15020 адам. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыс әкімдігінің Жер қатынастары басқармасы жер есебі бөлімінің басшысы Ботагөз БОРАНҚҰЛОВА мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2005-2024 жылдары аралығында жалпы 40828 жер телімдері берілген, оның ішінде 2015-2024 жылдары 18160 жер телімі бар 50 алқапқа инфрақұрылым жүргізілген. Биыл 2900 жер телімін беру жоспарланып отыр.

Тараз қаласы аумағына енген «Элеватор (Асқаров көшесінің соңы), 312 гектар», «Қарасай, 126,6 гектар», «Қамуқат, 126 гектар» алқаптарына тұрғын алқабын орналастыру мақсатында шаруа қожалығын жүргізуге арналған 17 жер учаскесін мемлекет мұқтажына қайтару үшін Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 5 наурыздағы «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №1036 қаулысы қабылданған.

Жер учаскесінің мерзімі өтуіне және оны тиісті мақсатта дер кезінде игермегені (құрылыс жұмыстарын жүргізбегені) үшін мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің саны — 236.

– Облыстың жер қоры тұрғындар санына шаққанда 13,5 гектардан айналады. Соған қарамастан, заңмен белгіленген бір жолғы тегін берілуі тиіс 0,10 гектар жерді бере алмауымызды халық түсінбеуде. Осы сұрақпен басқармаға келушілер немесе осы сұрақты түрлі деңгейдегі жиында қоюшылар саны өте көп. Бұл орайда мәселенің мәнісі жердің жетпей жатуында емес, заңға енгізілген өзгерістерге байланысты. Біріншіден  құрылыс жүргізуге жер учаскесін беру ушін елді мекенді дамытудың Бас жоспары және жоспарға сәйкес құрылыс жүргізудің егжей-тегжейлі жоспары болуы шарт. Екінішіден құрылыс жүргізуге бөлінген алаңдарға (массивтерге) алдымен инженерлік инфрақұрылым (жарық, су, газ, жол) желілері тартылуы керек. Ал аталған мәселелерді шешу көп уақытты және бюджеттен қомақты қаржы көзін бөлуді талап ететіндігі белгілі. Аталған мәселелерді тез арада шешуді облыс бюджеті көтере алмауда, – деді Ботагөз Қуатбайқызы.

Спикердің айтуынша, 2024 жылы бюджет қаражаты есебінен 67 инженерлік инфрақұрылым жобасының құрылысына 6,8 млрд теңге қаражат қаралыпты. Оның ішінде 9 алқапта 3,1 млрд теңгеге 12 инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жүргізіліп, жыл қортындысымен Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 351 жер телімі таратылуға дайын болады. Бес алқапты кеңейту жұмыстарына 2,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде 2 жоба 2025 жылға өтпелі.