Инвестор металлургиялық зауыт салуды жоспарлап отыр
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Азия Метал Проф» ЖШС директоры Дамир Бахроновпен кездесу өткізді.
Тараптар инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысын талқылады. Жоба металлургия құрылысына арналған қара металды қайта балқыту, шаршы дайындамаларды өндіру және жұқа қаңылтыр мырышталған болат пен полимерлі болат өндірісіне негізделген зауыт салуды көздейді.
«Тараз» индустриялық аймағында салынатын жобаның құны 50 млрд теңгеден асады. Жер учаскелері белгіленіп, тиісті құжаттарға қол қойылған. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды.
Басқосуда жоба жетекшісі Шавкат Махмудов жоспарлы шаралармен таныстырды.
Кездесу барысында тараптар электр энергиясы, инженерлік-көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
Облыс әкімі инвесторға жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендіріп, экологиялық заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.