Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жолдарын үйретті

0 27

Елордада Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен «АФМ online» конференциясы өтті. Ауқымды іс-шара қаржы пирамидаларын қалай тану, дроптарға қарсы тұру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және басқа да өзекті мәселелерге арналды.

Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және блогосферада дұрыс құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған онлайн режимдегі пікірталасқа еліміздің 35 жоғары оқу орнынан 20 мыңнан астам студент қатысты.

Агенттік төрағасы Дмитрий Малахов өзінің құттықтау сөзінде Қаржылық мониторинг агенттігінің негізгі міндеті жас ұрпаққа қаржылық сауаттылық негіздерін түсіндіру екенін атап өтті.

– 2021 жылдан бастап біз қаржы пирамидаларының өмірлік циклін және олардың салымшыларының санын қысқартуға бағытталған арнайы жоба жүргізіп келеміз. Яғни, біз олардың жұмысын бастапқы кезеңінде, халық арасына тарамай тұрып тоқтату бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Д.Малахов.

Бүгінгі таңда Агенттік интернетте заңсыз мазмұнды контентті іздеуді және бұғаттауды автоматтандырды. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайттар мен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунттар бұғатталған. Сонымен қатар, аталған жұмысты жүргізу үшін әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық схемаларға тартылған салымшыларды ерте анықтау жүйесі жолға қойылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 126 мың жазылушы алаяқтық схемаларды жарнамалайтын аккаунттардан бас тартты.

Конференция барысында спикерлер блогерлермен қызықты кейстарымен бөлісті, сөйтіп, олар өз аудиторияларына әрі қарай жеткізетін маңызды ақпарат алды. Атап айтқанда, медиа тұлғалар үшін әлеуметтік желілердегі мінез-құлық ережелері және қандай жарнама үшін заңмен жаза қарастырылғаны түсіндірілді.

Панельдік сессиялар барысында белгілі блогерлер, қаржы аналитиктері, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері интернет-гигиена, алаяқтық жобаларды жарнамалағаны үшін жауапкершілік, әлеуметтік желілерде құқыққа қарсы контентті тарату, жастарды құқыққа қарсы қызметке тарту туралы пікір таластырды.

Сонымен қатар іс-шара барысында жоғары оқу орындарының студенттері үшін әртүрлі алаяқтық схемалардың алдын алуға бағытталған үздік бейнероликтерге бәйге жарияланғанын да айта кеткім келеді. Ең көп дауыс жинаған бейнероликтердің авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады. Конкурсқа жамбылдық студенттер де қатыса алады. Байқау шарттарымен Қаржылық мониторинг агенттігінің «Instagram»-дағы парақшасынан танысуға болады.