Биыл бюджеттен 17,3 миллиард теңге бөлінді

0 31

Облыс әкімдігі қаржы басқармасының мәліметінше, биыл облысымызда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 96 ауылдық елді мекенде 200-ге жуық жоба жүзеге асырылатын болады. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл жобаларға бюджеттен 17,3 миллиард теңге бөлініп отыр.

Биыл аталған жоба аясында екі білім беру, екі денсаулық сақтау, он мәдениет және сегіз спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Алты мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынады. Электрмен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету жобалары да көзделген.

Сондай-ақ жоба аясында 198 шақырым ауылішілік көшелерді орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.

Өткен 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасына 15,8 миллиард теңге қаралып, 103 ауылдық елді мекенде 300-ден аса инженерлік-инфрақұрылымдық жоба іске асырылған болатын. Нәтижесінде сегіз дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, екі дәрігерлік амбулаторияның, алты мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар бір спорт, бір денсаулық сақтау және бір білім беру нысанының қазандығы қайта жаңғыртудан өткізілді. Ал екі білім, бір денсаулық сақтау, үш мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.  Орташа жөндеуден өткізілген ауылішілік көшелер 298 шақырымды құрайды.