Қаржы министрі «Қордай», «Қарасу» өткізу пункттерінің жұмысын тексерді

0 40

Қаржы министрі Мәди Такиев Қырғызстанға ресми іссапармен барып, Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиевпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Тараптар биыл сәуірде Астанада Қазақстан мен Қырғызстанның Президенттері қол қойған «Одақтық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты» және «Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді» іске асыруды талқылады.

Мәди Төкешұлы айтқандай, Қазақстан көршілес елмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Мәселен, бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы өзара сауда көлемі 1,5 миллиард долларға жетті. Енді бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр. «Менің ойымша, Мемлекет басшылары қол қойған құжаттар Қазақстан-Қырғызстан қатынастарының дамуына тың серпін береді. Бұған қазір барлық деңгейде жолға қойылған белсенді және сенімді саяси диалог септігін тигізіп отыр. Күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан екі мемлекет кейбір бағыттарда сауда қатынастарын сақтап, нығайтты. Біз қырғыз тарапы секілді жақын арада тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», деді М.Такиев.

Қырғызстанға жұмыс сапарын аяқтағаннан кейін ведомство басшысы  «Қордай» және «Қарасу» өткізу пункттерінің, сондай-ақ қолданыстағы ақпараттық жүйелердің жұмысын тексерді. Министрге шекарадан өту кезінде бақылау жүргізу процестері мен көлік құралдарының өту алгоритмі көрсетілді. Орта есеппен алғанда «Қарасу» өткізу пункті арқылы тәулігіне 500-ге жуық жүк көлігі, ал «Қордай» арқылы 300 көліктей (5 тоннаға дейін) өтеді. Шекарадан өту уақыты — шамамен 25-30 минут.

Сондай-ақ Мәди Такиев ақпараттық жүйелердің тиімділігін, атап айтқанда, тауарларды өткізу кезінде кез келген бұзушылықтарды анықтап, алдын алуға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін бағамдады.

Тұтастай алғанда, Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО елдерімен барлық шекарада тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етіп келеді. Өткізу пункттерінде бақылау шаралары ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.