Бай баласының әңгімесі

0 25

Әкем Райымқұл – атам Құрама бидің тұла бойы тұңғышы. Ол кісі үш әйел алыпты. Сол бірінші әйелінен жеті ұл, бір қыз көріпті. Анамыз Нұрлыхан он үш жасында, яғни, 1890 жылы Бәке балаларының ең үлкені Нұрахтың шаңырағына келін болып түсіпті. Нұрах өзі бес ағайынды: өзінен кейін Нұрманбет бай, Жұматай әжі, Артықбай және Атыхан екен. Ал, Нұрахтан төрт ұл: Бұрхамбай, Құрама, Өзібек және Ақылбек. Нұрлыхан анамыз сол Құрама бидің ең үлкен ұлы Райымқұлдың ақ отауына түсіп, осы киелі шаңырақтың көсеуін ұстап, ошағын жылытады.

Нұрлыхан апамыз мынау Өмірбек ауылындағы Майлыбай Тойғұлы деген байдың қызы. Анамыз он үш құрсақ көтеріпті. Төртеуі бір жасқа жетпей шетінеп, тоғызы аман қалған. Солардың ең үлкені – Жамбыгүл деген қыз. Ол бойжетіп отырғанда қырғыздың манабының баласы айттырып келіп, алады. Бірақ, Жамбыгүл әпкеміздің өмірі қысқа болды, өмірден ерте озды. Одан кейін анамыз тоғыз бала көтереді. Жалған-ай, десеңізші… сол шараналар жарық дүниені көрер-көрместе көз жұма берген соң, Нұрлыхан ана тәуіптен-тәуіп қоймай әулиеге түнеп жүріп, Елеместі көреді. Бауырына бала тұрмай зар еңіреп жүріп тапқан перзентін көп бала тапқан аруаналардың бұтының астынан өткізіп ырымдап, «мұны енді ешкім елемесін, тіл-көзден аман болсын» деп атын Елемес қояды.

Иә, «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген сөз рас-ау, сөйтіп, анамыз Елеместен кейін Мәшүріп пен мені көріпті. Елеместі 1924 жылы дүниеге әкелсе, Мәшүріпті 1926 жылы туады. 1928 жылы ұлы жұтта тапқан қызы да жарық дүниеде көп тұрмай көз жұмады. Отызыншы жыл да ел нәубеттен бас көтере алмай, бір үзім нан іздеп босып кеткен кез болатын. Оның үстіне өкімет байларды кәмпескелеп, қолындағы барын тартып алған. Мен осынау ел басына күн туған алмағайып заманда дүниеге келіппін. Ел аштықтан, өкіметтің қуғындауынан қашып бара жатқан соң ба, менің ныспымды Қашқымбай қойыпты. Сөйтіп, мен жат жерде қырғыздың Қайыңдысында дүниеге келіппін.

Сол отыз екінші жылғы нәубетте, яғни, мен туған соң екі жылдан кейін әкемнің інісі Айдарқұл, одан соң әкемнің өзі, артынша әпкем Жамбыгүл дүние салады. Сөйтіп, шешем қырық жасында үш баламен жесір қалады. Бұл қазаны туған-туыстарымыз Құрама биге айтбай, бір жыл жасырып жүреді. Би ата оны қатындардың сыбыр-күбір өсегінен естіп, қатты қайғырады. Ол кісі де өкіметтен бой тасалап жүрген ғой. Ол Райымқұл әкемізді өте жақсы көрген. «Осы балам ақылды, сауатты, зерек, адам болады», деп отырады екен. Өйткені, Райымқұл ата Тұрар Рысқұловпен бірге оқып жүргенде «кәмпеске» шығып, Әлібек Шұлғаубаев деген өз аталасы бұған зорлық-зомбылық көрсетіп, алтын-күміс сияқты асыл заттарын, өрістегі малын түк қоймай тартып алады. Құрама би Райымқұлдың үйін қырғыздан көшіріп әкелген соң, олардың күнкөрісін ойлап, келініне қолындағы үш баланың екеуін «балалар үйіне тапсыр», дейді. Оған Нұрлыхан анамыз: «Он баладан айырылып отырғаным да жетер. Енді маған сүйеу болатын кім бар? Осы үш қарашығымды құшақтап өлсем, арманым жоқ», деп еңіреп жылап, балаларын бауырына басып бермей қояды. Би ата сол Райымқұлды уәйімдеп жүріп өзі де қаза болады.

Артель құрылып жатқанда елді ашаршылық жайлап, жұрт жаппай қырылды. Сай-салада домалап жатқан адамдарды кейін арбаға салып алып, Меркінің шетіндегі Қаратөбеге апарып тастайтын. Оларды арулап көмген ешкім болған жоқ, өйткені, оған аштықтан арыған халықтың шамасы да келмейтін еді.

Шешемнің айтуына қарағанда, бес жасқа келгенше мен мешел болып аяғымнан тік жүре алмаппын. Шешем таңнан тұрып, кетпен-күрегін алып артельдің жұмысына кетеді екен. Маған Мәшүріп ағам мен Елемес ағам қарайды. Әйтеуір, енді-енді ес білгенімде көргенім – төрт қанат қазақ үй. Оның үй деген аты ғана, әйтпесе, туырлық пен киіздері шұрық тесік бірдеме болатын. Содан кейінгі есте қалғаны – үш бұтты ошақ пен қара қазан. Қас қарайғанша соған отын жинап, ішіне шешеміз қара су құйып қайната беретін, қайната беретін. «Балалар, қазір тамақ пісіп қалады», деп бізді алдандыратын. Біз қазандағының қашан пісетінін күтіп отырып, қалжырап, ұйқыға кететінбіз. Өйткені, қоржынның түбі көрініп қалған, азын-аулақ даладан теріп әкелген бидайық болмаса… Мұндайда, шіркін, тарының талқаны болса ғой… Оны да белсенділер қаптың түбін қағып, алып кеткен. Олар, әсіресе, біз сияқты байдың үйіне келсе болды суманақ ұры ит құсап, тіміскілеп жүріп, бірдеңе тапса алып кетеді. Ал, біз болсақ кейде үш күн, кейде төрт күн ішіміз бүрісіп, шешеміз қайнатып беретін шәйқурайды ішіп, ішіміз қатып, апталап үлкен дәретке бара алмай, сүзектен тұрған адамдай әуім-сәуім күйде жүретінбіз.

Отыз бес-отыз алтыншы жылдары ғой деймін, Қарасаймен келетін үлкен арықтың (оны жұрт «Шоңарық» дей-тұғын) бойына екі қатар етіп көше түсірді. Бұл «Прогресс» деп атала бастаған колхоздың ең алғашқы жаңа қонысы болатын. Құрама би атамыздың екінші әйелі Бекжан апаға да там тұрғызылды. Келер жылы бізге де қоржын там салып берді. Бәрі сол туған-туыстың арқасында бой көтерді. Қазіргідей шатырлы там қайда? Бәрі де жер үйлер. Қара қағаздың өзі кейін шықты ғой, әйтпесе, тамның төбесін ағаларымыз жылқының қиын батпаққа араластырып, сонымен сылайтын. Бізге деп салынған қоржын тамның екінші қанатында Мырзахан жәкем тұрды. Ол кезде аштықтан аман қалған ел көңтері күйбең тірлікке көшіп, өлместің күнін күйттеп, үй іргесіне бес-алты аша тұяқ уақ мал, онда да ешкі жиып, қоңыртөбел шаруаға бет бұрған. Кейін Мырзахан жәкем колхоздың бір отар қойын алып, малға шығып кеткен соң, үш бөлмелі жертөле біздің еншімізге тиді. Ал, Төрехан мен Рамазан ағам Бекжан апамның үйінде тұрып жатқан. Сол үйді екеуі жұмыстан қайтқан кезде түн жамылып жүріп соқты. Өйткені, бай балаларына белсенділер барлық ауыр жұмысты артып қойған. Атпен, өгізбен жер айдатып, шине тартқызып, қора-жай салдыратын.

Отыз сегізінші жылға қараған шақта колхоз кеңсесі мен бірнеше үй бой көтерді. Белсенділер оған әлі де сай қуалап ескі қоныста отырғандарды күштеп көшіріп әкелуге, сөйтіп, олардың өздеріне үй салдыруға мықтап кіріскен. Шешем бір тыным таппайтын. Сол тыным көрмей істеген еңбегіне колхоз 130-150 еңбеккүн жазады екен. Бұған 30-40 келі астық алатын. Егер жұмысқа бармаса, немесе кешігіп шықса, сол тапқан еңбеккүнін қысқартып тастайды. Ол аз десеңіз «сен өкіметке қарсы шықтың», деп ФЗО-ға жібереді, болмаса, үйелменімен қоса жер аударатын. Ол кезде колхоз небәрі 30 гектар жерге жаздық бидай себетін. Одан түскен өнім түгелдей өкіметке жіберіліп, соғысқа жөнелтілетін. Тек тұқымға деген бидай қалдырылатын, кейде өкімет оны да түк қалдырмай алып кететін. Сонда ауылдағы халық немен күн көреді дейсіздер ғой… Тапқаны үйінің іргесіне асқабақ, жүгері егіп, сонымен күнелтетін. Кейбірі егіннен қалған масақты теріп, қорек ететін.

Соғыс басталар алдында Төрехан мен Рамазан «еңбек армиясына» алынды. Бұл 1940 жылдың күзі еді. Германмен соғыс басталғанда еркек кіндіктен ешкім қалмады. Мілиса әскерден қашқандарды тау-тастан қуалап жүріп ұстап, штрафбатқа жіберді. Ұсталмағандары ескі қорымдардан қазып алған асыл заттарын алып, Қытайға қашты. Иә, Сталин жолдастың оларға шығарған заңы да қатал болатын. Онсыз да күйзеліп отырған елден «армияға» деп ет, жұмыртқа, жүн, сары май алатын. Бар-жоғыңа қарамайтын. «Бермеймін» дегендердің жазасы қатал, «сен неміске жақсың», деп соттатып жіберетін. Үй іргесінде өсіріп, тапқан ауызжарымас өнімімізді налогқа беріп, одан бірдеме қалса соны қорек ететін едік. Шолақ белсенділер, әсіресе, бай балаларына, солардың отбасына қырғидай тиетін. Налогтан қалған азық сәуірге я жетіп, я жетпей қалушы еді. Сонда жұрт мал құсап көктемде жаңадан қылтиып шығып келе жатқан жуаны, бақ-бақты, жолжекенді, ұйғақ пен шырыштың тамырын қазып жейтін. Кейде колхоз нашар деген адамдарға ек-үш қой-ешкі береді. Сол малдан шыққан аз ғана сүтке екі еселеп су қосып, оған тұз салып талғажау еткен күндеріміз де болды. Ол малды колхоз көктем шыға қайта алып қояды. Өйткені, колхоздың қысқа деп жиған шөбі ірі қара малдан артылмайтын.

Осының бәрін жіпке тізгендей етіп айтып отырғанымның себебі бар. Өйткені, бүгінде балаларымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды бастарынан кешіріп отыр. Біз көрген нәубеттің олар бірін де көрген жоқ. Ең өкініштісі, қазіргі балалар кітап оқымайды, әлгі «сотка» деген бәлені шұқылап-ақ, күнін жоғалтады. Мына айтқандарымды көкірегінде зердесі бар ұрпақ оқыса, осыдан бір түйім болса да сабақ алса деген ой ғой…

Сол бір қилы заманда су диірмен деген болған. Біреуі мына жеміс-жидек кеңшарында, екіншісі Меркі шатқалының аузында болатын. Сол диірмендерде ел апталап жатып, бидайы мен жүгерісін тартқызып әкетуші еді. Біздің үйдің бидайы бір қаптай ғана, оны ыстық асқа ғана пайдаланатынбыз. Ал жүгерінің ұнынан апам көмбешке нан пісіретін, талқан жасап, ботқа, жүгері көже пісіретін. Мәшүріп екеуіміз жүгері паясы мен сиырқұйрық деген отынды жеті-сегіз шақырым жердегі Меркі базарына әкеліп сатып, табыс таптық. Сөйтіп, қыстық киімімізді бүтіндеп алатынбыз. Мырзахан жәкем де баққан қойының терісін әкеп, шешеме тон, тымақ тіктіріп алады.

Соғыс жарлыны – жарты, бүтінді – жалғызілікті етті. Жесір әйелдер соғыстан жараланып қайтқан ақсақ-тоқсақ шалдарға тиіп алатын болды. Осыған орай ел ондай қыз-келіншектерді «Тасбақа тарбаңдайсың табаның жоқ, Қыздардың бұрынғыдай заманы жоқ. Жігітке ти дегенде тимеуші еді, Тиеді енді шалға амалы жоқ», деп әжуәлайтын. Бірақ, Нұрлыхан анамыз қары талса да, «қарағай басын шортан шалса» да, тар жол тайғақ кешіп жүріп үш бірдей қарашығын талай ажалдан аман алып қалды. Онда әлгіндей бөтен-бөгде ой атымен болған жоқ. Сол судан ақ, сүттен таза анамызды бір күні мілиса келіп, абақтыға апарып жапты. Сондағысы ұрлық емес еді, аңыздан теріп әкелген масағымызды көріп, шешемізге жала жапты. Сөйтіп, Айшакүл деген әйел екеуін Қоныстандыру көшесіне көшірді. Бұл олардың бізге берген жазасы болатын. Сөйтіп, көшіп келген үйіміздің бір бөлмесін бір еврейге бердік. Өз үйімізге келсек, қоржын тамның екінші жағына үш баласы бар Шахзада деген түрік әйелді әкеліп отырғызыпты. Ол әйелдің Казим, Назым, Сабыр деген үш баласы болды. Түрік әйел бізбен бірге 1949 жылға дейін тұрып, «Жданов» колхозына көшіп кетті. Одан соң, бір қызы мен екі ұлы бар поляк келіп тұрды. Сөйтіп, не керек оларды да жатырқамай, бір анадан туғандай өмір сүрдік. Оларды Кеңес өкіметі кеудесінен итергенімен, біз итерген жоқпыз, қайта бүтін нанымызды бірге бөлісіп жедік.

Мен тоғыз жасымда оқуға бардым. Ол кезде қаріп латынша болатын. Содан соғыс басталып кетіп, мектептегі оқушыларды таратып жіберді. 1946 жылы оқуымызды қайта жалғастыратын болдық. Қағаз-қалам тапшы, оқулықты да екеуара береді. Дәптер болмағандықтан тапсырманы газетке жазамыз. Елемес пен Мәшүріп төртінші сыныптан кейін оқуын тастап кетті. Ал, мен оқуымды Большевикте жалғастырып, 7-ші сыныпты сонда бітірдім.

…1950 жылы «Прогресс», «Қызыл таң», «Интернациональный» колхоздары бірігіп, Жамбыл атындағы колхоз болып шаңырақ көтерді. 1948 жылы мен Калинин (қазіргі Ақкөз Қосанов мектебі) мектебіне келіп оқуымды жалғастырдым. 1953 жылы Рысбек, Мұхаметжан, Орынбасар үшеуіміз Жамбылдағы статтехникумға құжаттарымызды тапсырдық. Жетінші кластың аттестатымен барған едім, мұқыл бестік болғандықтан емтихансыз оқуға қабылдандым. Сонымен, талқанымызды арқалап Әулиеатаға келдік. Жатақханаға орналасып, оқу басталып кетті. Жарты жыл өткенде емтихан қабылдап еді, Мақтау грамоталары бар «мықтылардың» тең жартысы емтиханды тапсыра алмай, үйлеріне қайтты. Рысбек екеуіміз стипендияға іліктік.

Көктемгі семестр де келді. Менің аяғым ісіп кетіп, бір жарым ай ауруханада жатып шыққан едім, емтихандар өтіп кетіпті. Директорға барып жағдайымды айтып едім, әйтеуір, әрең дегенде көнді. Сонымен, мұғалімдерді үйінен тауып алып, сынақтан өте бастадым. Бәрі де менің жақсы оқушы екенімді біледі. «Жақсы» деген баға қойып берді. Ким деген кәріс мұғалім бар еді, орыс тілінен сабақ беретін. Орыс тілін үшке әрең оқитынмын. Ол да менің жағдайыма қарап, емтиханнан өткізіп жіберді. Сөйтіп, техникумның мемлекеттік емтиханын беске тапсырдым. Жоғары оқу орнына екі емтихан тапсырып болғанымда, әскерге шақырту қағазы келді. Сұранып ауылға барып, бір күн шешемнің жанында болып, Жамбылға келдім.

Сөйтіп, солдат шинелін киіп, әскери борышымды өтеуге аттандым. Әскерге алынған соң, қолымызға қару алып соғысатын шығармыз деп ойлағам. Сөйтсем, бізге екі апта бойы өзбектердің мақтасын жинатып қойды. Қазан айының 10-да қайта эшелонға отырдық. Батысқа бет түзедік. Украинаның Житомир қаласында танк көздеушісі болдым. Жаттығу кезі болатын, қараңғы түнді жамылып танк ақырын жылжып келеді. Командирдің айтуынша, осы көз көргісіз түнекте келе жатып жылжып бара жатқан нысананы, яғни, «мишенді» атып түсіруің керек. Мен оған дәл тигізіп, бастықтан бес деген баға алдым. Полк командирі он күнге демалыс берді. Елге келсем, шешемнің қаза болғанына бір жыл болыпты. Сөйтіп, анамнан айырылып, боздап қалдым. Амал қанша, әскери тәртіп бойынша берілген мерзімімде бөлімге баруым керек.

1959 жылдың қазан айында арқа қабымды арқалап, ауылға қайттым. Ауылда еш жерде жұмысқа алмады. Ақыры мәдениет бөліміне барып едім, Әсімбай Медетбеков деген бастық плодосовхоздың кітапханасына жіберді. Директор өте кішіпейіл, жақсы адам екен, «желтоқсанның аязында жаурап қалма», деп астындағы «Газ-69» автокөлігін берді. Тегі ұмытпасам, Матағанов еді. Сөйтіп, кітаптарды жан-жақтан жинап, кішігірім оқу залын жасап, жұмыс кестесін іліп, іске кірісіп кеттім. Кітапханашы болып үш ай жұмыс істеген соң, Жамбыл атындағы колхозға ауыстым. Есеп-қисап маманы емеспін бе, малдың ауыс-күйісі мен оған жұмсалатын шығындарды шотқа салып, бұл жұмысқа да әбден төселіп алдым. Материалдық қойма меңгерушісі болып, 1989 жылға дейін істедім. Одан соң кадрлар бөлімін басқарып, кассир де болып, 1993 жылы зейнет демалысына шықтым.

Міне, содан бері 28 жыл болды, пенсиядамын. Жасым 92-де. Әскерден келіп, жұмысқа тұрған соң, ағаларым мен Бекжан апам «үйлен, бас екеу болмай болмайды»,  деді. Мен «үй салып алайын», дедім. Үй салып алғаннан кейін, 1961 жылы Майкүл әпкемнің айтуымен, осы Базаркүлге үйлендім. Әкесі саяткер, жүйрік баптайтын, белдеуде үнемі бір күлік байлаулы тұратын сыпа адам еді. Біз қызын алып қашқанда аттарын өріске жіберіп қойған екен. Егер аты үй іргесінде тұрғанда машина әлгіндей жүйріктерге сөз емес еді. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы да. Бұйрық шығар,

Базаркүлім менің шаңырағыма Талғат, Халмат, Болат деген үш ұл, Гүлзат, Гүлзина, Ләззат, Перизат, Нұрзия, Нүрилә, Айзат атты бес қыз сыйлады. Өзі 56 жасында дүние салды. Құдайға шүкір, 22 немерем, 6 шөберем бар. Бәрі де Құдайдың бергені де.

Балалық шақты есіме алсам, құлағыма әлі де сол Қарасай мен Жалаңаш шатқалының Шоңарығының сылдырап аққан суы келеді. Прогресс ауылының ортасын қақ жарып ағып жататын сол Шоңарықтың екі жағасында Шаңырақ және Жаңақоныс деп аталатын көшелер болушы еді. Мен сол көшенің шаңын бұрқыратып шауып келе жатқандай боламын. Анда-санда өгіз соқа мен ат арба тартқан өзім қатарлы қараборбайлар көзіме елестейді. Бір биік жотада шешем Нұрлыхан тұрады қолына кетпен-күрегін алып…

Иә, өткен күннен белгі бар. Екі мәрте халық қалаулысы атанып, ауылдық кеңеске депутат болып сайландым. Ауылдастарым «Құрметті колхозшы» деген атақ берді. Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше медалімен марапатталдым. Құдайдың мұнысына да шүкір.