Көппәтерлі үйлер жаңаша кейіпке енеді

0 27

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Тараз қаласы бүгінде туристер көп аялдайтын шаһарлардың біріне айналып келеді. Жыл өткен сайын қалада еңселі ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп облыс орталығының келбетіне сән қосуда. Енді көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмаларды орындау аясында мердігер «Күмбез-Тас» ЖШС-і Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған Төле би даңғылы бойындағы №38, 40, 44, 48, 50, 52,54, 56, 57, 58, 59 — жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Аталған тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурс қорытындысында «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды. Техникалық қадағалаушы — «Аскос+» ЖШСі.

Қазір Төле би көшесіндегі бес үйде жұмыстар басталып кетті. Құрылыс басында 30-ға жуық жұмысшы мен арнайы техника жұмыс істеуде.

Жалпы, биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша 53 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылып, ағымдағы жылы тиісті қаржы бөлінді.

Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.