Академиктің құпия махаббаты
Бүгіндері көпшілік қазақтың айтулы азаматы, Ұлттық академияның негізін қалаған ғалым-академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығын кең көлемде атап өтуде. Ұлттық тұлғаға айналған академик Қаныш аға шынында да ерекше жаралған қабілетті жан екенін ол туралы естеліктер мен мақалалардан біліп, етене жақсы таныспыз. Оның өмірі мен еңбек жолын ұзақ жылдар бойы қайсарлықпен терең зерттеп, ұлы тұлға жайлы бірнеше қомақты кітап жазған, таяуда өмірден өткен жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш елі», «Қазақтың Қанышы» атты еңбектерінде ұлтымыздың ұлы перзенті, заңғар ғалым жайлы жан-жақты мәлімет берілген. Оларды зерделей отырып бүгіндері ұлт мақтанышына айналған алып ғалым Қ.Сәтбаевтың өмір белестерінде басынан өткерген қиындықтардың, қудалаудың, аяғынан шалудың да аз болмағанын ұғамыз. Әрине, олардың біразы өмірде қатар жүрген, қызметтес болған, тіпті етене араласып жүргендердің көреалмаушылығынан, іштарлығынан, қызғанышынан туындаған-ды. Бұл орайда халқымыз жиі айтатын «қазақтың жауы – қазақ» деген сөз еріксіз еске түседі. Қаныш аға да сол кешегі кереғар заманның кесепат уытының дәмін татты, басына үйрілген қара бұлт — жала, негізсіз тағылған айыптар жүйкесін жұқартып, жүрегіне салмақ салды. Соған қарамай, ол өмірден түңілмей, еліне деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, халқы үшін геология ғылымдағы ізденісін жалғастыра білді.
…Өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдары Алматы қаласындағы медициналық институтта білім алып, клиникалық тәжірибеден өттік. Акушерлік және гинекология кафдерасының меңгерушісі, қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы ғалым-дәрігерлердің бірі акушер-гинеколог, профессор Кәмила Досқызы Өтегенова гинекология пәнінен дәріс берді. Шырайлы, келбетті, ойы салмақты, өз мамандығын терең меңгерген қазақ әйелінің, қазақ тіліне жатық ұстазымыздың мейірлі жүзінен біздерге, қаракөздерге, деген ерекше көзқарасы, ұлтжандылығы сезініп тұратын. Сол кафедрада онымен бірге қызмет ететін ұстаз-ассистент Хамит Нұржанов практикалық сабақтар өткізгендіктен, онымен қалалық перзентханада түнгі кезекшіліктерді бірге өткізіп жүрдік. Бірде сөзден сөз шығып, профессор Кәмила Досқызы жайлы әңгіме өрбіді. Қазақтан шыққан алғашқы профессор акушер-гинеколог К.Өтегенова институтта өте беделді ұстаз-ғалым екенін, негізгі қызметімен қоса республикамыздың Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы болып қызмет ететіні, елімізде ана мен бала денсаулығын барынша жақсартуға үлес қосып жүргені жайлы хабардар етті.
Мемлекеттік емтихандарымызды сәтті тапсырып, дәрігер дипломын алып, жан-жаққа қызметке кеттік. Бірақ, кейбір сәттерде дәріс берген ұстаздарымызды, олардың бізге берген ақыл-нұсқауларын еске алып отыратын кездеріміз аз болмайтын. Әсіресе, акушерлік пен гинекологияда кездейсоқ оқиғалар кездесе қалған сәтте профессор Кәмила Досқызының «Алдарыңа босануға келген әйелдерді көргенде ерекше абай болыңдар. Екі адамның өміріне сендер жауаптысыңдар: ана және жас сәби. Сондықтан, әр сәтті дұрыс бағалап, зерделеп, керекті медициналық көмекті аямай, екеуінің өмірін сақтап қалуға міндеттісіңдер», деген сөздері жауапкершілігімізді арттырып, біздерді іске жұмылдыра түсетін.
Бірнеше жыл институт студенттерін біздің қалаға практикаға акушер-гинекология кафедрасының доценті Хамит Нұржанов әкеліп жүрді. Сол кезде Алматының, институттың, кафедраның жаңалықтарын білгіміз келіп, Хамит ағамызбен сыр бөлісетінбіз. Бірде ол профессор К.Өтегенова апайымыздың зейнеткерлікке жасы жетіп, қызметтен 63 жасында кетіп, артына ілескен жалғыз перзенті – Мәскеуде тұратын қызы Жәмиланың ұлдарын өсіруге жәрдемдесуге Мәскеуге кеткенін айта келе, Жәмила академик Қаныш Сәтбаевтың қызы екенін айтып қалды. Бұл мен үшін тың жаңалық еді. Бұрындары Қаныш ағаның екі рет үйленгені, екі әйелінен төрт қызы бар екенін білетінбіз. Ал бесінші қызы профессор Кәмила Өтегеновадан екенін естіп, таңқалғанымыз бар.
Кәмила Досқызы Өтегенова (Кәмила Досмұхаммедқызы) – қазақ қыздары арасында дәрігер-ғалым, акушер-гинекология саласының білгір маманы ретінде отандық медицинаға аты алтын әріптермен жазылған зерек жан. Ол Ресейдің Челябі облысының Троицк қаласында 27.5.1915 жылы туған. Отбасы 1930 жылы Алматыға қоныс аударған. Қазақ (қазіргі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы) мемлекеттік медицина институтының алғашқы түлектерінің бірі. 1936 жылы дәрігерлік диплом алып, жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысының Ащысай кен орнының 25 төсектік учаскелік ауруханасында еңбек жолын бастады. Бір жылдан кейін Алматыға кері оралып, 1937-1938 жылдары акушерлік-гинекологиялық клиникалық ординатурада білім алды. Оны бітіргеннен соң, кафедрада аға лаборант болып қалып, ғылыми жұмыстармен айналыса бастады. 1941 жылы кафедраға ассистент болып қызметке тұрды. 1945 жылы Мәскеудің мединститутында «Аналық без обырының клиникалық және гистологиялық байланысы» тақырыбы бойынша кандитаттық дисертация қорғады. 1946 жылы доцент атағына ие болды. 1952 жылы акушерлік-гинекология какфедрасының меңгерушісі болып сайланды. 1955 жылы Ленинградтан докторлық диссертацияны сәтті қорғап келді. 1956 жылы профессор атағы берілді. 1958-1978 жылдар аралығында, яғни 20 жылдан астам уақыт кафедра меңгерушісі болып тыңғылықты еңбек етіп, еліміздің акушерлігі мен гинекологиясы саласын дамытуға елеулі үлес қосты, өзінің ғылыми мектебін құрды. Оның бір топ шәкірттері (проф. Н.Ә.Каюпова, Х.Н.Нұржанов, К.Б.Жаманаева, доценттер Б.Н.Исатаева, Р.С.Бейсенбаева, А.К.Кенжебаева және т.б.) ұстаздарының ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастырып, өз салаларын барынша жетілдіруде.
Камила Досқызы 1954-1965 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы, республикалық акушер-гинекологтар қоғамының төрайымы болып жемісті еңбек етті. Оның жетекшілігімен 26 кандитаттық диссертация қорғалып, 150-ден астам ғылыми еңбек жарыққа шықты.
Халық денсаулығын сақтау саласында беріле еңбек етіп, бірнеше рет қалалық, облыстық маслихаттың депутаты болып сайланды. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарымен қатар мемлекеттік ордендер мен медальдармен, грамоталармен марапатталған. Түу сонау бастан өзіне мақсат еткен ой-арманын жеріне жеткізе түгендеген қайраткер бар тірлік-тынысын отандық медицинаны дамытуға арнаған. Ол 63 жасқа толғанда өз еркімен қызметтен кетіп, зейнетке шықты.
К.Өтегенова ел мүдесі үшін жанын аямай халық денсаулығын сақтауға 40 жылдан астам өмірін арнады. Өмірінің соңғы 15 жылын Мәскеудегі сүйікті қызы Жәмиланың (академик Қаныш Сәтбаевтан некесіз туылған) қолында болып, оған қолғабыс көрсетіп, немерелерін тәрбиеледі. 11.12.1993 жылы 78 жасында Алматыда бақиылық болды.
Профессор К.Өтегенованың шәкірттерінің ұсынысымен ол өмір бойы қажырлы қызмет еткен Алматы шаһарындағы №1 перзентхана қабырғасына ескерткіш-тақта қойылған. Бұл — ұлттық энциклопедиядан алынған шағын мәліметтер ғана.
Қаныш Имантайұлымен Райхан, Раушан Сәтбаевалардың үйінде танысып, екеуінің арасында ыстық сүйіспеншілік сезім пайда болып, Жәмила атты сәби дүниеге келеді. Өтегенова Сәтбаевты өте қатты құрметтеген, қызы Жәмиланың айтуынша, ол дүниеге келгенде перзентханаға жазған хаттары сақтаулы.
Жәмила Қанышқызы Өтегенова (22.8.1948 жылы Алматы қаласы) – Қаныш Сәтбаевтың Кәмила Өтегеновадан туған қызы. Арғын тайпасы Сүйіндік руы Қаржас бөлімінен шыққан. Мәскеудегі Шетел дипломатиясы институтын (МГИМО) бітірген (1971). Мәскеу радиосында Бас редакцияның қытай тіліндегі саяси шолушысы болып біраз жылдар еңбек еткен. КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құкық институтының аспирантурасында оқыған. 1989-90 жылы Пекиндегі Халықаралық байланыстар институтында докторлық диссертациясын дайындаған. Бұл да Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет.
Мәліметтердің соңынан мәліметтер жалғаса берді. «Егемен Қазақстан» газетінің (24.02.2010) сарғайған тігінділерінен жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш ағаның құпиясы» атты мақаласы кезікті. Сол мақалада Қаныш аға мен Кәмила Досқызы екеуінің арасында болған құпия махаббат жайлы және қыздары Жәмила дүниеге келген уақытта жазылған хаттардың мәтіні келтіріліпті. «…1948 жылғы 22 тамызда Алматының 1-ші перзентханасында бүлдіршіндей қыз бала дүниеге келеді. Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы бесінші мәрте әке атанады. Сол хабарды естігенде ол орауда отырған Кәмилаға бір құшақ гүлмен қоса, біз есімін әзірше атамай отырған естелік жазбалар иесінің айтуынша: “Қызың құтты болсын, Кәмилаш! Шексіз қуаныштамын, бұл нәресте екеуміздің қалауымызбен дүниеге келген. Саған да, маған да бақыт сыйлар ұрпақ болсын! Өзіңнің Қ…” деген сипатта құттықтау хат жолдаған. Отыз үш жасында тұңғыш рет ана атанған Кәмила да: “Ардақты Қанеке! Жүрекжарды хатыңызға шексіз ризамын, тәнті көңілмен рақмет айтамын. Алайда, мен уәдемнен шыға алмадым, кінә – өзімнен… Сізге ұл сыйламай, қыз туған соң, басыңыз менен азат. Бұл сәбидің алдағы тауқыметі, тәрбие-тәлімі – өзімнің мойнымда. Азатсың дегенімді солай түсініңіз және келіспеймін деп дауласпаңыз, асыл Қанеке! Бір ғана тілегім бар: балаңа атыңды сыйла, есімін ойлап та қойдым: Жәмила болады, фамилиясы – Өтегенова, тек куәлігіне Қанышқызы деп жаздыруға рұқсат етіңіз! Сізге менен бұдан өзге тілек болмайды…” деген хат жолдайды.
2007 жылы мақала авторы Медеу Сәрсеке Кәмила Досқызының 17 жасынан Мәскеуде тұратын қызы Жәмиламен арнайы кездесіп, біраз мәліметтер жинайды. Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтына (МГИМО) 1966 жылы түсіп, диплом алған соң, сондағы радио хабарлары редакциясына шақырылып, шетелге хабар тарататын Бас редакцияның қытай тіліндегі бөлімінде бірнеше жыл редактор болып еңбек еткен. Соған қоса КСРО Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының аспирантурасында білімін көтерген. «Сол институтқа жиі қатынап жүріп, 1975 жылы Сергей Егоровпен таныстым. Екі жылдан соң тұрмыс құрдық. Шаңырақ түзеуден бір жыл бұрын екеуміз де кандидаттық диссертация қорғадық…» депті Жәмила естелігінің 60-бетінде. «1978 жылдың 20 наурызында тұңғыш ұлым Тимур туды. Мамам Алматыдан ұшып келіп, толғақ басталған сәтте қасымда отырды. «Қатты шыңғырма, қазақ әйелі перзентін дыбысын шығармай туады…» деп қайрап бақты, қайран мамам…». «Тимурдың бет-пішіні – нағыз қазақ, күйеуім екеуміз тұңғыш перзентіміздің кімге тартқанын білмей, көп уақытқа дейін аң-таң болып жүрдік… Бұл жұмбақтың шешуі бертінде, Алматыдағы әпкелерім сыйлыққа жіберген, жазушы Медеу Сәрсекеевтің 1999 жылы жарыққа шыққан “Қаныш елі” альбом-кітабының бір бетінен Ғазиз аға Имантайұлы Сәтбаевтың суретін көргенде Тимурдың сол кісіге айнымай ұқсағанын біліп қайран қалдық. Алматылық туыстарымның айтуынша, бет-пішіні ғана емес, сабырлы мінез-құлқы да, маңғаз қалпы да әкемнің туған ағасын қайталаған дейді…».
Естелік иесінің өз өмірінің әр алуан кезеңдерін бүкпесіз баяндауына қарағанда, сөйтуіне, сірә, отбасындағы орысша тәрбие де әсер еткен тәрізді. Жәмила бүлдіршін күллі Өтегеновтер әулетінің жан-тәнімен өбектеп, қолын ештеңеден қақпай, шат-шадыман тұрмыстың рақатын шектеусіз кешіп, еркетотай болып ержеткен. Қызмет бабымен Одақ қалаларын аралағанда, әсіресе, демалысқа шыққанда анасы оны қасынан қалдырмай, қайда болсын әрдайым ертіп жүрген. Мысалы, жеті жасында Жәмила Ленинградқа мамасымен бірге барып, анасы докторлық диссертациясын қорғаған күні мәжіліс залында тілеуқор болып отырған. Он жастан асқан соң, шешесіне еріп, Кавказ бен Қырымның, Балтық бойының сауықтыру орындарында бірге демалған. Ленинград, Мәскеу, Тбилиси, Ереванды, тағы қаншама қаланы армансыз ақтаған. Ұғымтал дарыны ерте байқалып, естігенін еш ұмытпайтын қабілетімен де өзін өбектеушілерді қайран қалдырған, шетелдің бірнеше тілін (ең алдымен игергені – қытай тілі) де аса қиналмай үйренген. Сірә, бұл қабілеттер Жәмилаға зейіні мықты анасы ғана емес, кемеңгер ақылын дүйім жұрт таныған әкесінен де ауысқан…
«Біз тұратын үйдің Мир көшесіне қараған жағында Раушан әпкем Сәтбаева мен Әлкей аға Марғұлан тұратын. Пәтері шағын, бірінші қабатта, небәрі екі бөлме. Ол кісілер мамаммен айнымас дос жандар, ал, маған етжақын туыстар. Осы үйдің жалғыз қызы Дәнел менен бірнеше жас үлкен. Құртақандай менімен ойнамайды. Ішім пысқан мен үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, көбіне үнсіз отырамын», деп балалық шағына саяхатқа беріледі Жәмила Қанышқызы естелігінің бір тұсында. «Тап сол үйде әкемнің де отбасы тұрады. Ол кісінің үйіндегі кішкентай қызы Марияммен тату болдым. Ол да мені ерекше жақсы көреді, музыкаға бейім қыз еді, амал не, әкей қайтыс болған 1964 жылдың аяқ шенінде кездейсоқ жағдайда опат болды… Раушан апайдың үйінде көкеммен кездесеміз, одан да жиірек Райхан әпкемнің Абай даңғылынан жоғарыда, Алматы өзенінің жағасындағы саяжайында жиі боламыз. Үлкендер асты күнқағар шатыры бар дүңгіршектің ортасындағы үстелде ішеді, ал мен әкемнің тізесіне жайғасып алып, ортаңғы саусақты жасыратын ойынды үйрендім, біздің қазақтарда сондай ойын барын үйреткен де әкемнің өзі. Көкем кейде домбыраның сүйемелімен ән салады. Даусы сахнадан айтатын әншілерден ешбір кем емес, маған тіпті артық сияқты көрінеді. Менің де ән-әуенге құлқым бар (ән-музыка мектебінде жеті жыл бойы сабақ алдым, қазір де рояльда ойнаймын, балалар қатысатын концерттерге шақырылып, бірнеше мәрте Қазақ радиосы студиясында өнер көрсеттім). Көкем ән айтқанда мен мүлдем елігіп, ойынды қойып, тым-тырыс тыңдаймын. Ол кісі маған неше түрлі кітаптар сыйлайды, кейбірінің ішіндегі суреттерге түсінік береді. Кейін түрлі-түсті әдемі тастар сыйлайтын болды. Кейбірін «тау хрусталы» дегені есімде. Сол тастар қазірде қайда десеңші? Бертінге дейін өз пәтерімнің көрнекті жерінде тізіліп тұрушы еді, көздің жауын алғандай әдемілері де бар-ды, амал қанша, сақтай алмадым, онда-мұнда жолаушылап жүргенде айырылып қалдым…
Мамам, мен, күтуші әпкем үшеуміз арнайы пәтер жалдап Ленинградта тұрғанымызда (бұл енді шешемнің докторлық диссертациясын әзірлеуге ден қойған кезі) әкем бізге бірнеше мәрте келіп қайтты. Бір жолы ол маған қоңырқай барқытпен тысталған аюдың қонжығын сыйлады. Келген сайын қорабы керемет әдемі конфеттер, торт, шампан шарабын, кейде жеміс әкеледі. Сірә, содан ба, әкемнің сол кездегі сапарын еске алсам, тіліме тәтті дәм үйірілгендей болады…».
«Бірде әкеймен бір пойызбен, бір вагонда тоқайласып елге қайттық. Қазақстан алқабына ілінген соң-ақ әкем мені терезе алдына шақырып, ұшы-қиырсыз даланың әрбір шоқысын, өзен-суын қолымен нұсқап тұрып, ұзын-сонар әңгіме шертті. Құдды бір ұшы-қиырсыз сары жонды жаяу кезіп жүргендей төндіре айтады, әр шоқының тарихын баяндап, солардың қойнында жасырынып жатқан кен байлықтарын түстеп санап, сол жерлерде қандай тарихи оқиғалар болғанын сипаттағанда, күні ертең қандай өндірістер орнайтынын түгендегенде ешбір мүдірмейді… Әлқисса, содан бір сәтте купесіне шақырып, шай алдырды. Үй-ішінің фотосуреттерін көрсетіп, әпкелерімді таныстырды. Ақырында мамамның мені өзіне жақын-жуық жүргізбейтініне реніш білдіріп: «Үлкен қыздарым сияқты сен де маған сүйіктісің, бірақ, өмірің, тәрбиең менсіз өтіп, шындығын айтқанда, әкесі жоқ баладай өгейсумен ержетіп келесің, қарғам. Мамаңның мұнысы дұрыс емес. Міне, мен қасыңда отырмын, туған әкеңмін, сені айында-жылында әрең көретініме налимын, бірақ соны түзетуге амалым жоқ, Жәмилаш. Бұл сөзімді ұмытпа, сірә, әкең үшін де мақтанатын уақыт туады, сол кезде маған реніш айтпа, сағынышпен есіңе ал, жарай ма, жан балам…», деп басымнан емірене сипады. Көңілі босап, жанарын жас буғанын аңғардым. Мен де жыладым. Сол сапарда ол маған тағы да ішінде неше түрлі қара-қоралаш суреттер салынған қалың кітап сыйлады. Кітаптың суреттері маған ұнаған жоқ. Қазақстанның алғашқы тарихы екенін бертінде білдім…».
Әр нәрсенің өзіне тиесілі уақыты болмағы да – өмір заңы, ынтық көңілдің аптығы басылып, өзгедей тіршілік әуеніне ауысатын мезгілі де болады… Біздіңше, ортақ нәрестемен бекіген байланысты үзуге ынта Кәмила сұлудан өрбіген… Кәмила Досқызы сол қарсаңда ғылым жолы өзі үшін – бірден-бір мәртебелі, ел мүддесі үшін де елеулі іс екеніне біржола бекінген. Ал ондай істі қырықтың белінен аспай тұрғанда атқару қажет. Сондықтан да ол докторлық диссертациясын тезірек қамдау жолына шындап кірісіп, тірлік-тынысын тек қана соның жолына бағыштаған. Бұл болса бірер айдың, не жылдың әуресі емес, ол үшін жүздеген сынақ жасау қажет, перзент сүюді аңсаған жүздеген әйелдерді ұзақ уақыт зерттеумен, емдеумен ғана жүзеге асатын ауыр ізденіс. Әсілі, мұндай күрделі мақсатқа құлшыныс туғанда өзге шаруалардың, қарақан бастың қам-қарекетінің де екінші, үшінші кезекке ауысары – түсінікті жәйт… «Қазірде ойлаймын, сол күндегі қатаң тәртіп, әсіресе отбасына деген партиялық үстемдік әке-шешемнің емін-еркін жолығуына, ашық түрде қарым-қатынас жасауына сан алуан кедергі туғызған. (…) Әлбетте, мамам да, әкем де – күшті тұлғалар. Екеуі де ұсақ-түйекке малданбай, қандай қысым көрсе де мойымай, бір-біріне құштарлықтан біршама уақытқа дейін айнымаған. Қысқасы, өз қалауымен өмір сүрген. Сөйтсе де… мамам өз айтқанынан айнымайтын бірбеткей жан, әкеме де, маған да ерік бермей, өзі жөн көрген қағидамен өмір сүрді… Шешемді әріптестері қатты қадірлеген, шынтуайтын айтқанда, одан әлей қорыққан. Өйткені, ол – нағыз істің адамы, сол үшін қиын әрекет жасаудан да тайынбаған…
Мамамның қос немересінің тәрбиесіне жан-тәнімен берілгені сонша, емханадағы ұлан-ғайыр жұмысынан бас тартып, Мәскеуге біржола көшуге қамдана бастады. Қысқасы, қалған ғұмырын менің екі ұлымды тәрбиелеуге арнайтынын мәлімдеді. Біздің қарсылығымызға құлақ қойған жоқ. Тегінде, мамам қартайған сайын өз дегенінен қайтпайтын қылығын күшейтіп, осы күнгі терминмен айтқанда, авторитарлық әмірге көбірек ерік беретін еді. 1992 жылдың 29 желтоқсанында Сергей автомобиль апатынан қапыда мерт болды. Тимур сол қарсаңда 14, Андрей 8 жаста еді. Сол аздай, мамамның жүрегі ауыратын-ды. Қазанның 11-інде ауруханада жатқанда ол кезекші дәрігерді қасына шақырып, менің телефонымды жаздырып: «Мәскеуге көшіп, немерелерімді оқытпақ болған арманыма жете алмадым. Қызымнан кем көрмейтін сүйікті күйеу балам, әлгінде аян беріп: «Кәмила Досовна, сіздің де уақытыңыз бітті», деді. Сірә, күн шыққанын көре алмаспын, көзімді жұмған сәтте Жәмилашыма хабар беріңіз. Бұл менің соңғы өтінішім, қызым фәни дүниеде жалғыз қалды, балаларына ие болсын, олар да тура өзі сияқты, қасиетті кісінің ұрпағы…», депті. Дәрігер мені шырт ұйқыдан оятып, асыл шешемнің таң сәріде көз жұмғанын естіртті…», дейді Жәмила Қанышқызы.
«К.Өтегенова ғылым турасында түу бастан өзіне мақсат еткен ой-арманын жеріне жеткізе түгендеген қайраткер. 1955 жылы, 39 жасында ол докторлық диссертациясын Ленинградта қорғап, бір жылдан кейін профессор атағын иеленген, Қазақстанның бас гинекологы міндетін ұзақ жылдар сәтті атқарып, республикаға еңбегі сіңген дәрігері атанған, орден, медальдармен марапатталып, даңққа бөленген.
Медицина ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, перзент туғызу ілімінің асқан білгірі атанған К.Өтегенованың да кейбір әріптестерінің қызғанышынан өрбіген пәле-жаласынан, ақиқат теріске бұрмаланған жайттарден жаны қатты күйзелетін мезгіл туады… Қысқасы, алпыс жастың өрінен аса-ақ жұмысқа деген бұрынғы ынта-жігері азайып, оның есесіне басты назары сүйікті Жәмиласының отбасына ауады. Ал, ол Мәскеуде тұрақтап, өзі ұнатқан салада еңбек етіп жүріп, өмірлік серігін тапты. Анасы да күйеу баласын бірден ұнатып, әсіресе ақыл-зердесінің тереңдігін, кісілік биік нышанын да жазбай айырған. МГУ-дің тарих факультетін бітірген Сергей Егоров социология ілімімен көп жыл тынбай шұғылданып, Мемлекет және құқық институының жетекші маманы атанады» деп жазады Медеу Сәрсеке Жәмиламен жолыққанан кейінгі ойын қорытып.
Кәмила Өтегенова — 1950-1975 жылдар аралығында дәрігерлік ілімнің гинекология саласындағы маңдайалды білгірі атанған ірі тұлға. Тынымсыз қайрат иесі үшін, әсілі, бұл да аз. Ғылыми білім-танымы жетіп-артылып тұрған жан күллі Қазақстан атырабындағы, әсіресе облыс орталықтарындағы перзентханалардың жібі түзу мекенжайларға орналасуын талап етіп, сол үшін неше алуан қам-қарекет жасап, акушерлер мен гинеколог дәрігерлердің біліктілігін арттыруда, өз ісін түбегейлі білуге ынтасы жоқ әріптестеріне ымырасыз қатаң шаралар қолданарда Кәмила Досқызы ешкімге дес бермеген, өз айтқанын істеткен. Өз қарауындағы №1 перзентхана сол жылдарда республика бойынша шын мәнінде озат мекеме атанған.
Міне, бұл академик Қаныш Сәтбаевтың жеке өміріндегі көпшілікке мәлім емес, біразымыз тіпті біле бермейтін жұмбақ, құпия сақталған сырларының бір қатпары. Уақыт болған істі ертелі-кеш, теңіз түбіндегі тасты шайқай-шайқай бетке шығаратынындай, алдымызға жайып салады. Қаныш аға да кей сәттерде жүрек әміріне жол беріп, әдемілікке, сұлулыққа, ыстық сезімнің аясына ұмтылғанының несі айып!?