Күнде 20 минут жаяу жүру өміріңізді өзгертеді

0 24

Физикалық және психологиялық хал-жағдайыңызда айтарлықтай өзгерістер болуы үшін күніне 20 минут серуендеу жеткілікті. Күнде 20 минут жаяу ағзаңызға қалай әсер етеді?

Қозғалғыштық артады. Бір орында ұзақ отырсаңыз, омыртқа қиналады, бұлшықеттер, сіңірлер және буындар семіп қалады. Нәтижесінде жиі арқаңыз ауырады, спорттық зақымдарға бейімділік артады, әсіресе, демалыс күндері денеге үлкен жүктеме түссе, тез шаршайсыз немесе ауырып қаласыз. Жүйелі түрде қозғалу денені қатайтады, арқа ауруы және буындар қабынуы қаупін азайтады.

Салмақ азаяды. Біртекті және калориялы тамақтар жеу, физикалық жаттығулардың болмауы семіздік қаупін арттырады және зат алмасуды бұзады. Әсіресе, мұндай өмір салтының салдары 35 жастан соң қатты біліне бастайды. Күнде 20 минут белсенді қозғалу арқылы майды жағасыз және асқорытуды ынталандырасыз.

Хал-жағдай жақсарады. Жаяу жүру хал-жағдайымызға жағымды әсер етеді және өзін-өзі бағалауды арттырады. Күйзеліс деңгейі түседі, артериялық қысым мен ұйқы сапасы жақсарады. Өзіңізді сау, сергек және әдемі сезінесіз.

Диабет қаупі азаяды. Физикалық жаттығулар, соның ішінде күнде 20 минут жаяу жүру екінші типті қант диабетінің даму қаупін азайтуға көмектеседі. Ал диабетпен қиналатын адамдарға жаттығуларды көбірек жасау ұсынылады.

Қанайналым мен жүрек жұмысы жақсарады. Күнделікті жаттығулар қанайналымды жақсартады, жүректі жаттықтырады және қан тамырларды қатайтады. Ол гипертония және жүрек талмасы қаупін азайтуға көмектеседі.

Есте сақтау жақсарады. Физикалық жаттығулар қанайналымды ынталандыратындықтан және миды оттекпен көбірек қамтамасыз ететіндіктен, ол есте сақтауға жағымды әсер етеді.

Тепе-теңдік сақтауға көмектеседі. Жаяу серуендеу қарбалас өмірде үзіліс жасауға, демалуға, тыныштануға, ойлануға және эмоционалды тепе-теңдікке жетуге мүмкіндік береді.

Көбірек қозғалуға көмектесетін бірнеше кеңес. Жұмыстан кейін қатты шаршап, спортпен айналысуға күшіңіз қалмауы мүмкін. Алайда күні бойы барынша көбірек қозғалуға сылтау табуға болады:

  • Жұмысқа барарда немесе үйге келерде автобустан ертерек түсіп қалыңыз. Егер көлігіңіз бар болса, оны үйден немесе кеңседен алыстау жерге қойыңыз.
  • Азық-түлік аз алатын болсаңыз, дүкенге жаяу барыңыз.
  • Жеке сөйлесуді таңдаңыз. Мысалы, әріптесіңізге хат жазудың немесе қоңырау шалудың орнына жанына барып ауызша айтыңыз.
  • Баспалдақпен жиі жүруге тырысыңыз. Егер әркез баспалдақпен көтерілуге қиналсаңыз, көтерілетін кезде лифт қолданып, түсер кезде баспалдақпен жүріңіз.