Алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді

0 37

Вьетнамдағы ең бай әйелдердің бірі алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді. Ол банктен 12,5 млрд доллар ұрлаған. Хошимин соты 67 жастағы вьетнамдық іскер әйел Чыонг Ми Ланды 11 жыл бойы елдегі ең ірі банктердің бірін тонап келгені үшін өлім жазасына кесті.

«Van Thinh Phat» компаниясының басшысы Чыонг Ми Лан – Вьетнамда қаржылық қылмыс жасағаны үшін өлім жазасына кесілген санаулы әйелдердің бірі. Мұндай ауқымдағы алаяқтық бұрын-соңды болмаған. Чыонг Ми Лан «Saigon Commercial Bank-тен» 304 трлн донг (шамамен 12,5 млрд доллар) несие алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оның алаяқтық әрекетінен келген жалпы шығын 27 млрд долларға бағаланып отыр. Сот үкімі оны дәл осы соманы қайтаруға міндеттеді, ал айыптаушы тарап бұл мүмкін емес деп есептейді.

Сот Чыонгқа қысым жасау арқылы ұрланған ақшаның кем дегенде бір бөлігін қайтаруға мәжбүрлеу үшін өлім жазасын тағайындады деген пікір айтылды. Чыонг Ми Лан кінәсін мойындамай, қылмысын қарамағындағыларға жүктеді.

Ланның отбасы мүшелерінің бірі «Reuters» агенттігіне берген сұқбатында оның сот үкіміне шағымданатынын айтқан. Әйел Хошиминде тұратын Қытай-Вьетнам отбасынан шыққан. Үлкен этникалық қытай қауымдастығы тұратын бұл қала ұзақ уақыт бойы Вьетнам экономикасының локомотивіне айналды.

Лан ең бастапқыда анасымен бірге косметика сатумен айналысқан. Бірақ, 1986 жылы коммунистік партияның экономикалық реформалары бастағаннан кейін ол жер мен жылжымайтын мүлік сатып ала бастады. 1990 жылдары оның иелігінде бірнеше қонақүйлер мен мейрамханалар болған.

Вьетнамдық БАҚ сот процесін егжей-тегжейлі хабарлады. Айтуларынша, айғақ беруге 2700 адам шақырылып, іске 10 мемлекеттік айыптаушы мен 200-ге жуық адвокат қатысқан. Айғақты заттар салмағы 6 тонна болатын 104 жәшікке салынған. Тыонг Май Ланмен бірге тағы 85 адам сотқа тартылып, үкімін күтіп отыр.