Арманы орындалған дәрігер

0 25

Халқымыздың денсаулығы күзетінде өздерінің  жанқиярлық еңбегімен көзге түсіп, ел құрметіне бөленіп, көптеген марапаттарға ие болып жүрген дәрігерлер арамызда баршылық. Солардың бірі «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Тараз қаласының Құрметті ардагері, дәрігер Кезембаев Бақберді Боштабайұлы екені даусыз.

Б.Кезембаев 1953 жылы Шу ауданының Калинин атындағы колхозында шаруа отбасында туылыпты. Ол бала кезінен ата-анасының жақсы тәрбиесін бойына сіңіріп, еңбексүйгіш, тәртіпті, ешкімнің ала жібін аттамайтын  болып өседі. Орта мектепті аудан орталығында бітірген соң көп ойланып жатпай бірден дәрігер мамандығын таңдайды. Себебі, оның туыстары арасында ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, тәуіпшілдікпен айналысқан кісілерде, дәрігер де болыпты. Сондықтан жақсы дәрігер болу оның бала кезінен арманы болған екен. Сол арманына жету үшін ол құжаттарын Алматы Мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне тапсырып, қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, студент атанады.

Аталған мединститутты 1976 жылы ойдағыдай аяқтаған соң оташы мамандығы бойынша интернатураны Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімшесінде өтеді. Институтта негізінен хирургия ауруларын емдеудің теориясымен таныстыратыны белгілі. Ары қарай қызметте сол білімді практикамен ұштастыра білгенде ғана жақсы оташы болатынын түсінген Бақберді Боштабайұлы хирургияның қыры мен сырын тезірек меңгеру үшін өзінің жеке уақытымен санаспай, бөлімде түнгі кезекшілікке жиі қалып, тәжірбиелі оташылардан жалықпай үйреніп отырады. Әсіресе, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігерлері Н.Мұқышевтан, А.Овсянниковтан және бөлім меңгерушісі  К.Үсеновтан көп нәрсені үйреніп, тәжірибесін толықтырады. Олардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіруге тырысады.

Бір жылдық интернатураны бітірген соң, облыстық денсаулық сақтау бөлімі Бақберді Боштабайұлын Талас ауданының орталық ауруханасына оташы етіп жібереді. Ауруханадағы жас оташыға алғашында өз бетінше жұмыс істеу оңай болмайды, көп қиындықтарға  кездеседі. Осындай сәттерде ол ұстаздарының көмегіне жиі жүгініп, кеңес алып отырады. Уақыт өте келе өзіне деген сенімі артып, жауапты жұмысқа бейімделе бастайды. Талай хирургиялық ауруды өлім тырнағынан арашалап қалады.

Біраз жыл ауданда қызмет еткеннен кейін Жамбыл қаласына ауысып, медицина училищесінің білімгерлеріне хирургия пәнінен дәріс береді. Олардың хирургия саласы бойынша білім ауруларына өз үлесін қосады. Сонымен қатар оташылықтан қол үзіп қалмау үшін қалалық ауруханада кезекші оташы болып жұмыс істейді. 1980  жылы облыстық онкологиялық диспансерге қатардағы оташы болып орналасады. Біраз уақыт өткенде өзі жұмыс істейтін бөлімнің меңгеруші болып тағайындалады. Осы кезден бастап Б.Боштабайұлының қызметте өсу жолы басталады. Облыстық онкологиялық диспансерден кейін ол Жамбыл  қалалық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушінің орынбасары, қалалық №5 емхананың және облыстық онкодиспансердің бас дәрігері болып қызмет етеді.

Әртүрлі қызмет атқара жүріп мол тәжірибе жинақтап, білімін толықтырған Б.Кезембаевты облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1980 жылы  облыстық қан орталығына директор етіп жібереді. Аталған орталықты ол 20 жылдай басқарып, жемісті еңбек етеді. Тәжірибелі, білікті, талапшыл, ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы бола біліп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының сенімін ақтайды. Оның атсалысуымен қалада облыстық қан орталығының типтік жобадағы көпқабатты кешені 2011 жылы пайдалануға беріледі. Қызметкерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған мұндай сәулетті кешен басқа обылыстар мен Алматының өзінде де болмаған. Жаңа қан орталығын сапалы жабдықтармен жабдықтап, қазіргі заман талабына сай аппараттармен жарақаттандыру үшін директорға  бірнеше шет мемлекеттерді аралауға тура келеді. Облыстық қан орталығының жұмысын жақсарту жолында Бақберді Боштабайұлы барлық күш-жігерін жұмсайды. Қанды тексеру, дайындау, сақтау ісіне талапты күшейтеді. Облыс тұрғындары арасында донорлықтың маңызы туралы насиқаттау жұмысы дұрыс жолға қойылады. Қанды тексеру, сақтау, қай ауруханаға берілгені компьютерге енгізіліп, қатаң бақылауға алынады. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді. Қан дайындаудың сапасы жақсарады. Орталықтың дәрігерлерін білімдерін жетілдіру үшін алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерге жіберу қолға алынады. Директордың өзі Алматы, Астана, Бішкек, Ташкент, Мәскеу, Харьков, Тел-Авив, Иерусалим, Барселона, Амстердам, Лондон, Сеул сияқты астаналық қалаларда өткізілген ірі халықаралық жиындарға қатысып, бірнешеуінде баяндама жасайды. Дүниеде болып жатқан жаңалықтармен танысып, білімін толықтырады. Көрген, естіген жаңалықтарын өзі басқарып отырған орталыққа енгізуге тырысады. Осындай еңбектердің арқасында Б.Кезембаев директор болған жылдары қан орталығының жұмысы бұрынғыдан жақсара түседі. Жасы ұлғайып, зейнетке шыққаннан кейін де Бекең үйінде қол қусырып қарап отырмай, орталықта дәрігер трансфузиолог болып жұмыс істеуде .

Б.Кезембаевтің көп жылдық қажырлы ерен еңбегі жоғары бағаланып, ол «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Тараз қаласының Құрметті ардагері», Ресей Федерациясының «Гиппократ» төсбелгілерімен және облыс, қала әкімдерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бәкенің жұбайы Бибігүл жоғары білімді физика пәнінің мұғалімі. Екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бәрінің жоғарғы білім алуларына жағдай жасап, құтты орындарына қондырып, бірнеше немере сүйіп отырған бақытты ата-ана. Олардың Нұрлан есімді ұлы мен Әсем деген қызы әке жолын қуып дәрігерлік мамандықты таңдаған. Нұрлан Жамбыл аудандық орталық ауруханасында бас дәрігердің бірінші орынбасары болып қызмет етіп жүр. Ал Әсем Алматыда дәрігерлік қызметте. Үлкен ұлдары Нұрдәулет Астанада салық  комитетінде жұмыс істейді. Екінші қызы Әселдің мамандығы — экономист.

Жақында бір жұмыспен облыстық қан орталығына барғанымда Бақберді  Боштабайұлын кездестіріп қалдым. Шашы сиреп, ағарғаны болмаса, жасы жетпістен асса да әлі тың көрінді. Бір жылдары екеуіміздің қызметтес болғанымыз бар еді. Өткен-кеткенді еске алып, біраз әңгімелесіп, шер тарқаттық. Оның әңгімесінен өткен өміріне риза екенін, бала кездегі жақсы дәрігер болсам деген арманының орындалғанын түсіндім. Қазіргі директор Гулам Мұхтарұлы Омаров  туралы жақсы пікір айта отырып, типтік жобамен салынған кешенің ішін аралатып көрсетті. Орталықта тазалықтың, тәртіптің қатаң сақталатынын өз көзіммен көріп, риза болдым және қызметкерлердің Бакеңді сыйлайтынын байқадым. Кешенді аралап, жұмысымен танысқаннан кейін Бақберді Боштабайұлына жұмыста жаңа табыстарға жете беруіне тілектестік білдіріп қоштастым.