Бір сиырдан басталған бизнес

0 60

Ұлттық ас әзірлеуді шебер меңгеріп, оны кәсібіне айналдырғандар ел экономикасына үлес қосып ғана қоймай, халықтың өзіндік құндылықтарын да танытады. Осындай игі іс атқарып жүрген нәзік жандылардың бірі – Байзақ ауданының Үлгілі ауылындағы Береке Мейрамқызы. Ол сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Құрт-ірімшік секілді ұлттық тағамдарымызды дайындап, сатылымға шығарумен қатар, 11 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған алтын алқалы ана.

Береке Төлеубаева – Сарысу ауданындағы Жайылма ауылының тумасы. Мектеп бітіріп, Тараз қаласына білім іздеп келгенде Өзбекстаннан келген қазақ жігіті Ибрагим Сағындықұлымен танысып, отбасын құрады. Сөйтіп, ойламаған жерден Өзбекстанның Сырдария облысы, Сейхұн-Абад деген ауылына келін болып түседі. Кейін отбасымен осында қоныс аударып келеді.

– Өзбекстанда тұрғанда әкем мал асырап, егін де салды. Мен жас болсам да әке жанында жүріп, көргендерім бар. Үлгіліге келе сала сиыр сатып алдық. Осы кезде анам сиыр сүтінен құрт дайындап сату туралы кеңес берді, – деді Ибрагим Сағындықұлы бізге кәсіптерін таныстырып.

– Әкем Мейрам мен анам Жұмакүл ұзақ жылдар сауда саласында қызмет етті. Отбасымыздағы 1 ұл, 4 қыздың кенжесімін. Әке-шешемнен сауда жасауды біршама үйренсем де, сиыр сауып, құрт дайындаудан хабарым жоқ еді. Енем мұны бар болғаны бір апта ішінде-ақ үйретті, – деп күйеуінің сөзін жалғады Береке Мейрамқызы.

Міне, осылайша екі жастың 2010 жылы бір сиырдан бастаған кәсіптері бүгінде қарқынды дамып келеді. Алғашқыда халықтан қосымша сүт қабылдап, құртты молырақ дайындаған күндер артта қалды. Бүгінде онға жуық мүйізді ірі қараны ұстап отырса, оның басым бөлігі сауын сиырлар. Арагідік басқа жерлерден әлі де сүт қабылдап тұрады. Береке болса сүт саууға да, құрт дайындауға да машықтанып алған.

Ибрагим өз ауласынан алдымен құрт дайындайтын арнайы цех ашты. Онда сүзбені дайындайтын 200 келілік үлкен бөшке қойылған аппарат тұр. Онымен қатарлас қойылған құрт шығаратын станоктың 20 түрлі құрт шығаруға мүмкіндік беретін қондырғысы (насадка) бар. Алдағы уақытта тағы 10 түрлі қондырғы алуға сұраныс жасалып қойылған. Ал үлкен тор үстелде құрт кептірілетінін білдік. Ибрагимнің 30 сиыр ұстауға арналған үлкен қыстық қорасын да көрдік. Ішіне суына дейін кіргізіп, астауы, жарығы, басқа да жағдайлары түгелдей жасалған. Оның артқы жағындағы сиырға арналған жаздық бастырмасы да көз тартарлық.

– Келешекте мал басын көбейте отырып, құрт қана емес, қатық, сүзбе, май, айран, сүт, кілегей, ірімшік дайындап, оны стандартқа сай етіп шетелдік нарыққа шығаруды да ойластырып отырмыз. Бұл үшін Германиядан күніне 35-40 литр сүт беретін 30 сүтті сиыр әкелуге келісім жасаудамыз.

Биыл да 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру ісі жалғасын табуда. Осы бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттен грант алу да ойымызда бар. Сол үшін де тынбай еңбек етіп жатырмыз, – дейді кәсіпкер келіншек Береке.

Бүгінде өз жұмыстарын бір арнаға түсірген кәсіпкер Береке Мейрамқызы «Ауыл береке» базарынан екі орын алып, сүт өнімдерінен жасалған тағамдарды сатумен айналысады. Тағамдарының бағасы да анау айтқандай қымбат емес.

Береке 15 жылға жуық уақыттан бері өз кәсібін дөңгелетіп отырғанымен бірге 11 баланы өмірге әкелген бақытты ана екенін жоғарыда атап өттік. Ең кенжесі 1 жастан асып, жүре бастады. Бар болғаны 40 жасқа жетпей-ақ «Күміс алқа», «Алтын алқаның» иесі атанды. Үлкен ұлы Нұрмахамед әкесінің көмекшісі болса, Әсия мен Мәдина Астана, Көкшетау қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенті. Олардан кейінгі 5 баласы мектеп қабырғасында, кейінгі үшеуі мектеп жасына жете қойған жоқ.

Үйдегі балалардың күтімін жасап, оқушылардың сабағын қадағалауда Берекеге енесі мен анасы көмектеседі. Ауладағы малды оқушы балалары жайғайды, ал құрт дайындауға оқушы қыздары көмектеседі. Жастайынан балалары еңбекқорлыққа тәрбиеленіп өсуде. Олар сабақты да жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.

Отбасымен бірге қиындықтарды еңсеріп, еңбектенумен жетістіктерге жетіп отырған кәсіпкер, көпбалалы ана Берекенің алға қойған жоспарлары да жоқ емес. Оған мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант, жеңілдетілген пайызбен несие және басқа да көмектер көрсетілсе, бұдан да биік нәтижеге жетері анық.