Науқанға қаншалықты дайынбыз?

0 34

Әр күні – жылға азық шаруаға жайлы шуақты күндер жақындап келеді. Дала төсін дүбірге толтырар, жер тамырын тап басар сәт туғалы тұр. Осыған қаншалықты дайынбыз? Дихан мен бағбанның қолын ұзартуға қандай тірліктер тиянақталып жатыр? Биылғы жылдың жоба-жоспарлары мен межелері қалай белгіленген? Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық және ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың барысы туралы баяндаған аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов қазіргі нақты жағдайды талдап берді. Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізуге дайындық жүргізілуде. Ауданда биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 53562 гектарды құрайды деп күтілуде. Атап айтқанда, 17480 гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 2500 гектарға майлы дақылдар, 1500 гектарға қант қызылшасы, 182 гектарға картоп, 7500 гектарға көкөніс, бақша дақылдары егілмек. Бұған қоса, мал азығы дақылдарының көлемі 24400 гектарға жеткізілмек. Жаздық дақылдарға 34850 гектар, қант қызылшасына 635 гектар сүдігер көтерілді.

Сапалы тұқым – мол өнім кепілі екені айтпаса да түсінікті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2516,6 тонна тұқымның 2513,2 тоннасы дайын. Шаруашылықтарға жетіспейтін 3,4 тонна қант қызылшасының тұқымы арнайы тұқым жеткізушілер арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта шаруашылықтарда дайындалған 1920 тонна жаздық арпа тұқымын лабораториялық тексеруге өткізу үшін тендер қорытындысы күтілуде.

Биыл ауданға қант қызылшасын себу жөніндегі тапсырма 1500 гектар көлемінде беріліп отыр. Күз айларында осы тапсырма ауылдық округтерге ұсыныс ретінде бөлініп беріліп, әр ауылдық округ бойынша қант қызылшасын себетін шаруашылықтар тізімі алынды. Нәтижесінде тәтті түбірді егетін дихандар бұл жоспарды 157 гектарға артық орындайын деп отыр.

Соңғы жылдары егіске қажетті су тапшылығына байланысты су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы артып келеді. Биыл 6200 гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Өткен жылы ауданда 40 ұңғыма қазу жоспарланып, 43 ұңғыма қазылды. Бұл өз кезегінде 1796 гектар егістік жерді ағынсумен қамтамасыз етті.

Ауданда көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылатын техникаларды жөндеу аяқталып келеді. Қазір қолда 244 трактор, 92 соқа, 58 дәнсепкіш, 180 тырма, 55 қопсытқыш, 13 тұқым улағыш бар. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 621 тонна дизель отынына өтінім беріліп, аудан бойынша оператор болып «Самойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Дизель отынының шекті бағасы – 250 теңге. Сонымен қатар 7000 тонна минералды тыңайтқыш алып, шамамен 29550 гектар алқапқа енгізу жоспарлануда.

Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру туралы шаруашылықтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 4 шаруа қожалығы «Кең дала» бағадарламасы бойынша 96,0 миллион теңгеге өтінім берді. Ауданда 29020 гектар суармалы егістік жер бар. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы «Аса» өндірістік бөлімшесінің 2024 жылға жасаған болжамды жоспарына сәйкес 17863 гектарға ғана ағынсу беруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар уәкілетті органның келісімінсіз Аса, Талас өзендерінен және каналдардан суару қондырғылары (мотор) арқылы ағынсу алуға тыйым салынады.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған Ерлан Қыдыралыұлы алдағы жауапты науқанның басым бағыттарын назарға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ