Әке ісін жалғастырып келеді

0 24

Ботамойнақ ауылында мал, егін шаруашылығымен айналысып, табыс тауып отырғандар аз емес. Солардың бірі – 17 жастан бері әкесіне көмекші болып келе жатқан Дінмұхамед Айтқұлбек.

Оның әкесі Мұрат Тырнақбаев өз ауласында мал бордақылап, өткеруді 2010 жылы қолға алған. Алғашқыда 10 бастан бастаған ол шаруасын дамыта келе бордақыға қойылған мал басын 200-ге дейін жеткізген болатын. Міне, кәсіп бастағаннан Дінмұхамед әкесіне көмекші болып, сабақтан бос кезінде мал жанынан табылатын. Жастайынан малсақ болып өскен жеткіншек ақыры 2020 жылы әке атқарған кәсіпті өз қолына алды.

– Әкемнен үйренгенім бойынша биыл үшінші жыл 200 басқа жуық жылқыны бордақылауды қолға алдым. Әуелі оған қажетті қора-жайларды реттеп алсам, жаз айында жем-шөбін дайындаймын. Өзіміздің 20 гектар жоңышқалығымыз бар. Жемді сатып аламыз. Мал бордақылауда екі адамды жұмысқа тартып отырмын. Жыл сайын жоңышқа, кебек, ұн беріп бордақыланған жылқылар денесіне қарай тірі салмақта 600-800 мың теңге аралығында өткеріледі, – дейді Дінмұхамед.

Жас кәсіпкер мал бордақылаудың қыр-сырын жетік меңгеріп алған. Мал күтімдеудің жағдайларын жақсы біледі. Оның айтуынша, жылқы 2-3 ай байланғанда семіреді екен.Соғым кезінде айына 45-50 бас мал сатылады.

Әкесі Мұрат пен ағасы Бексұлтан да өз жұмыстарынан қолдары қалт еткенде ауладағы малдың жем-шөбін беріп, суаруына көмектесіп тұрады. Ет алып, сатылуға дайын болған малдарды реттеп тұруды да ұмыт қалдырған емес.

Дінмұхамедтің мал бордақылаумен бірге көкпарға да қызығушылық танытатынын сөз арасында байқап қалдық. Оның ауласындағы жеке қорадан ерекше күтімге алынған бойы биік, денесі мығым екі тұлпарға көзіміз түсті. Сұрай келгенде, ол өзі көкпар тартпағанымен екі атты ұстап, көкпаршыларға беріп одан да пайда табатынын білдік.

– Мен мемлекеттен ешқандай көмек алған емеспін. Алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа ие болып немесе жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсіпкерлігімді кеңейту ойымда бар, – дейді ол.

Сүндетулла ӘБІЛОВ