ӨМІРІ ТЕМІРЖОЛМЕН ӨЗЕКТЕС

0 19

Қазақстан теміржолында табыны күректей 41 жыл еңбек еткен Мұстафа Машрапов болат жолдың бойында вагон жөндеуші, вагон тіркеуші сияқты түрлі жұмыстар атқарып, осы саланың маманы болып қалыптасты. Ол сондай-ақ өміріне өлеңін серік еткен ақынжанды адам.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданына қарасты шағын ғана Пістелі ауылының тумасы Мұстафаның өлеңдері аудандық «Шамшырақ», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жарияланып тұрды.

Отан алдындағы борышын өтеп келген 1979 жылы Шымкенттегі құрылыс мекемесіне тас қалаушы болып орналасады. Әйтсе де, оның әдебиетке деген ынта-ықыласы Алматыдағы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсуіне түрткі болады. Еңбек пен  оқуды қатар алып жүру үшін ол Алматыдағы теміржол депосына вагон жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Теміржол депосында еңбек еткен жылдарында түрлі марапаттарға ие болады. Кейін Жамбыл теміржол бөлімшесінің вагон депосына ауысады.

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, 1992 жылы диплом алған Мұстафа Әмірбекұлы мамандығы бойынша Тараз қаласындағы №49 орта мектепке жұмысқа кіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен балаларға сабақ береді. Дегенмен сол бір өтпелі кезеңдегі дағдарыстың салдарынан алты ай бойы жалақысын ала алмаған соң, амалсыздан теміржолға қайта оралады. Содан осы салада қалып қойған Мұсекеңнің еңбегі елеусіз қалған емес. 2010 жылы Көлік және байланыс қызметкерлері күніне орай Алғыс хатпен марапатталады.

Мұстафа Әміребекұлы ақындықтан қол үзген жоқ. Ақындық мамандық емес, ол – Алланың берген сыйы. Жақсы өлең жазсаң жаның жадырап, көңілің марқайып қалады. Осы жылдар аралығында оның жырлары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттері мен «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында, басқа да мерзімдік басылымдарда жарияланып тұрады.

Ол алғаш рет 1988 жылы Ленин комсомолының 70 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар мүшәйрасында жүлдегер атанды. 2018 жылы «Тараз тарихы және дін – ғылымның анасы» тақырыбында ұйымдастырылған республикалық мүшәйрада екінші орын иеленген. Ал, 2021 жылы жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай өткізілген жазба ақындар сайысында ынталандыру сыйлығына ие болды.

Өлең өлкесіне отау тіккен ақын Мұстафа Машраповтың 2006 жылы «Қиялдың қанатында өмір сүрдім» атты жыр жинағы, 2013 жылы балалар тақырыбына арналған «217 жұмбақ» кітабы жарық көрді. Ол бүгінде «Құрмет шыңы» деп аталатын жыр жинағын әзірлеу үстінде.

Ардагер теміржолшы зейнеткерлікке шыққалы бері шабытына шабыт қоса түскендей. Өлеңді бұрқыратып жазып жатыр. Әлі-ақ оның сырға толы жырларын сүйсіне оқитын боласыздар.

«Неге сары десеңіз, немістің қызы шешеміз» деп ағынан жарыла жөнелетін Мұстафа Әміребекұлы бүгінде жұбайы Сағынбүбі екеуі бес ұл мен қыздан төрт немере сүйіп отырған өнерлі де, өнегелі отбасының сүйікті атасы мен әжесі.