Әр азаматтың дауысы маңызды

0 18

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 5-ші маусымда «Республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Межеленген күн де жақындап келеді. Осы аптаның жексенбісінде елімізде бүкілхалықтық референдум өтеді. Осы орайда аудандық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Тілеповпен сұқбаттасқан едік.

– Манарбек Әмреұлы, «Референдум өткізу туралы» Президент Жарлығы шыққаннан бері еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары осы тақырыпты кеңінен қаузап жазып жатыр. Бір нәрсе анық, 5-ші маусым күні елімізде өтетін референдумның маңызы да, мәні де айрықша болғалы тұр. Өйткені «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңашыл көзқарас керек. Жауапты науқанға дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

– Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 20-бабына сәйкес, референдумға дайындық пен оны өткізу орталық, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларына жүктелген. Ал олардың функциясын орындаушы референдум комиссиялары болып табылады. Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына аудан бойынша бір аудандық референдум комиссиясы мен 35 учаскелік референдум комиссиясының 237 мүшесі қызмет көрсетеді деп күтілуде. Орталық референдум комиссиясының арнайы бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес, облыста аумақтық және учаскелік референдум комиссияларында дайындық жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.

Сосын сіздің осы сұрағыңызға қосымша тағы бір деректер айта кетсем деймін. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 24 және ҚР «Республикалық референдум туралы» заңының 25-баптарына сәйкес, референдумға қатысу құқы бар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерек қордың негізінде жасайды. Ал ҚР ОСК «Сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну қағидалары» туралы 2018 жылғы 23-тамыздағы №11/196 қаулысына сәйкес, сайлаушылардың тізімін салыстырып тексеруді ҚР ОСК «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бөлінген байланыс арнасы арқылы аумақтық референдум комиссиялары жүзеге асырады.

– Түсінікті. Референдум өтетін күні мүмкіндігі шектеулі жандар да дауыс беруі керек қой. Өйткені олар да осы елдің азаматы мен азаматшасы. Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне толықтай жағдай жасалған ба?

– Жалпы заң талаптарына сәйкес, (18-39-48-бап, 2-1; 8-бап, 2-тармақ) мемлекеттік және жергілікті органдар референдум учаскелерін телефон, интернет байланыстарымен, электр энергияның қосымша көздерімен, сумен, компьютерлік техникамен, өрт қауіпсіздігінен, санитариялық нормаларды сақтау және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және олар дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде кедергісіз кіруіне, дауыс беруіне жағдайлар жасаулары тиіс. Референдум өтетін мекен-жайларда (учаскелерде) пандустар, тактильді жолақтар орнатылуы тиіс. (18-39-48-баптар.) Сол сияқты қала, аудан орталықтарында колл орталықтардың жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Ауданда референдум учаскелерін жабдықтау барысында референдум учаскесінде дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталып, ҚР ОСК бекітілген нұсқаулыққа сәйкес, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ауданда дауыс беру құқығына ие 99 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 47-сі тірек-қимыл аппараты бұзылғандар (арбаға таңылғандар) болса, 28-і көзі нашар көретіндер, 18-і есту қабілеті нашар жандар. Осы азаматтар мен азаматшалар үшін әр 35 референдум учаскесінде пандустар, тактильді жолақтар, арнайы кабина және жабдықталған бұрыш құрастырылған. Сондай-ақ референдум өтетін күні инва-такси жұмыс істейтін болады.

– Соңғы сұрақ. Аудан жұртшылығына айтар тілегіңіз…

– Қадірменді жерлестер! 5-ші маусым күні сіздерді референдум учаскелерінде күтеміз. Белсенділік танытыңыздар. Себебі әрбіріңіздің дауысыңыз – өте маңызды. 5-ші маусым күні жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, әрбір референдум учаскесінде музыкалық концерттер ұйымдастыру жоспарланып қойған. Сондай-ақ алғаш дауыс берген адамдарға аудандық референдум комиссиясы атынан естелік сыйлықтар да табысталатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұқбаттасқан

Марат ДИХАНБАЙ.