БІР КҮЙ БАР ДОМБЫРАМДА ТАРТЫЛМАҒАН

0 47

…Сахнада «Сарыарқа» күйі сорғалап тұр. Оркестрдегі он аспап ойға да түседі, қырға да шығады. Байыз таппайды. Кәдуілгі даланың сарынын, сол сайын далада аласұра шапқан арғымақтардың дүбірін құлағыңа әкеледі. Әкеледі де құлақ құрышыңды қандырады. Сенің де делебең қозып, орныңнан атып тұрып, сол сан дүбірге ілесіп кеткің келеді.

Сахнада он бес жасар қаршадай қыз отыр домбыраның шанағын соққылап, сағағын санамалап. Зал да, қазылар алқасы да демдерін ішіне тартып, бар болмысымен күй тыңдап отыр. Омыраулата өршеленген күй саябырсып барып тына қалды. Бұл — үлкен концерт емес, жас домбырашылардың облыстық байқауы. Қол соғуға да болмайды. Бірақ жаңағындай жан сергітетін күйді естіп отырып қалай қол соқпассың. Байқаудың шарты бойынша үміткер үш шығарма орындауы керек. Ілкі сәт екінші күй де жәймен, күйменің орнынан қозғалғандағы сыңғырындай басталып, бірте-бірте сан аттың шабысына ұласты. Бұл Төлеген Момбековтың «Мың жылқы» күйі еді.  Шалқар шабытпен басталған Дина Нүрпейісованың «Науысқы» күйі де ой шаңырағының уығын ағытып жібергендей болды.

…Шіркін! Не деген шабыт! Осының бәрін он саусағына бағындырып отырған Меркідегі Құрманбек Жандарбеков атындағы №1-ші музыка мектебінің оқушысы Мария Аманқызы болатын. Байқау да аяқталды. Қазылар алқасы көп ойланып-толғанып жатпады. Марияға лауреат атағын берді. Бұл осы музыка мектебінің тарихындағы тұңғыш атақ еді. Ол кезде Мария №17 И.Трубицын атындағы орта мектеп пен музыка мектебінде қатар оқитын.

   Қос ішектің бірін тартып, бірін бос қойып, қазақ халқының ұлттық аспабын еркін меңгерген Мария қыз кім? Олар бүкіл үйелменімен көрші жатқан Қырғыз елінен 1979 жылы Меркіге көшіп келді. Мария сол жылы бірінші класқа барды. Алғашқы ұстазы Лидия Нүсіпбекқызы оның орысша сауатын ашып, қолына домбыра ұстатты. Оның жөні де бар, әкесі Аман 45 жыл ұстаздық еткен математик болғанымен баян тартудан, зайыбы Тамара ән айтудан алдына жан салмайды.

Мария 1989 жылы ЖенПи-ге оқуға түсіп, оқу орнын «қызыл» дипломмен бітірді.

– Жоғары оқу орнында оқып жүргенде ЖенПи-дегі «Ұлар» ансамблінің құрамында Түркиядағы Измир қаласында өткен І-ші Халықаралық музыка фестиваліне қатыстым. Атақты әнші Жанар Айжановамен бірге оқып, бір бөлмеде жаттым. Айтпақшы әнші Гауһар Әлімбекова да бізбен бірге, бірақ, төменгі курста оқыды. Нағыз талант иелері ғой, өзім өлең айтпасам да оларды тыңдаудан жалықпайтынмын, – дейді ол қызығы мен қызуы мол жастық шағын еске алып.

Ол кезде оқу бітіргендерге жолдама беретін. Осындай жолдамамен Мария Қостанай облысының Арқалық қаласына аттанды. Сол қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың ұлт аспаптар кафедрасында 2002 жылға дейін мұғалім болып істеді. Меркіге оралған соң, осы №1 саз мектебіне орналасты. Содан бері 20 жыл осы оқу орнының ыстық-суығына түсіп, еңбек етіп келеді. Ол өзінің Меруерт Рысмедетова, Гүлбайра Сарыбаева, Қуаныш Тұрсынбек, Валентина Дойка сияқты шәкірттерін мақтан етеді.

– Шәкірттерімнің бәрі жақсы. Мәселен Қуаныш консерваторияда оқыса, Гүлбайра өзіммен бірге жұмыс істейді. Меруерт өзім оқыған ЖенПи-де жүріп, Талдықорған қаласында өткен студенттердің ҮІІ республикалық «Жас толқын» фестиваліне қатысып, екінші орын алды. 2008 жылы өткен Олимпиадада негізгі аспап – домбыра номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, мерейімді өсірді, – дейді М.Райымқұлова мақтанышпен.

Мария Аманқызы музыка мектебіндегі «Меркі сазы» ансамблін де өзі құрды. Әрі «Меркі әуендері» ансамбліне көркемдік жағынан жетекшілік етеді. Өнер мен білімді қатар алып келе жатқан білікті ұстаз әрі майталман мәдениет қайраткері 1993 жылы осы ансамбльдің құрамында Монғолияның Баянөлгий өлкесінде өнер көрсетті. Ал 2015 жылы Чехославакияның Прага қаласында өткен ҮІІ Халықаралық фестиваліге қатысып, ұйымдастыру комитетінің Алғыс хатын алды.

2014 жылы М.Райымқұлова «Үздік педагог», «Үздік ұстаз», «Үздік жетекші» деген дипломдарға  ие болды.  Тараз қаласында өткен ІІІ-ші республикалық фестивальде шәкірті Диана Каркмозова бірінші орын алып, лауреат атанды. Ал ұстазы облыстық мәдениет басқармасының және білім бөлімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасымен марапатталды. Келесі жылы Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының «Менің Қазақстаным» атты фестиваліне шәкірті Валентина Дойка қатысып, қазақтың қара домбырасын тартты. Төрешілер оған бірауыздан бірінші орынды берді.

Мария Аманқызы ұйымдастырған «Меркі сазы» домбырашылар ансамблі 2018 жылы  республикалық «Күншуақ» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алса, ол басқаратын «Меркі әуендері» ансамблі де облыс бойынша бас бәйгені жеңіп әкелді. 2019 жылы білікті педагогқа облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Осының барлығы 26 жылдан бері білім мен өнерді қатар алып келе жатқан қайраткердің қажырлы еңбегінің жемісі десе болады. Мария өзіне дәріс берген Қазақстанның Халық әртісі Қаршыға Ахмедияровты  ұстаз тұтады. Өзі де ансамбльге партитура, оркестровка, оранжировка жазады.

…Мария қолына домбырасын алғанда «…бір күй бар домбырамда тартылмаған» деп тұрғандай көрінеді маған.