ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫНА ЕКПІН БЕРУ ҚАЖЕТ

0 19

Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 1- бабының 3 — бөлігіне, 168, 169-баптарына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде ҚР Азаматтық процестік кодексінің қағидалары қолданылады. Апелляциялық және кассациялық сатыда сотқа шағым келтіру тәртібі мен әкімшілік істер бойынша өндіріс Азаматтық процестік кодексінің тәртібімен айқындалады.

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 20-желтоқсандағы №84-VI «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес Азаматтық процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған Кодекстің 401-бабының 2-бөлігі келесі мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылған: «мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады».

Осыған ұқсас кассациялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуі бойынша жүргізілетіндігі Кодекстің 435-бабында да көрсетілген.

Осыған орай, енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау кезінде бірқатар процестік іс-әрекеттер жасауы тиіс.

Осы ретте, шағым берген органның құрылтай құжаттары да тіркелуі қажет. Көрсетілген келісім жоғары тұрған мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адаммен жасалады. Сондай-ақ бірінші басшының құқықтық бөлімді қадағалайтын орынбасарымен, оны растайтын құжаттарын, яғни, функционалдық міндеттерді бөлу және жүктеу, тағайындау туралы бұйрықты тіркей отырып, келісім жасауына рұқсат етіледі.

Мұндай өкілеттіктерді сенімхат арқылы аумақтық бөлімшенің қызметкеріне жүктеуге жол берілмейді. Келісімде шағым нақты қандай сот актісіне келтірілетіні, оның ішінде соттың атауы, сот актісінің шыққан күні, қандай іс бойынша, істің нөмірі, тараптар және талаптың нысанына сілтеме жасау қажет.

Сотқа шағым түскен кезде шағым иесінің жоғары тұрған мемлекеттік органға қатыстылығы, жоғары тұрған мемлекеттік органның шағымға келісім жасаған тұлғасының өкілеттіктер шегі, келісімнің мазмұны мен нысанының мемлекеттік органның ресми құжаттарына қойылатын талаптарына сәйкес келуі тексеріледі.

Апелляциялық шағымды беру кезінде аталған талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталса, судья шағымды, прокурордың өтінішхатын қозғаусыз қалдыратын ұйғарым шығарады және шағым берген адамға, өтінішхат келтірген прокурорға кемшіліктерді түзету үшін мерзім тағайындайды. Судьяның ұйғарымда көрсетілген нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда апелляциялық шағым қайтарылуға жатады.

Жоғарыда аталғандардың негізінде сот актілеріне апелляциялық және кассациялық шағым келтіру кезінде процестік заң талаптарының тиісті түрде орындалуына баса мән беру қажет.