Біздің Маэстро

0 20

Талант – тума қасиет. Ол жүре бітпейді, туа бітеді. Бірақ талантты ұштау, оны дамыту адамның өз қолында. Өйткені түз тағысы секілді асау қасиетке құрық салып бас үйрету, оны өзің қалаған бағытта жүргізіп-тұрғызу, бәйгеге қосып даңқына бөлену ерен еңбек пен терең білімді талап етеді. Осы қағидаттың бәрін ұстанып, таланттың тұлпарын ерттеп мінген мойынқұмдық бейімдеуші-композитор, әнші марқұм Біржан Толыбаев.

Тумасынан еліктеуді білмейтін Біржан Қожағұлұлы әр шығармасын бауыр еті баласындай жүрегінде толғап дүниеге әкелетін. Оның тереңнен тебіреніп шыққан кәусар туындыларын ел әлі де сүйсініп тыңдайды. Шеберлігіне сүйінген туған халқы «Біздің Маэстро» деп мақтаныш тұтатын.

Біржан Толыбаев Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы. Әкесі Қожағұл Ұлы Отан соғысының ардагері. Байқадам әскери комиссариатының бастығы қызметін атқарғанымен күйшілік өнері бар, Арқа, Жетісу ән мектептерінің дәстүрінен хабардар әнші болатын. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болған анасы Күләшай да ауыл іші тойларында ән айтуға бейім болған. Әжесі әйгілі Кененмен сөз сайыстырған айтыскер ақын дәрежесіне дейін жеткен.

Біржан дүниеге келгенда Қазақстанның халық әртісі Манарбек Ержанов Байқадам ауылында гастрольдік сапармен жүр екен. Көмей әншіні әкесі құрметтеп қонаққа шақырып, сол жерде «балама ат қойып бер» деп қолқа салыпты. Манарбек Ержанов: «Өз ныспыңыз Қожағұл екен, бұл баланың есімі «Біржан» деп өзі сұранып тұрған жоқ па? Сенің атың — Біржан», деп құлағына азан шақырып үш рет қайталапты.

Дарынды ортада туған бала жастайынан өнерге әуес болыпты. Төрт жасынан 12 тілді гармошкада ойнаған. «Гармошканы күні-түні қолымнан тастамай сарнатады екенмін. «Ақтамақ» әнін орындағанда әкеме «тап-тап!» деп аңыраймын. Әкем түсінбей аң-таң. Бір күні үйге келген Рақманқұл көкем «Бұл бала мына аспапта бір октаваның жоқ екенін біліп отыр, бұған енді күрделі сырнай «Баянды» әперу керек», деп ақылын айтыпты. Содан қолым баянға жетті, өнердегі өмірлік серігіме айналды», деп еске алыпты бір сөзінде Біржан аға.

Бала Біржан Көктерек (қазіргі Мойынқұм) ауданы, Бірлік ауылындағы Киров мектебінде (қазірігі Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп) оқып жүрген жерінен 1965 жылы 11 жасында арнайы комиссияның ұйғарымымен Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне қабылданады. Оны бітіргеннен кейін Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдениет институтының «Музыка және ән» факультетіне түседі. Оқуды үздік бітірген жас дарын «Баян» кафедрасына ұстаздыққа қалдырғанына қарамастан туған өлкесіне оралып, Мойынқұм аудандық музыка мектебіне «баян» класына оқытушы болып орналасады. Жас дарын оқушылар арасында тұңғыш рет «Жайдарман» вокальді-аспапты ансамбль ұйымдастырып, музыка маманына сусап отырған ауданның мәртебесін көтеріп, биіктерден көріне білді. 1976 жылы Бүкілодақтық (ВДНХ СССР) көрменің күміс медалімен марапатталды.

Ол көркемдік жетекшісі болып табылатын «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблі 1978 жылы Мәскеуде өткен фестиваль-конкурсқа Қазақстан атынан қатысып, 84 ансамбльдің ішінен 2-орынды жеңіп алды. 1979 жылы қазан-қараша айларында Кеңес Одағы атынан Португалияда өткен «Дни Советского Союза на примере Казахстана» күндеріне қатысып, Қазақстанның ән-би, ұлттық өнерін насихаттады. Сол жылы І-ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды.

«Мойынқұм» ансамблі «Қазақстан» телерадиокомпаниясының 28 түсіріліміне шақырылып, «Сахнада өнерпаздар», «Алтыбақан», «Тамаша», «Өнерге қанат қаққандар», тағы басқа бағдарламаларда өнерлерін паш етіп, көрермендер алғысына бөленді. Бірнеше ән-күйлерін Қазақстан радиосының алтын қорына жазғызды. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 60 жылдық, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 90 жылдық мерейтойларында «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблімен аудан атынан өнер көрсетіп, ел ағаларының батасын алды.

Біржан Толыбаев өнер, мәдениет қайраткері ғана емес, тағлымды ұстаз да еді. Ұзақ ұстаздық жолында «Тараз» триосының әншілері, Белоруссияның Витербек қаласында өткен бүкілодақтық «Поют учащиеся» конкурсында үшінші орынға ие болған апалы-сіңлілі Елена және Маргарита Долгушевалар, республикаға танымал ақын-композитор Бақытжан Ауданбаев, облыстық драма театрының директоры Ғани Садырбаев, өңдеуші композитор Марс Сүленов сынды елге танымал әншілерді тәрбиелеп шығарды. Мойынқұм ауданында «Жайдарман» вокальді-аспапты ансамблі, «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблі (Мойынқұм ауылы, 1976-1979), «Мерей» (Амангелді ауылы,1986), «Көкжиек» (Бірлік ауылы, 1986 жыл), «Өнерпаз» (Құмөзек ауылы, 1988), «Керегетас» (Қарабөгет ауылы), «Хан тәңірі» (Хантау ауылы, 1990) сынды өнер ұжымын ұйымдастырып, аяғына тұруларына көмектесті.

Әнші-композитор Біржан Толыбаев қырықтан астам әндер мен музыкалық шығармалардың авторы. Әндерін Нағима Есқалиева, Талғат Күзембаев сынды танымал әншілер орындады. Оның «Элегия», «Мойынқұм вальсі», «Көктерек аруы», «Ғасырдың ғажайып сардары», «Сарбаздар», «Жауынгер жыры», «Батыр Қайрат», «Анама», «Жаңа жыл», «Қыр гүлі», «Қаздар ұшып барады» әндері, «Әке туралы толғау» күйі, «Тұлпарсаз», «Көкжиек» аспаптық пьесалары және басқа туындылары әр азаматтың көкейінде ой-толғау, тебіреніс тудырады. Өйткен олар қазірігі «жұлдыздардың» жалаң сөзді, даңғаза әуенінен туындаған жеңілтек дүние емес, жан дүниеңді баурайтын тұңғиық сезімді толғаныстан туған жүрек лүпілі. «Менде ақыл, жүрек, сезім үшеуі бірігіп әуен жазады, қалай шыққанын халық айтады, әділ бағасын береді. Өмір бойы ізденіс пен талпыныста жүргеннің шығармасы құнсыз болмайтыны анық. Туған жерін сүйіп, өз Отанының тарихымен, даму жолымен астасып, көкірек көзімен бағамдай білгеннің туындысы өмірлік. Әуенге сөз жазу өте қиын. Мен ақын емеспін, бірақ менің жүрегімдегі тебіреністі ақын жеткізе алмаған сәтте, өзім ақын болып кетемін», — дейтін сазгер.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Біржан ағаның балалары да – өнерлі жандар. Ұлдары Бауыржан мен Бақытжан баян, домбыра, синтезатор, гитара аспаптарында шебер ойнайды. 1991 жылы үлкен ұлы Бауыржан мен қызы Гүлназ республикалық «Әнші балапан» конкурсына қатысып, лауреат атанған.

Ардақты аға облыстық білім басқармасы, аудан әкімі, мәслихаттың Құрмет грамоталарының иегері, 2013 жылы мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.