ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ХАЛЫҚ ТІЛЕГІН ЖЕТКІЗДІ

0 21

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «АМАNАТ» партиясы депутаттар Фракциясының мүшелері М.Төлепберген, Г.Нұрымова, Н.Раззақ және Д.Тұрғанов Мәжіліс отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.Склярға Тараз қаласында кәріз суларын тазалау қондырғысын салу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Оны Мәжіліс депутаты М.Төлепберген оқып берді.

«Құрметті Роман Васильевич!

Қазақстан өңірлерінің бірдей деңгейде дамуы Мемлекет Басшысы атап көрсеткеніндей, әлеуметтік әділдік тұрғысында өте маңызды. Бұл жағдай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру барысында басты назарда болуы тиіс.

Осы орайда Жамбыл өңірінде көптен бері қаншама рет айтылса да орындалуы сан ондаған жылдарды артқа тастаған бір үлкен әлеуметтік-экологиялық өткір мәселе бар. Қазір Тараз қаласы кәріз суларын тазалау қондырғысы жоқ еліміздегі жалғыз қала болып отыр. Қаланың қалдық сулары іргелес Жамбыл ауданының Қостөбе ауылының маңында орналасқан көлемі 197 гектарды құрайтын сүзгі алқабына төгіледі. Бүгінгі таңда 360 мыңнан астам халық тұратын қаладан алқапқа кәріз жүйелері арқылы келетін қалдық су көлемі жобалық қуаттан 1,5 есе көп түсуде. Сондықтан бұл сулар басқа облыстың аумағына таралып, қоршаған ортаны зиянды қалдықтар және иіспен ластайды. Зертханалық зерттеу нәтижесінде кәріз суларындағы қатты заттар мөлшерінің рұқсат етілген нормасынан кейбірі 60 есеге дейін асып кеткен. Шайынды және сарқынды су төгілетін аумаққа орналасқан Жамбыл ауданына қарасты бес елді мекенде пайдаланып отырған құдықтарынан алынған су сапасы ешбір санитарлық нормаға сәйкес келмейді, техногендік апат аумағына айналатын жағдайда тұр.

Қазіргі таңда көтерілген мәселенің өзектілігіне байланысты қалалық кәріз суларын тазалау кешенін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның қарауына   ұсынылғанымен қабылданған мораторийға сәйкес жоба тоқтап тұр. Жергілікті атқару органдары тарапынан көп жылдан бері қаншама ұтымды ұсыныстар, іс-әрекеттер мен талпынысты қадамдар жасалып жатыр. Бірақ олар түрлі себептермен түпкі нәтижеге қол жеткізе алмай келеді. Осындай себеп-салдардың әсерінен жылдар бойы қордаланған, кемеріне келген ахуал әлеуметтік өткір әрі ашық мәселеге айнала бастады. Ендеше «Елге есеп беретін Үкімет» тарапынан бұл іске ерекше мән беріп, нақты қолдау жасау қажеттігі туындап отырғанын айтуға тиіспіз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елді мекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету мақсатымен:

1) Тараз қаласындағы шайынды сулар жүйесінің қазіргі қиын жағдайына қатысты қажетті іс-шараларды жүйелі түрде  енгізуді;

2) Тараз қаласындағы кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының іске асырылуына қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұраймыз!», делінген депутаттық сауалда.

Иә Таразда шайынды сулардың сүзгі қондырғысын салу — талай әкімнің тісі батпай кеткен өзекті мәселе. Оны шешуге жергілікті биліктің қауқары жетпейтіні белгілі болды. Өңірімізден сайланған Мәжіліс депутаттары сүзгі қондырғысын салуды республикадан қаржыландырып, Үкімет деңгейінде шешуді дұрыс ұсынып отыр. Халықтың тілегін халық қалаулылары жеткізді, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» не дер екен?..