Ғасыр жасаған ардагер

0 20

Талай шаңырақты шайқап, сан отбасын ойрандаған сұрапыл соғыстың жарасы жүректен әлі кеткен жоқ. Санадан өшпеді. «Жеңіс» дейтін ұлы көктемді жақындатқан ержүрек жауынгерлер де жадымыздан бір сәтке де ұмытылмақ емес. Тек олардың қатары жыл сайын сиреп жатқаны арқамызды аяздай қариды. Бүгінде облысымыз бойынша небәрі 26-ақ ардагер қалып отыр. Солардың бірі Мұсахан Бердібаев биыл 100 жасқа толды. Қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдары Сталинград және Курск түбіндегі шайқастарға қатысып, Отан үшін от кешкен.

Майдангер 1922 жылы 15-ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылып, қазіргі Тараз қаласында құрылған 105-ші әскери полкі құрамында соғыс өнеріне машықтанған соң, Мәскеу, Иванов қалалары мен Дон бағытында, Сталинград, Курск, Калинин маңындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Жаумен шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталады. 1945 жылы 10-қаңтарда ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады. Ардагер туған жерге келгеннен кейін мүгедекпін деп қарап жатпады. Еңбек майданына араласып, 1945-1988 жылдары мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, МТС директорының орынбасары, колхоз парткомының хатшысы, кәсіптік-техникалық училище директоры қызметтерін атқарды.

Жеңіс күніне орай майдангермен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

– Өмір мен өлім арпалысқан соғыста бірнеше мәрте ажал аузынан аман қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы шығар. Ауыр жарақат алған соң, бес ай ауруханада емделіп шықтым. Содан соң елге оралып, туған өлкенің дамуына тамшыдай болса да үлес қостық. Бүгінгі ұрпақ сол бір зұлмат жылдарды көрмесе екен деймін. Жаратқан сондай кезеңді ешкімнің басына бермесін. Менің ендігі тілегім – сол, – деді ардагер.

Бүгінде көру қабілеті нашарлап, алыстағыны аңғара алмайтындығы болмаса, ақсақал әлі де тың, қимыл-қозғалысы ширақ. Өлеңдер, баталар жазып, онысын арнайы кітап етіп шығарған екен. Ұл-қыздары үшін әкелері – даналықтың қайнар көзі, тарихтың тірі куәгері. Немере-шөберелері де аталарын үлгі тұтып, денсаулығының зор болуын тілейді.

Қан майданда кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен ардагерлеріміз қандай құрметке де лайық. Биыл Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай ардагерлерге жыл сайынғы материалдық көмек көрсетілетін болады. Атап айтсақ 26 ардагер мен мүгедектерге 1000000 теңгеден берілсе, соғыс жылдарында алты айдан астам жұмыс істеген 2675 тыл еңбеккері 50 мың теңгеден алады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері бар 12 отбасына – 60 мың теңге, майданда қайтыс болған әскери қызметкердің жесірлері (ауруға шалдығу, жұмыстан мертігу және тағы басқа), екінші рет некеге тұрмаған 244 адамға – 50 мың теңге, концлагерьде тұтқында болған үш азаматқа – 60 мың теңге, Ленинград блокадасының қоршауында болған үш азаматқа – 60 мың теңге, ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 2295 азамат 100 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмекке қол жеткізбек.