Мойынқұм ауданында жүзеге асырылған жоба көп
Мойынқұм ауданының экономикасының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы болғанымен, соңғы жылдары өңірде өнеркәсіп пен кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Аудан экономикасында алтын өндіру, цемент шығару және кен өндірісі маңызды орын алады. Аудандағы ірі кәсіпорындардың қатарында «Алтыналмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалы – алтын өндіру саласында жетеші кәсіпорын саналады. Одан бөлек «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент, «Оргстрой» – гранит, «Шығыс кен басқармасы» мен «Эврика барит» компаниялары – барит өндірісімен танымал. Ал «Мың-Арал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса балық өндеу ісімен тұрақты айналысып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында есеп берген Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев атап өткендей, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар. Атап айтсақ, 9 айда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 156,5 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 109 пайыз құрап, өсім 0,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Оның 143,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім 6,1 миллиард теңгені құраған болса, оның 5 миллиард теңгесі мал шаруашылығының, 1,1 миллиард теңгесі егін шаруашылығының еншісінде. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 38,6 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 156,3 пайызды құрап, өсім 56,3 пайызға артық орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,4 миллиард теңгеге жетсе, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 3505 шаршы метрді құраған. Бөлшек сауда тауар айналымы 6,9 миллиард теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 125,6 пайызды құрап, оң динамика қалыптасқан.
Ал көтерме сауда айналымының көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 136 пайызға орындалған.
– Мойынқұмның өндіріс әлеуетін көтеріп отырған «Жамбыл цемент» зауытының жылдық өндірістік қуаты 1,5 миллион тонна цемент өндіруге жетеді. Кәсіпорын еліміздің цементке деген сұранысының шамамен 20 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ауданымызда алдағы жылдары 7 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол жобалардың қатарында «Shagala Mining», «Аметист-2012 БР», «Total Energies» («Актас Энерджи» ЖШС), «Turan Industry», «Vie Mynaral», «VIE Shyganak» және «Хантау АБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Бұл жобалар ауданда жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп өндірісін кеңейтуге, аудан экономикасына инвестиция тартуға бағытталған. Жоспарланған жобалар іске асқан жағдайда 850-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Осы жерде айта кететін болсам, Франция елінің инвесторлары Мирный ауылынан жобалық құны 765 миллиард теңгені құрайтын «Total Energies» («Актас Энерджи» ЖШС) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – желмен электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Яғни осы жылдың наурыз айында облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы келіп құрылыстың басталуына орай капсуланы құю іс-шарасына қатысты. Қазіргі таңға 40 шақырым автожол салу жұмыстарын бастап жатыр. Енді бұл құрылысытың аяқталу мерзімі 3 жылға жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына 2000 адамға жуық жұмысшы тартылатын болады. Кәсіпорын іске қосылған уақытта 200 адам жұмыспен қамтылады, – деді Ермек Амангелдіұлы.
Ауданда бұдан бөлек желмен, күн сәулесімен электр энергиясын өндіру бойынша 2027-2029 жылдары жалпы құны 90,6 миллиард теңгені құрайтын үш жобаның іске асырылуы күтілуде. Сондай-ақ, Мойынқұм ауылының жанынан Қытай республикасының инвесторы «Аншунь Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көмір шикізатын өндіруге ниетті. Оның жылдық қуаты 3 миллион тонна болса, жоба құны 150 миллион АҚШ долларын (75 млрд.теңге) құрайды. Бүгінгі күні оның құжаттарын заңдастыру бойынша жұмыстар атқарылуда.
– Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан халқының ең бірінші мәселесі – таза ауыз су. Ауданындағы 24 елді мекеннің 20-сы ауыз сумен қамтылған. Мен осы ауданға келген уақытта ауыз сумен қамтылмаған Ақсүйек, Ақбақай, Қашқантеңіз, Бурылбайтал төрт елді мекен бар екендігін біліп, алғашқы жұмысымды осы елді мекендердің ауыз суынан бастап, республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлгізуге ықпал жасап, бүгінгі таңға аталған төрт елді мекеннің ауыз су мәселесін шешіп, аудандағы барлық елді мекен 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр. Бірақ осы ауыз су мәселесі 100 пайыз қамтылды дей отырғанымен тозығы жеткен, құбырларын, су жинау резервуарларын қайта жаңғыртудан өткізу үшін, Мыңарал, Шығанақ, Бірлік, Биназар, Мойынқұм, Құмөзек ауылдарындағы су құбыры мен су жинау құрылыстарын қайта жаңартуға 8,5 миллиард теңге қаржы бөлдіріп, қазіргі таңға жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл нысандардың құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Ал Ұланбел ауылындағы ауыз су скважинасы құмға толып шіріген болатын. Өткен жылы аудандық бюджеттен 24 миллион теңге бөлініп скважинасы ұрылып, халыққа таза су берілуде. Қылышбай ауылы осы уақытқа дейін ауыз сулары тұзды болып, ауыз су мәселесі шешілмеген болатын. Биыл аудандық бюджеттен 36 миллион теңге бөлініп, ауыз су скважинасы ұрылып, 300 метр тереңдіктен таза ауыз су, яғни тұщы су шығарылды. Сондай-ақ Мирный ауылындағы ауыз су құбырларының тозығы жетуіне және Балқаш көлінен дұрыс тартылмағандығына байланысты Мирный халқы таза ауыз суға зәру болып отыр. Бүгінгі таңға Мирный ауылындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғыртуға 400 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық жобасы әзірленді. Қазіргі таңға облыстық бюджеттен 117,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды, – дейді аудан әкімі.
Электр желілеріне келетін болсақ, өткен жылы облыстық бюджет есебінен Мыңарал, Ақсүйек, Мирный ауылдарындағы тозған электр желілерін толығымен ауыстыруға 449,3 миллион теңге бөлініп, электр желілері мен бағаналары толық ауыстырылыпты. Ал Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 555 миллион теңге, облыстық бюджеттен 60 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстар толығымен аяқталған. Сондай-ақ, өткен жылы облыстық бюджет есебінен Қарабөгет ауылына кіре берістегі аудандық мәндегі автомобиль жолындағы көпір құрылысына 181 миллион теңге бөлінсе, биыл құрылысты аяқтауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, нысан осы жылдың шілде айында пайдалануға берілген.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімінің айтуынша, мәдениет және спорт салалары бойынша жобалық-сметалық құны 340,4 миллион теңгені құрайтын Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Бүгінгі таңға нысан ел игілігіне берілген. Бұдан бөлек 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталған Айдарлы ауылындағы кітапхана мен 90 орындық клуб та елге қызмет етуде. Сондай-ақ өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Бірлік ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізіліп, биыл салтанатты түрде ашылды. Жоба аясында Мойынқұм, Қияхты ауылдарында заманауи футбол алаңшасы бой көтерсе, одан бөлек аудандағы тозығы жеткен 7 футбол алаңшалары қайта қалпына келтірілген. Ал Күшаман ауылынан күрес пен боксқа арналған спорт залын салу үшін сметалық-жобасы дайындалып, аудандық бюджеттен 125 миллион теңге қаралып, бүгінгі күні нысанның құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Бұл нысанды жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарлануда.
Газдандыру бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Аудандағы Айдарлы, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай елді мекендеріне газ құбырын тарту бойынша қаржы бөлініп, ол мақсатты игерілген. Қазіргі уақытта 1-кезеңнің жұмыстары бойынша Шу ауданы, Айдарлы ауылына дейін 68,5 шақырым магистралды газ құбырының 62 шақырымы тартылған. Газ тарту жобасы 7 кезеңге бөлінген. Қалған жобалар бойынша энергетика министрлігіне қосымша қаржыландыруға өтінім жолданған. Жалпы 2030 жылға дейін жоғарыда аталған елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Жол құрылысына өткен жылы 390,7 миллион теңге бөлініп 7,7 шақырымды құрайтын 9 ауылішілік көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек аудандық маңызы бар автожолдарды және елді мекен көшелерін орта жөндеуге жоба құны 6 478 миллион теңгені құрайтын 15 жоба әзірленіп, бүгінгі таңға 11 жобаға ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынса, қалған 4 жоба ведомстволық сараптамадан өтуде. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық маңызы бар «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автожолының 10 шақырымына орта жөндеу үшін облыстық бюджетен 930,3 миллион теңге бөлініп, Көкжелек пен А.Назарбеков ауылының аралығындағы тас жол орташа жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ Мойынқұм-Бірлік тас жолының шұңқырлары толығымен бекітілген.
Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтатын болсақ, аудан орталығындағы 6 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті реттеліп, шатыры ауыстырылған. Балалар ойын алаңын орнату, саябақтарды жаңғырту тағы басқа жұмыстар құрылыс талабына сәйкес атқарылған.
– Бүгінгі күні жоғарыда айтқанымнан бөлек, ауданда 6 ветеринариялық пункттің және Күшаман ауылында 80 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл аудан орталығында заманауи үлгідегі жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріліп, бекет қарамағына бір жаңа «Хайлюкс пикап» автокөлігі мен бір жаңа катер табысталды. Осы жылдың қыркүйек айында Мыңарал ауылынан яғни, Балқаш көлінің жағасынан заманауи үлгідегі құтқару пункті соғылып, пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ биыл Мыңарал, Хантау, Ақсүйек, Қарабөгет ауылдарынан өрт сөндіру пункттерін соғу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні аталған нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Алтыналмас» акционерлік қоғамының демеушілігімен Ақбақай ауылының Сарыбұлақ учаскесінде ауыз су мәселесі шешімін тапты. Сондағы мектептің жылу жүйесі ретке келтірілді. Аудандық орталық ауруханаға жылжымалы «Реанимобиль» автокөлігін алынып берді. Балаларға арнап ойын алаңшасы салынды. Бұл істен қалыс қалмаған «Аппақ минералс» ЖШС Ақбақай ауылында стритворкаут салып беріп отыр. Дегенмен алдағы жылы атқарылатын жұмыстың да ауқымы кең. Алдыға қойылған жоспарлар мен мақсаттар ел игілігі үшін атқарылатын болады, – дейді аудан әкімі Ермек Карентаев.