Мемлекеттік қызмет – жасанды интеллект көмегімен
Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі уақытта мемлекеттік қызмет көрсету саласы да жаңа сипатқа ие болуда. Бұрын бірқатар құжатты рәсімдеу үшін маманның көмегіне жүгінуге немесе кезек күтуге тура келсе, енді бұл жұмыстарды заманауи технологиялардың көмегімен өз бетінше атқаруға мүмкіндік бар. Осы бағыттағы кезекті жаңашылдық Тараз қаласында қолға алынды. Халыққа қызмет көрсету орталығының базасында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын AI-кеңсе жұмысын бастады.
Жаңа орталықтың тыныс-тіршілігімен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев танысты. Кездесу барысында қонақтарға кеңсенің техникалық мүмкіндіктері, тұрғындарға ұсынылатын қызмет түрлері және цифрлық сервистердің жұмыс тәртібі таныстырылды.
Жаңа кеңсенің басты ерекшелігі – келушілердің мемлекеттік қызметтерді делдалсыз, өздігінен алуына жағдай жасалуы. Мұнда азаматтардың сұранысына қарай бірнеше қызмет көрсету аймағы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, жедел қызмет алу, цифрлық сервистерді пайдалану, мамандардан кеңес алу және арнайы оқыту аймақтары қарастырылған. Бұдан бөлек, келушілердің күтуі мен демалуына арналған орын да бар.
Орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуы да заманауи талаптарға сай. Кеңсе жоғары жылдамдықтағы сканерлермен, моноблоктармен және электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдалануға арналған ақпараттық панельдермен қамтылған. Мұның барлығы тұрғындардың уақытын үнемдеп, қажетті құжаттарды рәсімдеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған.
Жаңа кеңседегі маңызды мүмкіндіктің бірі – құжаттандыру терминалы. Енді тұрғындар жеке куәлік пен паспортты алғаш рет алу немесе жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру үшін өтінімді өздері бере алады. Яғни, қарапайым цифрлық операцияларды орындау барысында қызметкердің көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Бұл азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану дағдысын қалыптастыруға да ықпал етпек.
Орталықта жасанды интеллект негізінде әзірленген eGov GPT жүйесі де қолданысқа енгізілген. Аталған сервис мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, қажетті ақпаратты іздеуге, құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсінуге және электрондық үкімет порталында бағыт-бағдар алуға көмектеседі. Оның тағы бір қолайлы тұсы – пайдаланушылар жүйеге сауалдарын жазбаша түрде де, дыбыстық хабарлама арқылы да жолдай алады. Қазіргі таңда сервис қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
Бұл, әсіресе, электрондық қызметтерді пайдалануда тәжірибесі аз тұрғындар үшін тиімді. Себебі қажетті мәліметті іздеп, әртүрлі бөлімдерді ақтарудың орнына, сұрағын тікелей жүйеге қойып, тиісті ақпаратты жедел алуға болады. Осылайша жасанды интеллект азамат пен мемлекеттік қызмет арасындағы байланысты жеңілдететін көмекші құралға айналып отыр.
Дегенмен цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін тұрғындардың да білімі мен дағдысы қатар дамуы қажет. Осыны ескерген орталықта халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған тегін оқыту сабақтары ұйымдастырылған. Курс барысында қатысушылар электрондық үкімет порталына тіркелу, қажетті анықтамалар мен құжаттарды алу, мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеу жолдарын тәжірибе жүзінде меңгереді.
Оқыту сабақтары аптасына екі рет – бейсенбі және жұма күндері өткізіледі. Басталу уақыты – сағат 10:00 және 12:00. Ең бастысы, сабақтарға қатысу үшін ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ. Бұл бастама цифрлық қызметтерді пайдалана алмай жүрген азаматтарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Айта кету керек, Тараз қаласында ашылған AI-кеңсе – республикадағы осындай үлгідегі тоғызыншы орталық. Ал өңірде бұл форматтағы алғашқы кеңсе болып отыр. Жобаның жүзеге асуы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың цифрлық ортаға бейімделуіне де серпін береді.
Бүгінде уақыт – ең құнды ресурс. Сондықтан мемлекеттік қызметтерді алу кезінде артық әуреге салмайтын, қолжетімді әрі түсінікті цифрлық шешімдердің маңызы зор. Тараздағы жаңа AI-кеңсе осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі. Ал оның тиімділігі тұрғындардың жаңа мүмкіндіктерді қаншалықты меңгеріп, күнделікті өмірде пайдалана алатынымен өлшенбек.