Сайлау

Ұстаз мерейін өсірген марапат

0 20

Мемлекет басшысының ұстаздарға деген құрметі ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында ұстаздар қауымының қоғамдағы мәртебесін қорғау, олардың абырой-беделін арттыру және жұмыс жүктемесін азайту мәселелеріне ерекше тоқталып, мұғалімнің басты миссиясы балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін атап өтті. Сондай-ақ еңбегімен ерекшеленген, қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түскен мұғалімдерді Президентіміз өзі марапаттап, Ақордада құрмет көрсетуде. Президент қолынан бір жылдың ішінде Байзақ ауданында 3 мұғалім награда алып, ұстаздар мерейін асырды.

Атап айтар болсақ, өткен жылы республикалық Тамыз кеңесінде осы аудандағы Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Бәкірқызы Абуева Президент қолынан «Құрмет» орденін алған еді. Раушан Бәкірқызының қолы жеңіл болды білем, Ұстаздар күнінде жерлесі, №7 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржан Хамытбекұлы Егізбаев Президент қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.

Ал бүгінгі күні аға буының ізгі жолын жалғастырып келе жатқан жас маман, Сарыкемер ауылындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің география және биология пәндерінің мұғалімі Кравчук Евгений Анатольевич те осы құрмет иесі атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық X құрылтайында жастар арасында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде белсенділік танытып жүрген Евгений Кравчукке Президент «Шапағат» медалін табыстады.

Евгений Анатольевич Сарыкемер ауылының тумасы. 32 жастағы ол Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Ғани Мұратбаев атындағы гимназияда биология пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Кейін география пәнінен де сабақ беріп, білім беру үдерісіне цифрлық, медиа және шығармашылық жобаларды енгізді. Қазіргі таңда жоғарыда айтқанымыздай Юрий Гагарин атындағы орта мектебінде мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Атап өтерлігі оның бұл жолға түсуіне анасы Асия Кравчуктің ықпалы болса керек. Анасы да ұстаз.

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Евгений қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып жүр. Еңбек жолында жеткен жетістігі де жоқ емес, жетістіктері де жетерлік. Ол 2018 жылы «Өрлеу» базасында үштілді білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен алғашқы педагогтердің бірі. Мектептегі «GM arnasy» шығармашылық студиясы мен YouTube арнасының дамуына атсалысып, оқушыларды сценарий жазу, бейнемонтаж, дыбыстау және анимация бағыттарына тартты. 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына сапары кезінде өңір педагогтері атынан қазақ тілінде сөз сөйледі. Жамбыл облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Тіл білгірі» номинациясының иегері. «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» республикалық байқауында «Медиа-ақпараттық сауаттылық» бағыты бойынша II орын иеленді. Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік жобаларына белсенді қатысады; «Радонеж» орыстар қоғамы, «Ассамблея жастары» және «Мәміле» клубының жұмысына атсалысқан, «Қазақ тілі – ұлтаралық тіл» жобасының амбассадоры. Қазақ тілінде авторлық рэп мәтіндерін жазады. Шығармаларының негізгі тақырыптары – махаббат, достық және отансүйгіштік; бірқатар жұмыстары музыкалық платформаларда жарияланған. 2025 жылы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумының «Табыс тарихы» сессиясына Жамбыл облысының өкілі ретінде қатысқан.

– Бұл марапат мен үшін өмірімдегі ерекше әрі ұмытылмас сәт болды. Елордамыз Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X Құрылтайына қатысып, Президентіміздің қолынан «Шапағат» медалін алу мен үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Бұл марапат – еңбегіме берілген жоғары баға ғана емес, алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге берілген үлкен жауапкершілік. Осы күнге дейінгі еңбегімді жоғары бағалаған Мемлекет басшысына, қолдау көрсеткен «Қоғамдық келісім» мекемесіне, әріптестеріме, жақындарыма және маған сенім артқан барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін! Бұл – жетістіктің соңы емес, жаңа белестердің бастауы. Елімнің дамуына үлес қосу – мен үшін үлкен абырой, – дейді Евгений Кравчук.