Сайлау

Жамбыл өңірі инвестиция тартудан көш бастады

0 27

Облыста инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «Zhambyl Invest» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдын Асқарәліұлы мен инвестициялық-инфрақұрылымдық даму дирекциясы индустриялық аймақ бөлімшесінің бас инженері Садыр Тұрсынбеков мәлімдеді.

Алдымен сөз алған Садыр Тұрсынбеков «Тараз» индустриялық аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар индустриялық аймақ 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында мұнда инвестиция тарту, өндіріс орындарын орналастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында бірқатар жобалар қолға алынған.

Бүгінде индустриялық аймақтың жалпы аумағы 575 гектарды құрайды. Оның құрамына Тараз қаласындағы негізгі аумақпен қатар, «Талас», «Сарысу-1», «Сарысу-2», «Құлан» және «Меркі» қосалқы аймақтары кіреді. Ал инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Тараз қаласы мен «Талас» қосалқы аймағының 276 гектар аумағының 241,6 гектары инвестициялық жобалар есебінен игерілген.

– Қазіргі таңда индустриялық аймақта жалпы құны 302,9 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде 2 724 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұған дейін бірнеше кәсіпорын пайдалануға берілсе, 2026 жылдың қыркүйек және қазан айларында жасанды тас бұйымдарын өндіретін кәсіпорын мен асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Қазіргі таңда пайдалануға берілген өндіріс орындарында 300-ге жуық адам еңбек етеді, – деді Садыр Тұрсынбеков.

Спикердің сөзінше, индустриялық аймаққа жаңа инвесторларды тарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы құны 80,4 миллиард теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жоба тартылған. Олар минералды және органикалық тыңайтқыштар, күйдірілген кірпіш, керамогранит, құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұнын өндіру, автомобиль шиналарын қайта өңдеу, құю өндірісі және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бағыттарын қамтиды.

Жобалардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі – «For You Energy» компаниясының «Waste-to-Energy» технологиясы негізінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, электр және жылу энергиясын өндіру жобасы. Инвестиция көлемі 75 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы құны 36,8 миллиард теңгелік тағы үш жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіру, тракторлар мен комбайндар шығару, сондай-ақ керамогранит пен бетон бұйымдарын өндіретін көпфункционалды зауыт салу жобалары бар.

Бас инженер өндірістік ғимараттарға деген сұраныстың артып отырғанын да атап өтті. Осыған байланысты шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, 2025 жылдың үшінші тоқсанында жалпы ауданы 30 мың шаршы метр болатын екі өндірістік алаң пайдалануға берілген. Қазіргі таңда олардың базасында шыңдалған шыны мен ламинатқа арналған төсемдер өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді.

Бұдан кейін сөз алған Айдын Асқарәліұлы облыстың инвестициялық ахуалына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылы өңірдің инвестициялық көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасқан. Жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі жағынан республикада бірінші орынға шыққан. Бұл кезеңде өңірге 456,4 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 289,7 миллион АҚШ долларын құраған болатын.

Сондай-ақ биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 721,9 миллиард теңгеге жеткен. Оның 665,8 миллиард теңгесі немесе 92 пайызы жеке инвестициялардың үлесінде. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орынға тұрақтаған.

Айдын Асқарәліұлы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен инвесторлармен байланыс орнатуда «Zhambyl Invest» ұйымының атқарып отырған жұмысына да тоқталды. Кәсіпкерлік кодексі мен қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес, аталған мекеме өңірде инвестиция тарту және жобаларды сүйемелдеу жөніндегі мамандандырылған ұйым ретінде белгіленген.

– Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында отандық және шетелдік инвесторлармен, мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың өкілдерімен 310 кездесу және келіссөз өткізілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жаңа инвестициялық жобаларды өңірге тарту ғана емес, іске асырылып жатқан жобалардың да уақытылы жүзеге асуына қолдау көрсету. Сонымен қатар инвестициялық қызмет барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен өзара байланысты үйлестіреміз, – деді Айдын Асқарәліұлы.

Оның мәліметінше, есепті кезеңде ұйымның қызметі аясында 17 екіжақты құжатқа қол қойылған. Бұдан бөлек, жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 116 инвестициялық жобадан тұратын облыстық пулға тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Жыл басынан бері жалпы құны 338 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 21 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «ЕвроХим-Қаратау» серіктестігінің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» компаниясының құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұны өндірісі және «TRZ Agro» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы бар.

Сондай-ақ Шу ауданында «Shengtai Biotech» компаниясының жүгеріні терең өңдеу жөніндегі өнеркәсіптік кешенінің бірінші кезеңі іске қосылған. Маңызды жобаның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысқан. Бұл бастама өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта да бірқатар ірі жобаның құрылысы қолға алынбақ. Олардың қатарында Францияның «TotalEnergies» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниялары салатын жел электр станциялары, «Gakku Qus» серіктестігінің инкубациялық жұмыртқа өндіру кәсіпорны, сондай-ақ «For You Energy» компаниясының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыты бар.

Спикер инвестициялық ахуалды жақсартуда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың маңызы зор екенін де атап өтті. Қазіргі таңда облыста «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағы инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылым, жер учаскелері және заңнамада көзделген мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуда.

Мәселен, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында химия, металлургия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларын қамтитын жалпы құны 964 миллиард теңгелік 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Айдын Асқарәліұлы инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Осы мақсатта өңірдің әр ауданының ресурстық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, перспективалы салаларды айқындау, шетелдік инвесторларға ұсыныстар жолдау және облыстың инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныту жұмыстары жалғасын таппақ.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы, өндірістік алаңдардың мүмкіндіктері және алдағы жоспарлар жөнінде сауалдарын жолдады. Кездесу барысында қойылған сұрақтарға нақты мәліметтер негізінде жауаптар беріліп, саладағы өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер ұсынылды.