Сайлау

Өңір экономикасына серпін берген жобалар

0 25

Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республикамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейтін болса, Әулиеата өңірінде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6  су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.

Соңғы жылдары энергияға сұраныс артты. Себебі технология қарыштап дамыды, халық саны көбейді. Қоғамда жаңа термин, «Жасыл экономика» пайда болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Қазіргі кезде еліміздің өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және өсіп келе жатқан шөлейттенуді ауыздықтау үшін бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндет жүзеге асырылып жатыр.

«Жасыл экономика» – экономикалық жүйе, оның басты мақсаты – планетамыздың экологиясын сақтай отырып, экономиканың барлық салаларын дамыту. Осылайша, жасыл экономика адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен экологияға қажетті ресурстарды сақтай отырып, өндіріс пен қызмет көрсету салаларына байланысты экономиканы одан әрі дамытуға негізделген экономикалық қызметтің жаңа бағытын білдіреді.

Жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатарын артуда. Мәселен, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Бұл станса 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегеватт.

Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловат болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады.

Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.

Орталық Азиядағы ең ірі нысан Жуалыда

Жуалы ауданында тау етегінде орналасқан күн панельдері алыстан мұнартып көрініп, көкжиекке сіңіп кетеді. Олай болуының өз себебі бар. Станса алқабы үш жүзден астам гектарға созылып жатыр. Мұнарланған панельдер жақындаған сайын зорайып, ішке кіргенде құдды әлем тек солардан тұратындай көрінеді. «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн электр стансасының директоры Иван Завариннің айтуынша, бірінші станса өз жұмысын 2015 жылы, екінші станса 2018 жылы бастаған болатын. Бастапқыда бета режимде іске қосылған станса бүгінде бар қуатында жұмыс істеп тұр.

Мұндағы бір стансада көлемі 1,5 шаршы метр болатын, арнайы Германиядан алдырылған төрт жүз мыңға жуық күн панелі орнатылған. Станса басшылығының құрылыс жүргізу кезінде таңдауы неміс маркасына түсіпті. Өйткені, «SolarWorldAG» компаниясының панельдері төзімділігімен ерекшеленген. Мұншалықты ұзақ мерзімге кез келген елдің өнімдері жарай бермейді. Қос стансаның құрылыс жұмысына бөлінген қаржының жалпы көлемі 48 миллиард теңгені құрайды. Жобаға «Самұрық-Қазына Инвест» пен ұлыбританиялық «United Green» компаниясы инвестиция құйған. Сондай-ақ, заемдік жолмен де қаржы тартылыпты.

Мекеме мамандарының сөзіне сүйенсек, станса өз құнын 16 жылда өтеп шығады екен. Күн электр стансасы жұмысының өз ерекшеліктері бар. Ондағы күн панелінен жиналған тоқ қуаты отыздан астам инверторлық станцияға беріледі-мыс. Мұндағы қуат орталық стансаға жалғанған. Осылайша, топтасқан электр қуаты «KEGOC»-тың торабына беріледі. Станса қызметкерлерінің айтуынша, олардың міндеті осы арада аяқталады. Токты қажеттілікке жұмсау «KEGOC»-тың құзіретіне кіреді. Стансадағы панельді бақылап отыру бір компьютерге байланған. Осы арада жауапты мамандар бәрін көз алдында ұстап отырады. Бір панельден ақау шықса, осындағы монитордан көрінеді. Ондай жағдайда жөндеуші мамандар бұзылған панельді қайта қалпына келтіреді. Жалпы, мұндағы стансада бас-аяғы қырыққа жуық адам еңбек етеді. Өкінішке қарай, күн электр стансасының кемшілігі де бар. Күн көзі көрінбей қалған, бұлтты күндері өндіру қуаты 5 есеге дейін түсіп кетеді екен. Мәселенің бәрі күн шуағына тікелей байланысты. Бір қызығы, қуат жинақтауға ауа райының ыстық-суықтығы әсер етпейді. Керісінше, жаздың аптап ыстығында күн панельдері қоңыржай уақытқа қарағанда азырақ электр өндіреді. Сондықтан, жобаны Жуалыда, тау етегінде жүзеге асыру тиімді деп есептелген екен.

Қыста күн шығып тұрса, панельдер әдеттегідей қуат жинақтайды. Алайда, күн қысқа болғандықтан, өндіретін электрдің жалпы мөлшері азаятын көрінеді. Сондай-ақ, жауған қардың станса жұмысына келтіретін кедергісі шамалы. Қар қанша қалың жауса да, күн түскенде панель қызып, қарды ерітіп жібереді. Әрі оны тазалап шығу да оңай емес. Әр қатардың бір басынан екінші басына жүріп өту үшін кемінде 10 минут кетеді. Ал, мұндай қатардың саны – 180. Осы орайда қардың өздігінен еріп кетуі жұмысты жеңілдетеді.

Облысымызда «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бөлек күн электр стансалары Қордай мен Шу ауданында бар. Соңғысы бірнеше жылы бұрын Жамбыл ауданында салынып, пайдалануға берілді. Айша бибі ауылы маңынан 150 мегаваттық жаңа күн электр стансасының құрылысын жүргізу мақсатында 300 гектар жер телімі берілген.

«Айша күн шуақ» күн стансасының өндірісі артып келеді

Өңірде табысты жұмыс істеп тұрған келесі күн стансасының бірі —  Жамбыл ауданындағы Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасы.

Бұл стансаның жұмыс істеп тұрғанына төрт жылға жуықтады. Содан бері станса үздіксіз 10 мың үй мен ондаған өндіріс ошағын электр қуатымен қамтып келеді. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, оның жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Бұл жобаның инвесторы «Unigreen Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал жоба операторы «АЕС Аsa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 20,8 миллиард теңге жұмсалған.

– Елімізде «Жасыл» экономиканы дамытуға жақсы көңіл бөлініп отыр. Бұл станса үш жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Жалпы ауданы 110 гектарды алып жатқан стансада 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панелдер күн шығуына қарай қозғалып отырады.  Бұл панелдердің бір артықшылығы екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панел энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панелдер Ресей мен Қытайда шығарылған, – дейді станса басшысы.

 Бүгінгі таңда стансада 15 адам еңбек етуде. Станса айналасын станса жұмысшылары тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техника алынған. Панелдерді шаң-топаннан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті.

– Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салуды жоспарлауда. Оның мегаватын кезең кезеңмен көбейту үшін Жамбыл ауданы аумағынан 300 гектар жер телімін алынған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған күн панелдері 110 мың гектарға орналасқан. Қалған алқаптарды да жаймен іске асырып, электр қуаты өндірісін арттыру компанияның жоспарында бар.

Бұл  күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы – қозғалмалығында. Ондағы панелдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Қатты желде панелдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді. Енді оның қуаты тағы 20 мегаватқа арттырылып отыр, – дейді Жандос Райбекұлы.

20 мегаваттық күн электр стансасын «МРП АСА/ Отан Пауэр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Жобаның жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайды.

– Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылды. Бұл ауданның ғана емес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалып жатыр, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Энергия өндірісінде серпін бар

Бүгінгі таңда Әулиеата өңіріндегі энергия өндіру саласында жаңа серпін байқалуда. Атап айтсақ, Жуалы ауданындағы сағатына 100 мегаватт қуат өндіретін «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі күн электр стансасының өзі өңірдің энергия өндірісіндегі қауқарына көптің көзін жеткізіп отыр. Енді, міне, дәл осындай күн электр стансасы Шу ауданында да бар. Қазір «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы жұмыс істеуде. Оны француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясы жүзеге асыруда. Компанияның еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Илья Чернодаровтың айтуынша, мұнда орнатылған панельдер 25 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді екен.

– Біздің бұл жобаны дәл осы Шу ауданы аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның алғашқысы – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жатуында болса, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан, бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді ол.

Оның жалпы құны – 60 миллиард теңге. Сондай-ақ мұндағы құрылыс жұмыстарының бас мердігері – Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысын жүргізген «METKA-EGN.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Электр стансасы толық қуатында жұмыс істегенде облыста электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір қысқаратыны сөзсіз. Алдағы уақытта стансада тұрақты жұмыспен қамтылатын 10 адам да жергілікті тұрғындардан болмақ. Оларды инвесторлар қаржысынан арнайы оқытып, осы сала бойынша білімдерін жетілдіруге жіберу де жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы қуат өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Сондай-ақ өндірілген қуат «KEGOK» акционерлік қоғамына сатылатын болады. Стансаның өнімі түгелдей қазақстандық электр жүйесіне қосылмақ. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта аймақта қуат бағасының едәуір арзандауына игі ықпал етеді дегенді білдіреді.

Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Сонымен қатар, 2013 жылы аудан аумағында «Компания АТ-Энерго» ЖШС-ның ұйытқы болуымен бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіреді. Мекеме басшылары бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. «Компания АТ-Энерго» ЖШС қазіргі уақытта су электр стансасының екінші жобасын жүзеге асырды. Аталмыш серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған стансасы сағатына 2,2 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынса, салынып жатқан станса өз өнімін «KEGOK» АҚ-на саудалайтын болады. «Компания АТ-Энерго» ЖШС-ның директоры Саид Ахаев қазіргі жобаны сәтті аяқтап, үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ал аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жетекшісі саналатын WINDHAN ЖШС бүгінгі таңда тарифтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапса, құрылыс жұмыстары бірден басталатынын айтып отыр. Жобалық құны 71 миллиард 500 миллион теңгеден асатын станса өз жұмысын бастағанда шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп беріпті.

Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Президентіміз 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысын баламалы жолмен өндіру қажеттігін айтқан болатын. Аталмыш бастамаға қолдау білдіруде облыс аумағында нәтижелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын бір ғана аудандағы жұмыстардан-ақ байқауға болатын сыңайлы. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60 мегаватт электр қуатын тұтынса, облысымызға қарасты аудандар шамамен сағатына 90 мегаватт электр қуатын тұтынатын көрінеді. Бұл – бір ғана Жамбыл облысындағы статистика. Алдағы уақытта Шу ауданындағы күн электр және су электр стансасының екінші жобасы жүзеге асқанда еліміздегі электр қуатына деген қажеттілік біршама азаяды деуге әбден болады.

ЖЭК-тің ерекшелігі – баламалы қуат көздерін табиғи ресурстардың көмегімен өндіру

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы төрт-бес жылдың көлемінде облысымызда жүзеге асырылған жобалардың ішінде ірі жобалар да бар. Оның бірі – 2021 жылы Сарысу ауданында жүзеге асырылды. Ол жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы. Сонымен бірге қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. Ал 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында қуаты 13,5 мегаваттық «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының қуаты – 4,5 мегаватт. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр стансасы іске қосылды. Сондай-ақ, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр стансасын қосымша 20 мегаватқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты қабылданған жобалар да бар.

Атап айтсақ, алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Оның бірі Мойынқұм ауданындағы «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы болса, екіншісі Сарысу және Талас аудандарында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қолға алынатын қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы жобалары. Бұл облыстың аталған саладағы өз әлеуетін тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрсетеді. Жоғарыда айтқанымдай, Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады.

Бүгінгі күні Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы жерде бір атап өтерлігі, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынуда.

Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Оның жылдық қуаты бір-екі гигаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы – 24 гектар. Әрине, аймағымызда осындай Орта Азияда жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы қуанарлық жағдай. Өйткені, бұл жоба облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр.

Экономиканың түрлі саласының дамуына оң әсерін тигізеді

Қазіргі қоғам «жасыл» экономика дегеннің мәнісін әртүрлі түсінеді. Бірі бұл табиғат көздерін ел игілігіне айналдыратын экономиканың тың бір саласы деп түсінсе, екіншілері, табиғатқа пайда келтіруге бағытталған жоба деп есептейді. Үшіншілері, бұл мақсаты экологиялық таза өнімдерді құраушы болып табылатын дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп санайды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «… еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Сол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуға тиіспіз. Сонымен қатар «таза» көмір генерациясын толыққанды дамытып, жаңартылатын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр станцияларын кеңінен қолдануға баса мән беруіміз керек», деп атап көрсетті.

Өйткені «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Балама энергия көздерінің халыққа тигізер пайдасы – орасан. Өйткені, қазіргі таңда ғаламшарымызда кен байыту өнеркәсіп орындары мен басқа да шаруашылық құрылымдар жер қыртысының пайдалы қазбаларын мөлшерден көп тұтынуда. Соның салдарынан пайдалы қазбалардың қоры жылдан-жылға сарылуда. Қазіргі таңда пайдалы қазбалардың қорының азайуы, экологиялық мәселелердің ушығуы, дүниежүзілік энергия тапшылығы және халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы үрдістері ұлғаю үстінде. Аталған мәселелердің алдын алу және болдырмаудың бірден-бір жолы ол «Жасыл» экономика» және балама энергия көздерін айқындап, олардың қорларын тиімді пайдалану.