Сайлау

Президент Жолдауда мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартуды тапсырды

0 19

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инфляцияны төмендету аса маңызды міндет екенін айтты.

«Тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақсарту. Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тартылып жатыр. Осы орайда, мына мәселеге назар аударғым келеді. Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды. Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн екенін ескертті.

«Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляция – бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіріп отырған үнсіз жау. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет», деді Президент.