Сайлау

Мемлекеттік көмек шынымен мұқтаждарға берілуге тиіс

0 18

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

«Халықтық құрылыс» тек экономикалық міндеттерге ғана емес, сонымен қатар қордаланған құрылымдық теңгерімсіздіктерге де байланысты. Халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға шамадан тыс салмақ түсіруде. Олардың көпшілігі онсыз да шекті мүмкіндіктерімен жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе кеше ғана пайда болған жоқ. Өткен онжылдықтарда мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту, яғни азаматтардың көңілін табу арқылы жасыру әдеттегі тәжірибеге айналды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік ресурстар тиімсіз шашылғанын атап өтті.

«Әлеуметтік төлемдерді тұрмысы әбден жақсы отбасылар да алды. Ал қолжетімді мектептер мен ауруханалардың тапшылығы барған сайын ушыға түсті. Мұның бәрі қоғамда патерналистік көзқарас пен масылдық көңіл күйдің күшеюіне ықпал етіп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі ашық қиянаттар мен сыбайлас жемқорлық схемаларына жол ашты. Негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көп болуы мемлекеттік аппараттың институционалдық тұрғыдан жетілмегенін, тіпті әлсіздігін, сондай-ақ ұлттың жарқын болашағын қамтамасыз ету ісінде стратегиялық көрегендіктің жоқтығын білдіретінін анық түсінуіміз керек. Бюджет қаражаты есебінен халыққа жалған жанашырлық таныту – халықтың мүддесі мен елдің тұрақты дамуына қарсы бағытталған түрлі айла-шарғыларды циникалық түрде бүркемелейтін нағыз популизм. Бұл – тек бүгінгі күнмен өмір сүретін, стратегиялық көзқарасы мен кең мағынадағы мемлекеттік ойлау қабілеті жоқ адамдардың ұстанымы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарауды тапсырып, оны күнделікті мәселелерді шешуден стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағыттау маңызды екенін айтты.

«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс. Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек. Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз. Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз», деді Президент.