Сайлау

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасын қабылдады

0 12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Кездесуде сот жүйесінің биылғы тоғыз айдағы жұмысы, сот ісін жүргізуді цифрландыру және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру шаралары талқыланды.

Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, жыл басынан бері сот органдары 24,8 мың қылмыстық іс қараған. Ал азаматтық істердің саны 28,4 пайызға өсіп, 605 мыңнан асқан. Бұған банкроттық, тұрғын үй және жер дауларына қатысты талап-арыздардың, сондай-ақ келісімшарттық міндеттемелер бойынша істердің көбеюі себеп болған.

Есепті кезеңде 29,2 мың әкімшілік іс және әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты 319 мың іс қаралды. Даулардың жартысына жуығы медиация және өзге де балама тәсілдер арқылы шешілген.

Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есеге жуық артып, 934-тен 1704-ке жеткен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сот жүйесіне толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен.

Кездесу барысында Жоғарғы сот төрағасы сот жүйесін кадрмен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде де баяндады. Президент сот төрелігінің сапасын арттыру және сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру қажет екенін атап өтті.