Сайлау

Республика күніне тарту: «Достық керуені» Жуалы ауданында кең ауқымда өтті

0 24

2026 жылғы 22 қазанда Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы Жуалы ауданында жалғасын тапты. Республика күніне орайластырылған ауқымды іс-шара өңірдегі этностардың мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталды.

Мәдениет пен дәстүр – достықтың негізі

«Достық керуенінің» Жуалы ауданындағы бағдарламасы Б. Момышұлы ауылындағы аудандық мәдениет үйінің алдында басталды. Мұнда «Аудан этностарының мәдениеті мен дәстүрі күні» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде славян, әзірбайжан, шешен және өзбек этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қолөнер бұйымдарын ұсынып, ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін таныстырды. Қонақтар өңірдегі этностардың мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарымен танысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің қызметіне, достық пен қоғамдық келісімге арналған кітап көрмесі ұсынылды. Экспозиция өңірдің мәдени әралуандығын таныстырып, мәдениетаралық диалог пен өзара құрметтің маңызын айқындады.

Отбасылық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы

Жоба аясында Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің қатысуымен кездесу өтті. Оған облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Аналар кеңесінің төрағасы Мубарак Жинақбаева, медиатор Дина Амиреева, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Кездесуде жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы лудоманияның және дәрілік препараттарды медициналық емес мақсатта қолданудың алдын алу мәселелеріне назар аударылды.

«Ата мұрасы – ұрпаққа аманат» бағыты аясында ұлттық мұраны, халық қолөнерін, бата беру дәстүрін, шешендік өнерді, айтысты және кітап оқу мәдениетін сақтау мәселелері сөз болды.

Қатысушылар рухани және мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізуде тікелей қарым-қатынастың, ұлттық қолөнерге баулудың және ата-баба мұрасына құрметпен қараудың маңызын атап өтті. Кездесу отбасылық құндылықтарды, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты одан әрі нығайту жөніндегі ұсыныстар алмасумен қорытындыланды.

Жастар – достық пен бірлік жолында

Жоба аясындағы іс-шаралар Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында жалғасты. Мұнда аудан мектептерінің оқушыларына арналған «Менің елім – Қазақстан – достық мекені» атты тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шараға Байзақ ауданындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Евгении Кравчук және «Қоғамдық келісім» КММ құрылымдармен жұмыс және жобаларды іске асыру бөлімінің жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай қатысты.

Оқушылар командалық ойындар мен шығармашылық тапсырмаларға қатысып, Отанға деген сүйіспеншілік, достық, бейбітшілік пен келісімнің маңызы туралы ой бөлісті. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ жоба аясында мектеп оқушыларының қатысуымен «Достық – мекені» атты жас суретшілер көрмесі өтті. Жас суретшілер өз туындылары арқылы достық, бейбітшілік пен бірлік тақырыптарын бейнеледі. Достық үйі көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева шығармашылықтың жастардың қабілетін ашуға, оларды өнерге баулуға және өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Үздік жұмыстардың авторларына алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Ұлттық ойындар – ұлт мұрасы

Республика күні қарсаңында Жуалы ауданында жастар арасында «Ұлттық ойын – ұлт мұрасы» атты спорттық сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау, мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға баулу.

Қатысушылар арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу және тоғызқұмалақ ойындары бойынша бақ сынасты. Сайыс барысында жастар ептілігін, шапшаңдығын, күш-қайраты мен зеректігін көрсетті. Қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, арнайы марапаттарға ие болды.

«Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалі

«Достық керуені» жобасының қорытынды іс-шарасы Б. Момышұлы ауылындағы аудандық мәдениет үйінің алдында өтті. Мұнда этномәдени орталықтар жанындағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Өнерім саған, Қазақстан!» атты фестиваль ұйымдастырылды.

Фестивальдің мақсаты – жас таланттарды анықтау және қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ өнер арқылы түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, татулық пен бірлікті нығайту.

Мәдени іс-шара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевтың құттықтау сөзімен басталып, өңірдегі түрлі этностар өкілдерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Фестиваль соңында облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан мен Аналар кеңесінің төрағасы, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева аудан тұрғындарына жобаға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің белсенді мүшелеріне арнайы марапаттар табысталды.

Осылайша, «Достық керуені» жобасының Жуалы ауданындағы бағдарламасы мәдени мұраны дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және достық, өзара құрмет пен қоғамдық келісім құндылықтарын насихаттауға бағытталған мазмұнды іс-шаралармен қорытындыланды.