Еңбек дәнін еккен ғұмыр

0 13

Жуалы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Шакиржан Мамаджанов биыл сексен жасқа таяп қалды. Ғұмырының 45 жылын еңбекке арнаған қария бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ауласындағы бау-бақшасын күтіп-баптаумен айналысады. Қолынан кетпенін тастамаған ақсақал үшін жермен жұмыс істеу – ермек қана емес, өмірінің ажырамас бөлігі.

Шакиржан Мамаджановтың отбасы Жуалы өңірінде жүз жылдан астам уақыттан бері тұрып келеді. Оның атасы Мамаджан Түркістан-Сібір теміржолының Жуалы арқылы өтетін бөлігін салуға қатысқан. Ал әкесі Қажы Мамаджанов «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атанған. Осылайша, отбасының тарихы ауданның еңбек шежіресімен астасып жатыр.

Шакиржан ақсақал да жастайынан еңбекке араласып, түрлі салада жұмыс істеген. Соның ішінде көлік саласындағы қызметі мен автобус паркінде атқарған жұмыстары оның еңбек жолында айрықша орын алады. Қай салада жүрсе де, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбекті басты ұстаным еткен.

Қарияның бау-бақша өсіруге деген қызығушылығы да көп жылғы еңбектің нәтижесінде қалыптасқан. Ол 1980 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан жүзім көшеттерін әкеліп, өз ауласына отырғызған. Содан бері жүзім өсіруді үзбей жалғастырып келеді. Қазір ауласында «Хусайн» жүзімінің бірнеше түрі өседі.

Жүзіммен қатар, бақшасында көкөніс, құлпынай, қауын-қарбыз егіп, алма, алмұрт, шие ағаштарын да баптайды. Ауланың сәнін келтіріп тұрған раушан гүлдері, шырша мен туялар да қарияның ұқыптылығы мен өсімдікке деген ықыласын аңғартады. Әрбір көшеттің жайқалып өсуі үшін уақытында суарып, түбін қопсытып, күтімін жасау керектігін жақсы біледі.

– Өсімдік күтімді қажет етеді. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар. Уақытында суарып, топырағын қопсытып, аурудан қорғап отырсаң, еңбегіңнің нәтижесін көресің. Жерге мейіріммен қарау керек. Қандай істі қолға алсаң да, оны тиянақты атқарсаң ғана жемісін береді, – дейді Шакиржан ақсақал.

Оның өміріндегі есте қалған сәттердің бірі – 1981 жылы Бауыржан Момышұлымен кездесуі. Сол жылы «Достық» мәдениет үйінде өткен кездесуде даңқты батырды көру бақыты бұйырған. Бұл оқиға ардагердің жадында әлі күнге дейін жаңғырып келеді.

Отбасында айтылатын әңгімелерге қарағанда, Бауыржан Момышұлы жас кезінде аудандық партия комитетінде және өзге де мекемелерде қызмет атқарған кезеңдерінде Шакиржан ақсақалдың атасы Мамаджанның үйіне түскен екен. Осындай естеліктер әулеттің өткен тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізіп, туған жердің тұлғаларына деген құрметті арттыра түседі.

Шакиржан Мамаджанов еңбек ардагері ретінде қоғамдық өмірден де қол үзген емес. Ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, ел ішіндегі игі істерге атсалысып келеді. Өмірден түйген тәжірибесі мен көрген-білгенін кейінгі буынға айтып, үлкеннің өнегесін дәріптеуді маңызды санайды.

Бүгінде сексенге таяған қарияның күнделікті тірлігі – бау-бақшасын күту, жеміс ағаштарын баптау, ауласын таза ұстау. Бір қарағанда, қарапайым көрінетін бұл тіршіліктің астарында еңбекке деген сүйіспеншілік пен өмірге құштарлық жатыр. Шакиржан ақсақалдың ғұмыры адал еңбектің қадірін түсініп, туған жердің тарихын қастерлеп, ұрпаққа өнеге қалдырудың жарқын үлгісі.