Ветеринария саласындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде

0 10

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстарға арналған баспасөз брифингі өтті. Брифингте облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев өңірдегі эпизоотиялық ахуал, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық нысандардың құрылысы және мамандарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бақыт Аязұлының айтуынша, облыстағы ветеринариялық ұйымдар мемлекеттік тапсырыс аясында жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларының алдын алу, оларды анықтау мақсатында профилактикалық-диагностикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар мал саулығын сақтау мен өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мәселесі де назарда екен. Атап айтқанда биыл 1,3 миллион бас төлді бірдейлендіру жоспарланған болса, жыл басынан бері оның 1 миллион 217 мың 427-сі есепке алынып, дерекқорға енгізілген. Жалпы, облыс бойынша бірдейлендіру дерекқорында 4,5 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Оның ішінде 496 мыңнан астам ірі қара, 3,8 миллионға жуық ұсақ мал, 223 мыңнан астам жылқы және өзге де жануарлар бар.

Мал арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қолға алынған. Биыл жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы 16,3 миллион вакцинация және 5,3 миллион диагностикалық манипуляция жүргізу жоспарланып отыр екен. Қазіргі уақытқа дейін вакцинация бойынша 10,3 миллион, диагностика бойынша 4,2 миллион манипуляция орындалған.

Басқарма басшысының мәліметінше, облыс аумағында сібір жарасы бойынша 189 көмінді тіркелген. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда ұсталып, күтіп-ұстау және залалсыздандыру жұмыстарына жыл сайын қаражат бөлінуде. Биыл осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 12,1 миллион теңге қарастырылған. Көмінділердің барлығы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіліп, талапқа сай қоршалған. Қауіпті аймақ екенін ескертетін арнайы тақтайшалар орнатылған. Сонымен қатар, жыл сайын көмінділер маңынан топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексерілуде. Зерттеу нәтижелері теріс болған.

Сондай-ақ талапқа сай келмейтін 116 көміндінің қоршауын жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Бұл жұмыстар облыстық ветеринариялық станцияның ішкі қаражаты есебінен жүргізілген. Бақыт Бетбаевтың айтуынша, 2026 жылы ауыл шаруашылығы жануарлары арасында сібір жарасының қоздырғышы анықталмаған, ауру ошағы тіркелмеген.

— Ветеринариялық инфрақұрылымды жаңарту да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда аудандарда орналасқан 160 ветеринариялық пункттің бірқатарының орнына заманауи нысандар салу көзделген. Бүгінде 30 ветеринариялық пункт пен 11 биотермиялық «Беккари» шұңқырының құрылысы аяқталуға жақын. Аталған нысандарға республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер арқылы 1 миллиард 169 миллион теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, облыста биологиялық қалдықтарды өртеуге арналған бес жылжымалы және 15 стационарлық инсинератор пеші бар. Олардың барлығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экологиялық қорытындылары алынды. Бұл жабдықтар ветеринариялық қалдықтарды қауіпсіз жоюмен қатар, ақылы қызмет көрсетуге де мүмкіндік береді, — деді спикер.

Облыстық ветеринариялық станцияның ақылы қызмет көрсету көлемі де артып келеді екен. Кәсіпорын 2024 жылы 13,4 миллион теңгенің қызметін көрсетсе, 2025 жылы 123,2 миллион теңгенің қызметін көрсеткен. Биыл бұл көрсеткішті 152 миллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр екен. Қазіргі уақытта ақылы қызметтерден 89 миллион теңге түскен. Оның 70,2 миллион теңгесі қора-жайлар мен аумақтарды кенеге қарсы залалсыздандыруға, 18,8 миллион теңгесі өзге де ақылы қызметтерге тиесілі.

Ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Былтыр облыстық бюджет есебінен 820 миллион теңгеге 100 «Нива» автокөлігі сатып алынып, ветеринариялық қызметтің қажеттілігіне берілген. Сонымен қатар, 13,6 миллион теңгеге 160 термочемодан алынған. «Жамбыл инвест» дирекциясының демеушілігімен сала мамандары 1150 жазғы-қысқы арнайы киім жиынтығымен және сонша жұп арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етілген. Биыл вакцина тасымалдауға арналған рефрижератор автокөлігін сатып алу үшін облыстық бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, жеткізілген. Сондай-ақ Тараз қаласындағы екі және аудандардағы он ветеринариялық бөлімге ноутбуктер мен принтерлер берілген. Облыстағы барлық 160 ветеринариялық пункт препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен және компьютерлермен қамтамасыз етілген.

Бақыт Бетбаев ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты, жағдай күнделікті бақылауда екенін атап өтті.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері салаға қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, басқарма басшысынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.