Аймақтағы кәсіпорындарды қуат көзімен қамтамасыз етеді

0 16

Облыста өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Тараз» индустриялық аймағында салынып жатқан қуаты 45 МВт электр станциясы. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеев құрылыс алаңына барып, жұмыстың барысымен танысты.

Жаңа электр станциясы индустриялық аймақтағы кәсіпорындарды қажетті қуат көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысан іске қосылғаннан кейін жалпы инвестициялық құны 235,6 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаны электр энергиясымен қамту жоспарланып отыр. Бұл өндірістік нысандардың жұмысын жолға қоюға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.

Құрылыс жұмыстарын «АСПМК-519» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті электр жабдықтары да толық жеткізілген.

Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімі жұмыстың сапасына айрықша мән беру керектігін ескертті. Ербол Қарашөкеев мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс-монтаж жұмыстарын жоба талаптарына сай жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ жұмысшылар санын көбейтіп, құрылыс қарқынын арттыру және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Жоспарға сәйкес, электр станциясы 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін іске қосылуы тиіс. Оның уақытылы пайдалануға берілуі индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етудегі маңызды қадам болмақ.

Жалпы, «Тараз» индустриялық аймағында инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 303 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар толық іске қосылғанда 2 659 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Өңірдегі индустриялық аймақтардың дамуы инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігімен де тығыз байланысты. Бүгінде облыста мұндай аймақтардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 276 гектарды құрайды. Оның 87,5 пайызы игерілген.

Өндіріс орындарына қажетті инфрақұрылымды уақытылы әзірлеу – инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі. Сондықтан қуатты электр станциясының құрылысы индустриялық аймақтың мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жаңа кәсіпорындардың жұмысын жолға қоюға да негіз болмақ.