Жүлделі орын – жігерлі ойынның жемісі
Облыс әкімдігінің командасы республикалық деңгейдегі футзал додасында жүлделі орыннан көрінді. Қонаев қаласында өткен «QQC FUTSAL SUPER CUP 2026» турнирінде жерлестеріміз үшінші орынға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады.
10-14 қыркүйек күндері ұйымдастырылған жарысқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың өкілдерінен жасақталған 15 команда қатысты. Алаңдағы бәсеке оңай болған жоқ. Әр ойын сайын командалар өздерінің ширақ қимылын, тактикалық дайындығын және жеңіске деген жігерін көрсетуге тырысты.
Жамбылдық футзалшылар да жарыс барысында ұйымшылдық танытып, әр кездесуде бар мүмкіндігін салды. Нәтижесінде команда үздіктер қатарынан табылып, турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізді.
Жарыстың қорытындысы бойынша елордалық «Abyroy» командасы чемпион атанды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің командасы екінші орынға жайғасты. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің және «Қазақтелеком» АҚ командалары үшінші орынды бөлісті.
Жамбылдықтар арасынан Елеман Төлегеновтің еңбегі де ерекше аталды. Ол турнирдің «Үздік қақпашы» номинациясына ие болып, қақпадағы сенімді ойынымен көзге түсті.
Команданың жаттықтырушысы Ерқасым Ешенқұлдің айтуынша, спорт ұжым мүшелерінің күнделікті өмірінен берік орын алған. Жұмыспен қатар спортпен айналысу қызметкерлердің шымырлығын арттырып қана қоймай, ұжымдық ауызбіршілікті де күшейтеді.
– Команда мүшелері жұмыспен қатар спортты да серік етіп келеді. Мұндай жарыстар өзара тәжірибе алмасып, ұйымшылдықты арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да түрлі додаларда Жамбыл облысының намысын лайықты қорғауға күш саламыз, – дейді ол.
Республикалық турнирдегі бұл нәтиже – жамбылдықтардың спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігінің тағы бір көрінісі. Алдағы жарыстарда команда бұдан да биік белестерді бағындыруды көздейді.