Ел болашағына жасалған таңдау

0 11

Облысымызда Құрылтай депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңір тұрғындары өз азаматтық ұстанымдарын білдірді. Маңызды саяси науқанға жамбылдықтар да белсенді қатысып, елдің ертеңіне қатысты таңдауын жасады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №35 сайлау учаскесіне барып, өз дауысын берді. Өңір басшысы сайлау учаскесінде азаматтарға жасалған жағдаймен танысып, дауыс беру рәсіміне қатысты.

Дауыс бергеннен кейін облыс әкімі Құрылтай сайлауының ел өміріндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саяси науқан – әр азаматтың мемлекет болашағына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды кезең.

– Бүгін біз тек дауыс бермейміз. Елдің болашағы алдындағы жауапкершілігімізді көрсетеміз. Қастерлі Отанымызда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың берік негізі – жаңа Конституция. Ал Құрылтай – халықтың пікірін естіп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институт, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы сондай-ақ әулиеаталықтарды сайлау үдерісіне белсенді қатысып, өз азаматтық таңдауын жасауға шақырды. Себебі елдің саяси және қоғамдық өміріндегі маңызды шешімдерге әр азаматтың қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Құрылтай сайлауы – еліміздің саяси жаңғыруы жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа институттың қалыптасуы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайтып, халықтың ұсынысы мен пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, облысымызда сайлаушылардың дауыс беруі үшін 520 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Өңір бойынша 730 мыңнан астам азаматтың сайлау құқығы бар. Сайлау күнгі жамбылдықтардың белсенділігі – олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, болашаққа қатысты маңызды шешімдерге өз үлесін қосуға дайын екенін көрсетті.