Құрылтай

Жер сілкінісі кезінде дәрігерлер науқасты денесімен қалқалап қалды

0 13

Жапонияның «NHK» телеарнасы Яцусиро қаласындағы «Kumamoto General Hospital» ауруханасының операция бөлмесінде болған қуатты жер сілкінісі кезіндегі әсерлі бейнежазбаны жариялады.

Жапонияның оңтүстік-батысында болған жер сілкінісі кезінде аталған ауруханада бір мезгілде төрт ота жасалып жатқан.

Жарияланған бейнежазбада жер сілкінісі басталған сәтте операция үстелінің үстінде ілулі тұрған медициналық құрылғылар қатты шайқалып, едендегі жабдықтар жан-жаққа шашылғаны көрінеді.

Осы кезде дәрігерлер құлап кетуі мүмкін жабдықтардан қорғау үшін науқасты өз денелерімен қалқалаған. Ал, медбикелер науқасты қажет болған жағдайда эвакуациялауға жолды тез арада босатқан.

«NHK» мәліметінше, ауруханада жүргізілген төрт операцияның барлығы сәтті аяқталған.

Жер сілкінісінен кейін электр энергиясы мен су уақытша өшкендіктен жоспарлы қабылдау тоқтатылды. Алайда, көп ұзамай аурухана резервтік электр және су жүйелеріне қосылып, науқастарды қабылдау қайта жалғасты.