Құрылтай

Испаниялық газет Димаш туралы көлемді мақала жариялады

0 18

Испаниядағы ұлттық «El Mundo» газетінің жаңа нөмірінің мұқабасына Димаш Құдайбергеннің суреті жарияланды. Сондай-ақ оның шығармашылық жолы мен халықаралық танымалдылық феноменіне арналған көлемді мақала оқырман назарына ұсынылды.

Мақала авторы, журналист Ракель Р. Инсертис Димаштың Испаниядағы ресми фан-клубының мүшелері Мария Хосе, Кристина, Льюиса және Агустинмен сұқбаттасқан. Олардың өмірлік тәжірибесі мен әсерлері арқылы басылым Қазақстан өнерпазының шығармашылығы әртүрлі жас пен түрлі кәсіп иелерін қалай тоғыстырғаны, әлемнің сан алуан еліне саяхат жасауға ынталандырғаны әрі Қазақстанның мәдениетімен таныстырғаны жөнінде баяндайды.

Мақалада Димаштың алғашқы шығармашылық жетістіктерінен бастап, «Singer» 2017 халықаралық музыкалық байқауындағы жеңісі мен әлемдік деңгейдегі мойындалуына дейінгі өнер жолы жан-жақты сараланған. Басылым әншінің ерекше вокалдық диапазонын, сан алуан музыкалық жанрлардағы шеберлігі мен оның халықаралық тыңдармандар аудиториясының тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтеді.

«El Mundo» газеті Испаниядағы «Dears» қауымдастығына да айрықша назар аударған. Басылымның мәліметінше, ресми фан-клуб жүздеген жанкүйердің басын біріктірсе, интернет-қауымдастықтың қатысушыларының саны шамамен 18 мың адамға жеткен. Олардың көпшілігі Димаштың әртүрлі елдерде өтетін концерттеріне тұрақты түрде қатысып, мұндай сапарларды «Димаш туризмі» деп атайды екен.

Сонымен қатар мақалада режиссер Давид Коллантес түсірген, Димаштың испаниялық жанкүйерлеріне арналған «Al compás de su voz» («Оның дауыс ырғағымен») деректі фильмі туралы да баяндалады. Фильмде Димаштың музыкасы әртүрлі елдердің тұрғындарын біріктіріп, олардың өмірінің маңызды бір бөлігіне айналғаны көркем түрде көрсетіледі. Фильмнің тұсаукесері қыркүйек айына жоспарланған.