Кітап оқу ұлттың рухани және интеллектуалдық әлеуетін арттырады
Елімізде соңғы жылдары кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, халықтың рухани дамуына ықпал ету, білімді, әрі ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу бағытында бірқатар игі бастамалар жүзеге асырылуда. Іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес атқарылуда.
Президент Жарлығын жүзеге асыру мақсатында облысымызда қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі Абай атындағы орталық кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп, ардагерлер мен жастардың басын қосқан «Даналық мекені – кітап әлемі» атты әдеби-танымдық кеш өткізді.
Тағылымды кездесуді кітапханашы Анар Тілеген жүргізді. Ол кітап оқудың адам ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыратынын айта келіп, кештің мазмұнына тоқталды.
– Кітап оқитын адам – ойы терең, сөзі салмақты, дүниеге көзқарасы кең адам. Бүгінгі қонақтарымыз – өмірден көргені мен түйгені мол, кітаптан алған тағылымын кейінгі буынмен бөлісетін ардақты ардагерлер. Кездесудің ерекшелігі – әр қатысушы өзі оқыған бір кітапты таныстырып, оның өміріне қалай әсер еткенін, қандай ой түйгенін ортаға салады, – деді жүргізуші кеш шымылдығын аша отырып.
Алғашқы сөзді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев алды.
– Кітап оқу ұлттың рухани және интеллектуалдық әлеуетін арттырады. Сондықтан қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы –өңірдің рухани өміріне серпін беретін мазмұнды бастама. Кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру, әсіресе жас ұрпақтың білім мен мәдениетке қызығушылығын арттыру – бәрімізге ортақ міндет, – деді төраға.
Кеш барысында әр кітаптың оқырман жүрегінде қалдырған әсері туралы әңгіме өрбіді. Ардагерлер Сауранбек Жамалбеков Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан», Жанат Сарыбекова Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Ханымкүл Бесінбай Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармаларына тоқталды. Олар аталған туындылардан түйген ойларын ортаға салып, кітаптағы тағылымның кейінгі ұрпақ үшін де маңызы зор екенін айтты. Жастарға осы шығармаларды оқып шығуға кеңес берді. Аға буын өкілдері Малтабар Жаманбаев Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Алдаберді Меңлібайұлы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітаптарына шолу жасады. Әңгіме барысында қос шығармадағы адамдық қасиет, жастық шақ, өмір жолы туралы ойлар қозғалды. Ардагерлер бұл туындылардың өздерінің өмірлік ұстанымдарына әсер еткенін тебіреніспен жеткізді. Жастардың да кітап мазмұнына қызығушылық танытып отырғаны байқалды. Өнерпаз ардагер Сатыбалды Досымбеков Илья Жақановтың шығармашылығына кеңінен тоқталып, жазушы-сазгердің «Еділ мен Жайық» әнін орындады.
Кештің мазмұнын кітап көрмесі де толықтырды. Кітапхана қызметкерлері Г. Бименова, Ұ. Байманова және А. Ноғайбаева «Кітап – рухани қазына» атты көрмеге шолу жасап, оқырмандар назарына ұсынылған шығармалар туралы мағлұмат берді.
Кітапхана – халықтың рухани мұрасы жинақталған, өткен мен бүгінді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын орын. Әр кітаптың өз әлемі, өз тағылымы бар. Кеш барысында осы құндылықтың мәні де кеңінен сөз болды.
Әдеби-танымдық кешті Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова қорытындылады.
– Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті» деген тағылымды сөзі бар. Сол өсиетті көздің қарашығындай сақтап, кітаппен достығымызды үзбейік. Бүгін біз кітап жайлы ғана емес, кітап арқылы келген өмір тәжірибесі мен даналық туралы әңгімелестік. Кітап адамның жасын емес, жанын жаңартады. Оқыған сайын ой толысады, ізденген сайын адам рухани өседі. Осындай кездесулеріміз көбейіп, кітап оқитын, ойы зерек, рухы биік ұрпақ қалыптассын, – деген Күләш Әмедияқызы қатысушыларға зор денсаулық, жүректеріне жылу мен мейірім тіледі. Өмірлеріне жақсы адамдар мен жақсы кітаптар серік болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.
«Кітап – ең қымбат сыйлық» деген ұстаныммен қалалық ардагерлер кеңесі Абай атындағы орталық кітапхана қорына бірқатар қаламгерлердің кітаптарын тарту етті.
Қазақ халқы кітапты білімнің, әнді көңілдің азығы санаған. Кештің соңында белсенді ардагерлерден құралған ән-би ансамблі өнер көрсетіп, көпшілікті бір серпілтіп тастады.